Педагогтерді бағалау жүйесі өзгерді: Жаңа тәртіп қандай?
Жұмыс істеп жүрген тәжірибелі педагогтер үшін пәндік біліктілік тесті алынып тасталды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «Сүйінші!» деп хабарлады. Біздің бағдарламаға берген комментарийінде былай деп түсіндірді: «Біліктілік тесті білім сапасына әсер етпеді. Біліктілік тесті бизнес тетігіне айналып кеткенін байқап жатырмыз».
«Мұғалімдерді аттестациялау толық алынып тасталған жоқ, бірақ жүйеге елеулі жеңілдіктер енгізіледі. Мұғалімдердің біліктілігі тестсіз-ақ бағаланады»- деп қосты. Дегенмен «Қалай болар екен?» дейтіндер де бар. Олар «Математикадан сабақ беретін, бірақ есеп шығара алмайтын, физикадан беретін, бірақ физиканы түсінбейтін мұғалімдер» туралы айтады.
Иә, кездейсоқ мұғалім болу, жеткілікті білім алмай мұғалім болу, пара беріп мұғалім болу таңдандырмайтын фактіге айналды. Сондықтан олардың деңгейін тексеру басталды. Бірақ аттестация ашық әрі әділ жүрді ме? Керісінше, білікті ұстаздардың өзін күйзелеске түсірді.
Бірақ мұғалімнің білігі, пайымы, өресі – өте маңызды. Оны бағалаудың тиімді тетігін тауып қосу оңай емес. Іші қылп ете қалатындарды азайту да. Раушан Сайлауқызы таразылайды.
7 сәуір, кешқұрым. Оқу-ағарту министрі желідегі парақшасына сүйінші жаңалығын жариялады.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Құрметті ұстаздар сіздерге арналған сүйінші жаңалықпен бөлісемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылды.Ал енді ұстаздардың пікіріне келейік. Бір жартысы алақайлап жатса:
Әлеуметтік желідегі пікірлер:
Жібек Жексен: Дұрыс болды. Тестті алып тастасын, рахмет сізге. Керемет жаңалық!Енді бір тобы «Бұл қалай болады?»- деп абдырап қалды.
Гүлмира: Рахмет! Күшті жаңалық. Енді мұғалімдерді 58 жастан зейнетке шығаруды қолға алсаңыз.
Әлеуметтік желідегі пікірлер:
Арай Арғын: 1 жыл дайындық деп ұйықтамаған түндер мен кеткен күш энергияны денсаулық пен жүйкені есептемегенде жақсы жаңалыққа не күлерімді, не жыларымды білмей отырмын.Педагогтердің білімін бақылау тестін ұстаздар 2018 жылдан бері тапсырып келді. Яғни әр 5 жыл сайын өтетін сынақты сәтті тапсырса дәрежесі өседі. Айлығы да артады. Әуелі педагог, сосын 2 жылдан соң модератор, кейін бес жыл сайын сарапшы, зерттеуші, шебер санаттарын сатылап қорғайды. Тесттен өтпесе, категориясы төмендетіліп, ақшасы да кемиді. 30 жылдық тәжірибесі бар тарих пәнінің мұғалімі Зәмзәгүл Қиянованың айтуынша тест арқылы бағалау – онсыз да жүктемесі көп ұстаздарға оңай емес.
Динара Талғатқызы: Мұғалімнің кәсіби деңгейін анықтау үшін тест жүйесі болғаны дұрыс деп санаймын.
Зәмзәгүл Қиянова, №97 мектеп-лицейінің директоры:
Тестке дайындалады. Бірақ, сол күні мектепте көп іс шара болады. Ойымыз көп бөлінеді. Сол кезде дайын болмай қалып, өте алмай қалса мұғалімге де қиын ғой. Сондықтан тесттен көрі жетістікпен бағаланғаны жақсы, тәжірибелі, үлкен мұғалімдерге сол дұрыс.Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Біздің алдымызда тұрған басты мақсат - балаларға сапалы білім беру, саналы тәрбие беру үшін жағдай жасау. Міне осы тұрғыда қандай шешімдер қабылдау керектігін министрлік жақсы біледі деп ойлаймын.
Ал министр Жұлдыз Сүлейменова бұл шешім енді өзгермейді деп отыр.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Тест қалмайды. Тест туралы шешім нақты және ол нақты зерделеніп қабылданған шешім.Дегенмен білім саласының сарапшылары бұған түбегейлі қарсы.
Айдос Жұманазаров, Білім саласының сарапшысы:
Ащы шындық мынада, математика пәндерінің мұғалімдері бар. Математика сабағын білмейтін. Физика пәнінің мұғалімдері бар, физиканы түсінбейтін. Олар оқушыларға сабақ беріп жатыр. Ондайлар біреу емес, екеу емес қаншама мыңнан асады.Өмір Шыныбекұлы, Білім саласының сарапшысы:
Аттестация тоқтап жатқынанына қуанып жатқан кімдер? Өзінің сауатына, сенімсіз болмаса дипломды сатып алған басқа жолмен алған мұғалімдер. Аттестация деген қамшылау. Егер тоқтататын болса бізде білім құрдымға кетеді. Себебі, мұғалімге өсуге деген, өзін-өзі жетілдіруге деген мотивация да, қамшылау да қалмайды.Сарапшылардың айтуынша, сырттай білім алу 2019 жылы тоқтатылғанымен, кезінде біраз ұстаз осы форматта білім алды. Тіпті, кей өңірлердегі ұстаздардың 50 пайызы сырттай оқыған деседі. Соның салдары ма, әлде ЖОО педагогтерді дұрыс дайындай алмай жатыр ма, әлде жалған дипломмен білім алғандар көп пе - әйтеуір, бұған дейінгі тест нәтижесінің өзі-ақ ұстаздардың білім деңгейін көрсетіп берді.
Айдос Жұманазаров, Білім саласының сарапшысы:
Бір аудан болып, бір ауыл болып өте алмай қалған жағдайлар өте көп.Оралтай Жолымбаев, Ш. Құдайберді ұлы атындағы университеті педагогикалық зерттеулер институтының басшысы, профессор:
Мысалыға бір университеттің бітірген түлегінің 90 пайызы құлап қалғанын білемін. 23 жылға қортынды жасаған кезде сондай түлектер бар. Әлі де ондай университеттер өздерінің түлектерін шығарып жатыр.2021 жылы мұғалімдердің 32 пайызы минималды балл жинаған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 25 пайыздан сәл асты. 2024 жылы, мұғалімдердің 56 пайызы, биыл ақпан айынының өзінде мұғалімдердің 80 пайызы тесттен өтпеген. Министрдің айтуынша, бұған ұстаздар кінәлі емес. Мәселе, сол тестінің мазмұны мен сапасында болып отыр.
Аттестациялауды тоқтатудың да басты себебі осы.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Біліктілік тесті білім сапасына әсер етпеді. Біліктілік тест бизнес тетігіне айналып кеткен фактілерді байқап жатырмыз. Бұл нені көрсетеді?Бұл жерде мұғалімнің білімінің сапасы емес, сол пәнге баланысты емес тест, бизнестің тетігіне айналғанын байқап тұрмыз. Егер бірінші мәрте тест тапсыра алмаса, мұғалімге 2-3 мәрте тапсыруға ақылы негізде мүмкіндік береді. Сөйтсе сол сұрақтарды тәжірибелі педагогтердің өздері даярлайды екен.Наужан Дидарбекова, ҚР ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары:
Тест тапсырмаларын әзірлеу үшін білім басқармалары ұсынған мектептің мұғалімдері, колледж мұғалімдері, сонымен қатар кейбір пәндер бойынша ЖОО оқытушылары ұсынылады. Сапасы жағынан оларды жоғары деңгейде деп айтуға болады.Раушан Сайлауқызы, тілші:
Сонымен министрдің айтуынша, тесттің айналасында «нарық» қалыптасқан. Алдын-ала дайындалып, курстарға қатысу да ақша, құлап қалсаң қайта тапсыру да ақша. Тіпті, тест сұрақтары мен жауаптарын сататын делдалдар да пайда болған және бұл үрдіс жылдар бойы жалғасқан.. Яғни коррупция өркендеп, педагогикалық мәдениет те әлсіреді. Оның үстіне, 600 мың ұстаздың 65 пайызы ауылда жерде тұрады. Олар тест тапсыру үшін аудан орталығына баруы керек. Осы мәселелер ескеріле келе енді аттестациядан тек оқуын енді аяқтаған жас мұғалімдер, мектеп басшылары мен орынбасарлары және әдістемелік орталықтардың әдіскерлері ғана өтеді. Сондай-ақ осы сәуірде бірінші рет тіркелген мұғалімдер тест тапсырады. Ал ағымдағы оқу жылында шекті балл жинай алмаған 29 мың мұғалімнің білігі жаңа оқу жылында жаңа ережеге сәйкес бағаланады.Жаңа ереженің мазмұны мынадай:
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Жаңа аттестацияда модератор үшін 4 ашық сабақ енгіземіз. Яғни мұғалім өзінің сыныбында ашық сабақ береді. Сол ашық сабақ бағаланады. Одан бөлек оның тәрбие сағаттары сол сынып жетекшісімен немесе өзінің сабақ беріп жүрген өзі тәрбие сабақтарын өткізеді. Мұғалімнің жалпы әдістемелікжұмысына баға береміз. Оның жалпы мектептегі жұмысына баға береміз. Балаға білімін жеткізудегі динамикасына сонымен оның ашық сабақтағы тәрбие сағаттарны бағалайтын боламыз.Модератордан өзге сарапшы, зерттеуші, шебер санаттарының дәрежесіне қарай, ашық сабақ саны да артады, талабы да қиындайды. Мысалы, ұстаздардың ашық сабақтан өзге сыныптан тыс іс-шара өткізгені, біліктілігін арттырғаны, танымал журналдарға шыққан мақалалары, магистрлік, докторлық дәрежелері, тіпті тіл білудегі деңгейі ескеріледі. Бірақ, мұны естіген ұстаздар қауымы тағы да алаң-елең күйге түсті.
Әлеуметтік желідегі пікірлер:
Бағдат: аттестацияның жаңа талаптарының жұмысын көріп шок болып отырмын. Докторанттың еңбегін сұрап, мұғалімнің ақшасын төлейін деп жатыр.Ал министрліктің мәліметінше, жаңа ереже әлі де пысықталады. Бекіген жоқ. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көрші Өзбекстан, Қырғызстаннан бастап, Оңтүстік Корея, Жапония, АҚШтың кей штаттарында мұғалімдер жұмысы тест арқылы бағаланады. Ал білім жүйесі ең тиімді саналатын Финляндияда мұғалімдер ешқашан формальды аттестациядан өтпеген. Бұл елде бағалаудың кең таралған тәсілі – оның сабағына қатысу. Негізі әу бастан мұғалім іріктеуге қатты мән береді. Германияда дәл солай. Мұнда ұстаздарды кемі 5-7 жыл оқытады. Білім сапасы бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарына кірген Эстонияда да осыған ұқсас жүйе. Міндетті аттестация жоқ, мұғалімдер портфолио жинау арқылы ерікті түрде біліктілігін растайды. Оқыту мен оқу үдерісі бойынша (OECD TALIS) 2024 зерттеуіне сәйкес әлемдік тәжірибеде шамамен 15–20% пайызы тест немесе емтихан форматында өтеді, қалғаны ашық сабаққа қатысу, мектеп әкімшілігінің бағасы, оқушы нәтижелері арқылы бағаланады.
Гүлзахи Ускенова : Ұсынылып жатқан аттестация жобасы жоба күйінде қалсын. Жеңілдеткен ешнәрсесі жоқ. Керісінше. Ғалым-докторлар мақала жариялай алмай жүргенде мұғалім қалай жариялайды?! Қанша сыныптан тыс ашық сабақ, қанша ашық сабақ деп белгілегендеріңізді ойланып көрсеңіздерші.
Сунликз: Мектептен кетемін,бұл жүйе жүйкені тоздырды. Денсаулық керек.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Түптеп келгенде, білім берудегі басты нысана – баланың жайы көлеңкеде қалмаса болғаны. Ұстаздардың білім деңгейі есептен емес, баланың білімінен-ақ көрінеді, негізі. Сауатты мұғалім қалай да шәкірттерін алға сүйрейді. Жалпы мұғалім деген мемлекеттің, қоғамның тағандарының бірі. Мықтыларын бюрократия машинасы да таптай алмайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы