«Таза Қазақстан» экоакциясына 20 мың адам қатысты
Қызылорда облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік өтті. Өңірдегі барлық ауыл-аймақ пен киелі орындардың аумағы қоқыстан тазартылып, айналасы абаттандырылды.
Қала тұрғындары бір күнін тазалық шарасына арнады. Олар шаһар іргесіндегі қорымның айналасын қоқыстан арылтты. Шашылған қоқысты жинап, қураған шөптерді жұлып, арықтарды тазартты.
Мейрамбек Шермағанбет, облыс әкімінің орынбасары:
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарлама аясында облыс тұрғындары тарихи-мәдени ескерткіштерге, киелі орындар мен қасиетті жерлерге, зияраттар мен қорымдардың аумақтарына тазалық, көркейту-көгалдандыру, жөндеу жұмыстарына 20 мыңнан аса адам осы сауапты іске қатысуда.
Ал Жаңақорған ауданында тұрғындар тарихы терең Сығанақ қалашығы мен Сунақ ата, Хорасан ата кесенелерінің аумағын тазалады. Ауыл үлкендерінен бастап жастар да біркісідей жұмыла кетті. Жұртшылық киелі орындардың айналасына көшет отырғызып, көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлді.
Наурызбай Орынбасаров, аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры:
Қасиетті Хорасан ата кесенесіне келіп, ауданымыздың белсенді жастары осында келіп, өз үлесін қосуда. Тазалықты әрқашан жанымызға ту етіп, айналымызды таза ұстауға баршаңызды шақырамыз.
Облыс аумағында 72 нысан киелі орындар тізіміне еніп, мемлекет қорғауына өткен. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірде 200-ге жуық зират пен ескерткіш-кесенелер аумағы қоқыстан тазартылып, тағылымды іс нағыз жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Алдағы уақытта бұл бастама жалғасын табады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы