Жыл сайын 50 мыңға жуық тұрғын инсульт алады
Елде жыл сайын 50 мыңға жуық тұрғын инсульт алады. Оның үштен бірі көз жұмады. Дәрігерлер бұл дерттің жас талғамай бара жатқанын айтып, дабыл қаға бастады. Инсульттің алдын алу үшін не істеу керек? Белгілері қандай?
Астаналық Ермек Дүйсенов бір жыл бұрын инсульт алды. Өмір бойы кәсіпорында қызмет етіп, жетпістен асса да еңкіш тартпаған еңбек адамы кеселдің кесірінен бір сәтте арбаға танылды. Бірақ 47 жыл отасқан жары оңалту орталықтарына үзбей алып барып, қажетті ем-домды жасатып жүр. Соның арқасында зейнеткер кейінгі үш айда бірте-бірте қалыпқа келе бастаған.
Раушан Дүйсенова, қала тұрғыны:
Тек жата беретін. Үйде бала сияқты болды, жүрмейді. Көтере алмаймын, 100-ден асады ғой енді салмағы. Қазір халі жақсы, өзі жүреді. Өзі далаға шығайын деп, бас киімін киіп барады, маған айтпайды.
Елде жыл сайын 50 мыңға жуық адам инсульт алады. Ресми дерекке сүйенсек, олардың 40 пайызы ғана Ермек Дүйсенов секілді оңалып кетеді. Өйткені бұл дерттің түрі көп. Бірі емге көнсе, енді бірі белгі бермей, бір сәтте ажал апанына түсіреді, дейді дәрігерлер.
Әсемгүл Сахиева, нейрохирург, оңалту орталығының директоры:
Инсульт дегеніміз ми қан-тамырларының бітелуінен, жарылуынан туындайтын қан-тамыр жүйесінің бұзылуы. Кейбір адамдар өкінішке қарай, айқын симптомы басылғасын назар аудармай жүре береді. Бірақ ол кісіде қан қысымы жоғары болса, міндетті түрде 103-ке хабарласқан дұрыс. Өйткені инсульт қайталанса, ол өлімге алып келуі мүмкін.
Инсульттің негізгі себептері: қан қысымы, қант диабеті, холестерин мөлшерінің шамадан тыс көп болуы. Неврологтардың айтуынша, қимыл-қозғалыстың аздығы, темекі, алкоголь тұтыну да әсер етеді. Десе де, кей жағдайда инсульт зиянды әдеті жоқ, денсаулығына шағымы болмағандардан да анықталады. Сондықтан дәрігерлер ешқандай белгі байқалмаса да, міндетті түрде жылына бір рет скринингтен өтуге кеңес береді.
Нұрсұлтан Махамбетов, ҚР Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігері:
Сол кезде байқалады - тамыр тарылған ба, егер тарылған, ол 70 пайыздан жоғары болса, міндетті түрде операция ұсынамыз. 50 пайызға дейін дәрі-дәрмекпен емделуге болады. Бұрын 50-60 тан асқан кісілерде инсульт болса, қазір 30-40 жасқа дейін жасарып бара жатыр.
Инсульттің емі бар. Бірақ уақытты жіберіп алмау маңызды. Аяқ-қолы құрысып, сөйлей алмай қалған науқасты 4 жарым сағатта ауруханаға жеткізіп үлгеру керек. Ал ем-домды аяқтағасын, үш айдың ішінде оңалтуға кіріскен дұрыс. Осы қағиданы орындаған науқастардың 70-80 пайызында инсульт қайталанбайды, дейді дәрігер.
Бағдат Ендібай, реабилитолог:
Инсульт алған науқастардың реабилитациясы өте ұзақ жүреді. Оны бірден айту керек. Шыдамдылық керек және арасы үзілмеуі керек. Яғни тұрақты түрде жалғаса беру керек. Ол кәдмгідей жаттығу ғой былайша айтқанда. Кішкентай баланы қалай күтіп жүрдік - жүріп кетуін, аяғын былай басасың деп сілтеп, тура солай адам өзінің ерік-жігерімен тұрып жүріп дағдылануы керек.
Дәрігерлер инсультке ұшыраған науқас үшін жақындарының қолдауы аса маңызды екенін айтады. Ермек Дүйсеновтің аяққа тұруына тәжірибелі мамандар мен озық технологиялардың сеп болғаны сөзсіз. Бірақ өзінің айтуынша, бірінші кезекте жарының жанында болғаны, сенімі күш берген. Зейнеткердің сөйлеу қабілеті әлі толық қалыпқа келмеді. Десе де ақырындап ойын жеткізе алады. Толық айыққанша емді тоқтатпай, оңалту орталығына баруын жалғастыра бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы