Каспий теңізі мен Жайық өзенінің экологиялық мәселелері талқыланды
Каспий көз алдымызда шегініп барады. Мамандар дабыл қағып отырған мәселе жыл өткен сайын күрделеніп келеді. Теңіз деңгейінің төмендеуі мен Жайық өзенінің экологиялық ахуалы Атырауда өткен Парламенттік комиссияның кезекті отырысында кеңінен талқыланды. ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысқан жиында су экожүйелерін сақтау, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін нығайту және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелері сөз болды. Сонымен қатар сенаторлар жастармен және еңбек ұжымдарымен кездесіп, қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Каспийдің тоқтаусыз тартылуы - үлкен қауіп. Соңғы жылдары теңіз 30-35 шақырымға дейін шегінген. Соның салдарынан топырақ тұзданып, экожүйелер тозып, шаңды дауылдар көбейген. Жиында сала сарапшылары мен мамандары осыған қатысты баяндама жасап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Болат Есекин, Халықаралық сарапшы:
Жаңа тәсілдер керек. Қазір дүние жүзінде тың тәжірибелер қолданылып жатыр. Сондықтан халықаралық ұйымдар мен үкіметтер мәселенің шешу жолдарын іздеуде. Ең алдымен оның себептерін анықтау қажет. Біз табиғатпен күресуді тоқтатып, оны қалпына келтіруге бағытталған саясатқа көшуіміз керек.
Комиссия отырысында өңірдегі су бассейндерінің экологиялық ахуалына қатысты да өзекті мәселелер қозғалды. Сенат Төрағасы ластану деңгейінің артуы, балық қорының азаюы және өңірдің экожүйесіне антропогендік әсердің күшеюіне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі әлдеқашан өңірлік шеңберден шығып, жаһандық сипат алғанын әрдайым айтып келеді. Осы сын-қатерді еңсеру үшін Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуге бастамашы болды. Мемлекет басшысы Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Су проблемаларын талдау орталығын құруды да ұсынды. Оларды шешу үшін ведомствоаралық үйлестіруді, ғылыми негізделген шешімдерді қажет етеді.
Жахандық дамудың жаңа кезеңін құруда жастардың да рөлі маңызды. Мәулен Әшімбаев сапарында өңірдің белсенді жастарымен де кездесіп, жаңа конституцияның негізгі қағидаларын түсіндірді. Оларға ғылыми ізденістер, тіл үйрену, заманауи цифрлық технологияларды меңгерудің маңызды екенін айтып, үлкен сенім артты.
Усила Арманқызы, облыстық Жастар мәслихатының депутаты:
Жастар осы берілген сенімді алып шығу үшін көп білім алуы керек. Ғылым саласында іздену керек. Осынша беріліп жатқан көптеген гранттарды, мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ел дамуына үлкен үлестер қосу керек деп ойлаймын.
Сонымен қатар Сенат депутаттары «ҚазТурбоРемонт» ЖШС ұжымымен жүздесіп, жаңадан салынған 150 орындық мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік оңалтуға арналған «Алмалы» орталығының қызметімен де танысты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы