«Голос. Дети» байқауының нәтижесі жоққа шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Голос. Дети» байқауының нәтижесі жоққа шығарылды

17.05.2019

Ресейде өткен «Голос. Дети» байқауында Микелла Абрамова шынайы жеңіске жеткен жоқ. Сондықтан, оның пайдасына шешілген дауыс берудің нәтижесі есептелмейді. Тәуелсіз компанияның көмегімен байқаудың нәтижесін тексерген Ресейдің «Бірінші арнасы» осындай шешім қабылдады.

Себебі мамандар, дауыс беру кезінде құйтырқы амалдардың қолданылғанын анықтап отыр. Осылайша, көптің арасындағы, «бұл байқаудың нағыз жеңімпазы, екінші орын алып қалған қазақтың талантты балақайы Ержан Максим» деген сөз ақиқатқа айналғалы тұр. Осы мәселенің мәнісіне үңілген әріптесім Нұртас Солтанұлы Мәскеуден хабарлайды.   

Нұртас Солтанұлы, тілші:

Жақында аяқталған ресейлік «Голос. Дети» байқауында бір шикіліктің болғаны анық. Естеріңізде болса, осы сайысқа жерлесіміз Ержан Максим да қатысып, көпшіліктің көзайымына айналған. Алайда, ақтық сынды, белгілі ресейлік әнші Алсудың қызы Микелла Абрамова жеңіске жеткен.

Бұл оқиға қарапайым көрермендердің ғана емес, ресейлік белгілі әншілердің де таңданысын, таңданыс ғана емес наразылығын да туғызған. Сондықтан, Ресейдің Бірінші арнасы оқиғаның анық-қанығын зерттеу үшін, осы интернеттегі киберқылмысты зерттейтін белгілі компанияны жалдаған.

Мамандар алдын-ала зерттеудің нәтижесін жариялап, дауыс беру кезінде 7-ші нөмірлі әншіге, яғни Микелла Абрамоваға белгілі нөмірлерден жаппай СМС хабарламаның жіберілгенін анықтап отыр. Бұл туралы осы оқиғаны зерттеген мамандар Ұлттық арнаға берген сұхбатында мәлімдеді. 

Cергей Лупанин, «Group IB» компаниясы зерттеу бөлімінің жетекшісі:

Біз барлық мәліметтерді тексеріп шықтық. Соның алдын-ала жасалған қорытындысына қарасақ, тек бір әншінің пайдасына 300 телефон нөмірінен 8 мыңдай хабарлама жіберілген. Телефон нөмірлерінің барлығы бір ұялы оператордан сатып алынған, олардың реттік нөмірлері де ұқсас. Алайда, қазір ол телефондардың барлығы сөндірулі. Яғни, осындай құйтырқы амалдың арқасында 7-ші нөмірлі әншіге жасанды түрде көп дауыс берілген.

Осы зерттеудің алдын-ала нәтижесімен танысқан Ресейдің «Бірінші арнасы» байқаудың нәтижесін қазірдің өзінде жоққа шығарып отыр. Яғни, енді бұдан былай Микелла Абрамова жеңімпаз емес деген сөз. Сонымен қатар, телеарна өкілдері, 24-ші мамыр күні, тікелей эфирде «Голос. Дети» жобасының арнайы шығарылымы болатынын хабарлады.

Бұл шығарылымға ақтық сынға қатысқан барлық жас әншілер қатысады. Сол кезде, 2-ші орын алған Ержан Максимге жеңімпаз деген атақ беріле ме, жоқ, әлде, осы талантты жас дарын иелері қайтадан бақтарын сынай ма немесе мүлде басқа шешім қабылдана ма, ол жағы әзірге белгісіз. Белгілісі, өткен дауыс беру процесі кезінде әділетсіздіктің болғаны анық.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу