Басты Жаңалықтар Шындықты ту еткен қайсар қаламгер

Шындықты ту еткен қайсар қаламгер

Қазақ руханияты қара жамылды. Халық жазушысы, көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ақсемсер ақынның ғұмыры тек поэзиямен шектелмеген, оның тағдыры тұтас ұлттың рухани тарихымен өрілген. Шындықты ту еткен қайсар қаламгердің үні енді тарихқа айналды.
«Мына жертөле - менің балалық шағым өткен жертөле. Әкем осы жертөлені қаздырып, бірнеше жыл біз осы жертөледе ғұмыр кештік…»
Бозбала шағынан-ақ, елге танылған Мұхтар Шаханов Отырар топырағында дүниеге келіп, Төле би ауданының Қасқасу ауылында өсті. Күш атасы Қажымұқан дәл осы үйге қонақ болып, 5 жастағы бала Мұхтарға, «рухани батыр» болсын, деп батасын берген. Тек қана бұлақтың суын ішіп өскен оның бойындағы болмысы да бөлек қалыптасты. Алғашқы өлеңін де осы Қасқасудың қасында отырып жазыпты. Кейін 16 жасында республикалық газеттерге туындылары жарияланды. 400-ден аса хат алған, Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергенов арнайы іздеп келген. Содан бері рухани байланыс үзілген емес... Ал Шахановтың дарыны даралана түсті.
«Кім шындығын жоғалтып алса,
Ақты ақ, қараны қара деп айтудан қалса...
Яғни, сөзі басқа ісі басқа болса,
Ұлттық, ғаламдық мүддеге тамыр жібере алмаса,
Пенделігі тек өзіне емес,
Қоғамында алдаса,
Ондай ақынның да, ғалымның да, саясаткердің де
Мазмұны, даңқы далбаса...»
Шаханов - шоқтығы биік шығармаларды жазып, ұлттық поэзияға жаңа серпін әкелген тау тұлға. Сөзін де, әнін де өзі жазған «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүл дәурен», «Мен саған ғашық едім» секілді әндерін халық жатқа айтады. Ал «Өркениеттің адасуы», «Ғасырлар тоғысындағы толғау» сынды туындылары оқырман санасына терең ой салып, әлемдік деңгейде қоғамдық пікір қалыптастырды.
Біләл Құдияр, жазушы:

Мен бірнеше романға жүк болатын философиялық ойларды 1-2 шумаққа сыйдырып жіберемін дейді. Бұл рас. Шетел жұртшылығы оны осы тұрғыдан таниды. Оның философиялық ойлары өте терең, мағыналы және әлемнің ұлы тұлғаларының назарын аударған тұлға. Мұқаң өзі айтқандай, оның даңқты өмірі енді басталды, енді жалғасады. «Шахановтану» мектебі енді қалыптасады, енді ашылады. Мұқаңды іздейтін адамдар күннен-күнге арта түседі.
Ол тек ақын ғана емес, ұлт мүддесін қорғаған қайраткер ретінде танылды. Парламент депутаты болып, қазақ тілінің мемелекеттік тіл болып бекітілуін талап етті. 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» кезінде де Шаханов шындықты ашық айтып, жастарды қорғап шыққан санаулы тұлғалардың бірі болды.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
Желтоқсан оқиғасы туралы тұңғыш рет сол жерде өзінің сөзін айтты. Бұл енді ерлік болатын. Егер қазақта жауынгер-ақын, батыр-ақын Махамбет дейтін болсақ, екінші Махамбетіміз біздің - Мұхтар Шаханов еді. «Жалын» деген журналдың кабинетіне бүкіл министрлерді жинап алып, Арал тағдырын айтқан жалғыз ақын осы Шаханов болатын. Шаханов тағы не істеді десе, ол қазақ тілінің, ана тілінің айбары болатын.
Өтеген Оралбайұлы, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
«Жас Алаш» газетінде, ол кезде «Лениншіл жас», біздер Мұхтар Шахановпен мен, Әділғазы Қайырбеков екеуміз арнайы сұхбат жүргіздік. Ол газетте «Тамырыңды тереңге жібер» деген атпен шықты. Сол мақала шыққаннан кейін Мұхтар Шаханов ағамыз алып, Орталық комитетке барып, Өзбекәлі Жәнібеков екеуі Колбиннің алдына барып, мынау халықтың тілегі, сұрап жатқан өтініш деп айтқаннан кейін, 62 жылдан кейін тоқтау салынған әз-Наурыз халқымызға қайта оралды.
Мұхтар Шахановтың шығармалары 50-ден астам тілге аударылып, халықаралық деңгейде жоғары бағаланды. Елі үшін еміреніп, шындықты ту еткен абыз даланың аңыз адамы жұртының жадында жасай бермек. Ал оның тың туындыларын тебірене оқитын жастар көп.




Бөлісу