Басты Жаңалықтар Әскердегі жасанды интеллект: Болашақ сарбазы қандай болады?

Әскердегі жасанды интеллект: Болашақ сарбазы қандай болады?

Қазақстан армиясы жаңа кезеңге қадам басты. Енді әскери қызмет тек саптық дайындықпен шектелмейді. Сарбаздар дрон құрастырып, оны басқарады, жасанды интеллектпен жұмыс істейді, киберқауіпсіздік негіздерін меңгереді. Осы мақсатта Қорғаныс министрлігі  SARBAZ+ жобасын іске қосты. Бұл жөнінде орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте  Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев мәлім етті. Вице-миинистрдің айтуынша, мамандарды даярлау үшін байланыс, телекоммуникация, ұшқышсыз авиациялық жүйелер және жасанды интеллект бағыттары бойынша цифрлық сыныптар ашылған. Оқу нәтижесінде сарбаздар халықаралық сертификаттарға ие болады. Бұл олардың әскери борышынан  кейін жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттырады. Брифингте «SHAIQAS-2026» чемпионаты өтетіні де мәлім болды. Жарысқа қатысушылар дрондарды жинап ұшырады, барлау жасайды, координаттарды жібереді. Сондай-ақ роботтарды құрастырып, киберқауіпсіздік бағыты бойынша бақ сынасады. Жарыстың жүлде қоры қомақты. 10 млн теңге.

Дархан Ахмедиев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

Жүлде қоры 10 млн теңге. 15 маусымға дейін тіркелу ашық. Командалар 15-не дейін өтініштерін бере алады. Тамыз айында финал болады. Одан өткендерді біз өзіміздің батыл тойтарыс деген жарысқа шақырамыз. Бұл жас инженерлер үшін жақсы бір дода.

Әскердегі бір жыл енді тек әскери тәжірибе ғана емес, жоғары білімге апарар мүмкіндікке айналды. Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсуге болады. Осы мақсатта «Sarbaz 2.0» цифрлық платформасы іске қосылған. Жүйе әскери қызметтегі жетістіктерді автоматты түрде бағалап, ең үздіктерге тегін білім мен жатақхана ұсынады. Бүгінде платформада 180 мыңнан астам әскери қызметші тіркелген.

Бөлісу