Солтүстікте агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері талқыланды
Еліміздің барлық өңірлерінде көктемгі егіс науқаны аяқталды. Биыл диқандар 23,8 млн гектар жерге тұқым септі. Саланы әртараптандыру мақсатында дәнді дақылдар көлемі қысқартылып, майлы дақылдар алқабы ұлғайтылды. Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Президенттің агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру және отандық шикізатты терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.
Солтүстік Қазақстан облысы сүт өңдеу көрсеткіші бойынша республика көлемінде екінші орында. 100-ден астам тауарлы сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Олжас Бектенов Есіл ауданындағы Корнеевка ауылында орналасқан шаруашылық жұмысымен танысты. Мұнда бар шаруаны заманауи техника атқарады. Сауын процессін цифрлық платформа басқарады. Автоматты жүйе өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Орталық және Шығыс Азия елдері арасында аусылдан таза жалғыз мемлекет мәртебесіне ие болды. Аса қауіпті аурулардың таралу деңгейі төмендеп келеді. Соңғы 3 жылда Солтүстік Қазақстан облысында бруцеллез 12 есе азайды. Биыл республикалық бюджеттен 59 ветеринариялық нысан салуға 1,8 млрд теңге бөлінді.
Тауарлы сүт фермаларын дамыту агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізу жөніндегі Президент тапсырмасына сай келеді. Мұндай жобалар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етеді және ауылда тұрақты жұмыс орындарын ашады. Шаруалар мемлекеттік қолдаудың шарапатын көріп отырғандарын атап өтті.
Біржан Шәймерденов, серіктестік директоры:
Үкіметің көп көмек болғаннан кейін біз ауылға көп қараймыз. Жылда-жылда үйлер салынады, үлкен-үлкен ғимараттар салынып жатыр. Спорт комплекс салды, мәдениет үйі салынды. Мемлекеттің енді беріп жатқан көмегін пайдаланып жатырмыз біз.
Премьер сапары барысында көктемгі егіс қорытындысы мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша кеңес ұйымдастырылды. Жиында мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шауашылығы саласын жоғары технологиялы экспорттық салаға айналдыруды тапсырды. Осы мақсатта үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жыл бойы жұмыспен қамтуды реттеуі тиіс. Бұл басты талап. Оны орындамағандарға қатысты жерді қайтарып алу шаралары қарастырылатынын ашық айтқым келеді.
Жиында су ресурстарын тиімді пайдалану, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру шаралары да талқыланды. Соңғы екі жылда елде 540 жаңа нысан іске қосылды. Олжас Бектенов азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын енгізу, сондай-ақ ауылдағы өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Жұмыс сапары аясында Премьер-министр Qyzyljar арнайы экономикалық аймағына барып, өңірдегі индустриялық жобалармен танысты. Мұнда Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмалары аясында тамақ өндірісі, машина жасау және шикізатты қайта өңдеу бағыттарында бірқатар ірі жобалар іске асырылуда.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы