Басты Жаңалықтар «SuperStar KZ» байқауының кастингі Қызылорда қаласында жалғасты

«SuperStar KZ» байқауының кастингі Қызылорда қаласында жалғасты

«Qazaqstan» Ұлттық арнасының мегажобасы «SuperStar KZ» байқауының кастингі Қызылорда қаласында жалғасты. 20 жылдан кейін қайта жанданған ең ауқымды өнер бәйгесінде бақ сынауға 150-ге жуық жас ниет білдірді. «Сыр елі жыр елі»  деп жар салған жалынды жастар қазылар алқасын қалай тәнті етті?

Әділбек Серікұлы, тілші:

Таланттардың жұлдызын жағатын «SuperStar KZ» мегажобасының іріктеуіне Сыр өңірінің әр ауыл-аймағынан қыз-жігіттер бағын сынауға келді. Ұлттық арнаның телевизиялық байқауынан көріну үшін жас әншілер түрлі аспапта ән шырқап, қазыларды өнерімен тәнті етуге әзір.

Көптің ішінен дараланған талантты жастың бірі - Арсен Тілекешов. Қармақшы ауданындағы Төретам кентінен келіпті. Қолындағы домбырасын күмбірлетіп, кезегін күтіп толқып жүр. Репертуары да сан алуан. Соның ішінде кезінде SuperStar-дың хит әндеріне айналған туындылар бар. 

Арсен Тілекешов, үміткер:

Фыт-фыт фристайлодан таныдым. Қайтадан басталғанына өте қуандым. Өзімнің бағымды сынап көруге келдім. Тойға шығатын шоуларда жүремін.

Ауыл-аймақтан арман қуып келген жастар бір-бірін демеп, топтасып ән шырқап, кастинг алаңын нағыз думанға бөледі.

Дамир Жаңабайұлы, үміткер:

Ағайын-туыс пен бауырларым өнерге жақын болған соң мен де осы жолды таңдадым. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Өте ұнап жатыр. Қызу дайындық болып жатыр деп айта аламын.

Өнер десе, ішкен асын жерге қоятын талапты жастар ұзын-сонар кезекке тұрып, қазылардың алдында барын салды. Шын мықтылар келесі кезеңге жолдама алды. 

Гүлжайна Есен, үміткер:

«SuperStar KZ» байқауын мен өте ұзақ күттім. Қайтадан келсе екен деп ойлайтынмын. Өте күшті байқау. Қобалжыдым кішкене. Бірақ жақсы айтып шықтым деп ойлаймын.

Өткенге көз жүгітрсек «SuperStar KZ» мега жобасының ең алғашқы жеңімпазы қызылордалық Алмас Кішкенбаев болды. Ұлттық арна қайта жаңғыртқан телевизиялық ән байқауында кімнің бағы жанады? Ол уақыт еншісінде.

Бөлісу