«Отбасы банк» салымшыларына арналған баспана жәрмеңкесі өтті
Ақтауда «Отбасы банк» салымшыларына арналған жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтті. Оған қаладағы ірі құрылыс компаниялары қатысып, тұрғындарға дайын баспаналар ұсынды. Сондай-ақ «Наурыз» және «Наурыз әскери» мемлекеттік бағдарламалары аясында баспаналы болған салымшыларға және Ақтау қаласы әкімдігі тарапынан берілген жалдамалы пәтерлердің иелеріне кілттер табысталды.
Ақтаулық көпбалалы ана Жансая Сатыбалдиева баспаналы болу үшін алдымен «Отбасы банкте» қаражат жинаған. Биыл «Наурыз» бағдарламасына қатысып бақ сынады. Іріктеуден өтіп, 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізген.
Жансая Сатыбалдиева, Ақтау қаласының тұрғыны:
Осы «Отбасы банкке» 2020 жылы депозит ашып, ақша жинай бастағанмын. Балаларының болашағы үшін үй алайын деп қолыма түскен ақшаны жинай бастадым. Бүгін кілтімді алып, қуанып тұрмын. «Отбасы банк» ұжымына рахмет.
Облыста «Наурыз» бағдарламасына 300-ден астам тұрғын қатысып жатыр. Ал әкімдік тарапынан 100-ден астам көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға жалдамалы пәтерлер берілуде. Одан бөлек, банктің 50/50 стандартты бағдарламасы жұмыс істейді.
Медет Абуғалиев, «Отбасы банк» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының басшысы:
Статистика бойынша, 60-70 пайызы біздің банк арқылы алынады. Неге десеңіз, пайыз мөлшерлемесіне келсек, ең төмені біздікі, себебі біз мемлекеттік банкпіз. Біздің ең бір миссиямыз – әрбір Қазақстанның азаматын тиімді шарттармен баспаналы қылу. Бұл жерде құпия жоқ, ең бастысы ақшаны жинау керек.
Баспана жәрмеңкесінде салымшыларға құжаттары дайын, қолданысқа беруге болатын баспаналар ұсынылды. Шара пәтер іздеп жүрген облыс тұрғындарының уақытын үнемдеу мақсатында өткізілген. Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде 6 мыңға жуық адам жаңа депозит ашып, 600-ге жуық отбасы баспаналы болған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы