Диплом бар, жұмыс жоқ: Еңбек нарығына кадр даярлау қашан реттеледі?
Соңғы бес жылда жоғары білім беру саласына бөлінетін қаржы 246 млрд теңгеден 472 млрд теңгеге дейін, яғни екі есеге жуық өсті. Мемлекеттік грант артты — 77 мың. 625 мың студент бар.
Бірақ осынша қомақты ақшаға қарамастан, оқу орнын бітіргендердің бәрі бірдей мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмайды. Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Қасқинге сілтеме жасаймыз (ол Мәжілісте өткен үкімет сағатында айтты): түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 73–75%-дан 40–41%-ға дейін төмендеген.
Ал әрі қарай қазсақ, сапа, ашықтық және нәтижеге байланысты сұрақтар туады. Демек, жүйелік проблемалар бар және терең. Мысалы, магистратураға түсіп, кейін оқудан шығып кеткенде, оқыған кездегі ақшаны өтеуден жалтару схемасы бар екен. Тек осы санат бойынша ықтимал шығын 11 млрд теңгеге жуық. Ал «Болашақ» бағдарламасы бойынша іріктеудің жалпы критерийлеріне сәйкес келмейтін 340 үміткерге министрлік шешімімен 7,7 млрд теңге стипендия тағайындалған. Жоғары аудиторлық палата мүшесінің баяндамасы «бұл, қалай бұл?!» дейтін мәліметке толы.
Палатаның тұжырымы: жоғары білім беру жүйесі процесті қаржыландырып отыр. Нәтиже емес. Иә, бұл бір күнде пайда болған жоқ. «Әйтеуір жоғары оқу орнының грантын алсақ болды, кейінгісін көре жатармыз» деген стереотип көзқарастан бастап, экономикалық секторларға қарап маман дайындамау, нарықтың қарапайым қағидасы — сұраныс пен ұсыныс ережесінің сақталмайтыны, тағысын тағы. Билік те біледі: көп түлек мамандығы бойынша жұмысқа орналаспайды. Азаматтар да біледі: жұмысқа тұру өте қиын. Бірақ осы сықырлауық «әткеншек» айнала береді. Тақырыптың талдайтын қыры көп.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы