Басты Жаңалықтар Қазақстанға әйгілі Du Soleil циркі келді

Қазақстанға әйгілі Du Soleil циркі келді

Астанада әйгілі цирк Дю Солей ұсынған көптен күткен «OVO» шоуының қойылымы өтуде. Бұған дейін танымал шоу 50-ге жуық елді аралап, 10 миллионнан аса көрермен жинаған. Бұл - Cirque Du Soleil-дің Қазақстанға жасаған екінші гастрольдік сапары. Тілшіміз Айжан Иманғали, сахна сыртындағы дайындық барысымен танысып, танымал цирк әртістерінен эксклюзівті сұқбат жазды.

Бұл - әртістердің премьера алдындағы қызу дайындығы. Шеберліктерін пысықтап, ерекше акробатикалық элементтерді қайталау үстінде. Мұндағы әртістер мыңдаған көрерменнің алдында күрделі трюктерді сақтандыру белбеуінсіз орындайды. Оқиға желісі осы жұмбақ жұмыртқаның төңірегінде, жәндіктер әлемінің тартысты хикаясы аясында өрбиді. Шоудың «OVO» деп аталуы да осыдан.

Айжан Иманғали, тілші:

Ал бұл әртістердің сахнаға киіп шығатын костюмдері, әр костюмге жауап беретін арнайы қызметкерлер бар. Жалпы, бұл киімдер Монреалдың өзінде тігіледі. Оған 200-ден аса кәсіби қызметкер жұмылдырылған екен.

Жани Малле, Cirque Du Soleil компаниясының ресми өкілі:

Сахналық костюмдердің 800 данасын алып келдік, әр киім кәсіби шеберлердің қолымен тігілген. Мұнда көбелек, қоңыз, шегіртке және өзге де жәндіктердің образы бар.

Әлемдік шоуды елімізде өткізуді ұйымдастыру үшін келіссөздер 1,5 жылға созылды. Өйткені қойылым аса жоғары техникалық жауапкершілікті талап етеді дейді ұйымдастырушылар. Бұл ретте Қазақстан алаңы - барлық жағынан талапқа сай болып отыр.

Айжан Иманғали, тілші:

Міне, дәл қазір әртістер, сұқбат алаңына шығып, тілшілерге эксклюзивті сұқбат беруде. Премьераның басталуына тура 1 сағат уақыт қалды. Cirque Du Soleil әлемдегі ең танымал цирктердің бірі. Оның ерекшелігі – ешбір жануардың қатысуынсыз өтеді. Жалпы Cirque Du Soleil сапарындағы Қазақстан 47-мемлекет екен.

Бұл - ерлі-зайыпты әуе гимнастшыларының ең күрделі трюктерінің бірі. Аспанда қалықтаған көбелектерің дуэті көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Эсмира Кулиева, Цирк әртісі, «Көбелектер» кейіпкері:

Бұл арнайы тор материалы, оған әр деталь мықтап бекітілген. Жұбайым екеуіміз күрделі элементтерді орындаймыз, сондықтан сахналық киіміміз ыңғайлы болуы керек.

Николай Карячин, цирк әртісі:

Әр әртіс қойылым алдында өзі боянады деп естідім? Гримм жасауға қанша уақыт кетеді? Кейбіріне 1,5 сағат кетеді. Мысалы мен гриммге басында 20 минут жұмсайтынмын, қазір образым 5 минутта дайын болады. 

Екі сағат бойы көрермен иллюзия әлеміне еніп, әртістердің трамплин арқылы қабырғаға секіруін тамашалады. Күрделі трюктерді 53 әртіс орындады. Оның ішінде кәсіби акробаттар, халықаралық чемпиондар мен олимпиада қатысушылары бар.

Астанада 7 маусымға дейін болатын «OVO» шоуы ары қарай Алматыға жол тартады. Барлығы 14 қойылым жоспарланған, оған 70 мыңнан аса көрермен келеді деп күтілуде. Қазақстандағы қойылымдардан кейін әйгілі цирк уақытша демалыс жариялап, күзде биылғы гастрольдік сапарын ары қарай жалғастырмақ.

Бөлісу