Көпқабатты үйлердің жертөлелері жерасты суларына толған
Түркістан облысының Жетісай қаласында көпқабатты үйлердің тозығы жетіп, жертөлелері жерасты суына толған. Шағын шаһарда 130-дан аса осындай нысан бар. Тұрғын үйлердің іргетасы шөгіп, қабырғалары үгітіле бастапты. Жергілікті халық өздігінше әрекет етіп, суды сорғызғанымен еш нәтиже жоқ. Тілшіміз Айнұр Әбілқасымқызы баспаналардың қазіргі жағдайын көріп қайтты.
Суды өлшеп жатырмыз суды подвалдағы, тереңдігін көріп жатырмыз. Міне тереңдігі.
Жетісай қаласындағы көпқабатты үйлердің қазіргі жағдайы көңіл көншітпей тұр. Қала аумағындағы дренаждар отыз жылдан бері жөндеу көрмеген соң істен шыққан. Сондықтан жаңбыр жауса жерасты сулары көтеріліп, 8 пәтерлі баспаналардың жертөлесі суға толады. Сол су жылдар бойы көлкіп тұра береді дейді тұрғындар. Базбір үйлерде тереңдігі екі жарым метрге дейін жеткен.
Нұрбек Абдуллаев Жетісай қаласының тұрғыны:
Төрт жыл болды көшіп келгеніме, төрт жылдан бері осы. Өзіміз қалтамыздан тартқызамыз. Әп моторды алқызғанға 5 мың теңге, бензин құямыз. Тартылады, үш күн-төрт күннен кейін қайтып толады. Бір подьезд тартылғанымен, көп қой үйлер жан жағымызда, ананың суы мынаған өте береді фильтрация болып.
Көпқабатты үйдің байырғы тұрғыны Асқар Абуевтың айтуынша, қазір бұл баспаналар апатты жағдайға жеткен. Себебі жылдар бойы тұрған судан үйлердің қабырғалары жарылып, іргетасы үгітіле бастаған. Жөндеуге де жарамай қалды деп ашынады зейнеткер.
Асқар Абуев Жетісай қаласының тұрғыны:
Бір 30 – 50 сантиметрге шөкті фундаменттер. Соның кесірінен полдар көтеріліп, қабырғалар түсіп, қайта қайта жөндейміз. Қайта қайта түседі. Үш-төрт айдың ішінде тағы жөндеуді қажет етіп тұрады.
Жергілікті халық мәселесін айтып әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Халық қалаулыларынан да көмек сұраған. Бірақ нәтиже шықпапты. Ескірген үйлердің шатырлары да тесіліп, жаңбыр жауса пәтерлер суға толатын болған. Ал жертөледегі жағымсыз иіс қолқаны қабады дейді жергілікті халық.
Ұмсынай Мырзаева, Жетісай қаласының тұрғыны:
Астындағы көлдеген су соншалықты астындағы тышқанымыз бар, тараканымыз бар, масамыз бар барлығы үйге кіріп жатыр. Оның ішінен иіс шыққан кезде мына бірінші этажда отыру мүмкін емес. Кішкентай балаларды масалар талап тастайды. Үйде бірінші этажда масахана құрып отырады. Тышқандарымыз екінші этажға өрмелеп жатыр.
Көпқабатты үйлердің өзекті проблемасын қала әкімі келіп көрді. Айтуынша 50-60 жыл болған баспаналар әбден тозығы жеткен. Сондықтан тұрғындар тарапынан шағым көп.
Нұрлыбек Бахтияров, Жетісай қаласының әкімі:
Уақыты келе жерге шөгіп жатыр. Немесе жерасты сыростьттан дуалдар үгітілген жерлер бар. Олардың барлығын біз актілеп, жарамсыз күйге енген жағдайда орнына басқа үй салып, беретін жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Ал дренаждар мәселесі қаражатқа байланып тұр. Қалада жеті дренаж болса, соның үшеуі тозығы жетіп, істен шыққан. Оларды жөндеуге жоба жасалып жатыр дейді мамандар. Шаһардың ирригациялық жүйелері де ескірген. Жаңбыр жауса ағатын арықтар болмағандықтан су жертөлелерге жиналады.
Нұрдәулет Ікімат, Жетісай аудандық ТҮКШ, тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:
Қазіргі таңда Жетісай қаласындағы барлық ирригациялық жүйелер мен дренаждарды қайта құру жұмыстарын жүргізу үшін жобалау сметалық құжаттар әзірленуде. Алдағы уақытта қажетті қаржы көлемі анықталып, құрылысына қаржы бөлініп, дренаждар іске қосылған соң, бұл мәселе толықтай шешіледі.
Жауаптылар уәдені үйіп төккенімен, тұрғындар оған сенуден қалған. Дренаждарға қаражаттың қашан бөлінетіні де белгісіз. Сондықтан пәтер иелеріне күтуден басқа амал қалмай тұр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы