Басты Жаңалықтар Талдықорғанда ұлттық спорт түрлерінен дүбірлі дода өтті

Талдықорғанда ұлттық спорт түрлерінен дүбірлі дода өтті

Наурызнаманың онкүндігі аясында Талдықорғанда ұлттық спорт түрлерінен дүбірлі дода басталды. Жетісу облысынан жиналған кіл мықтылар 70-ке жуық спорт түрінен бақ сынады. Бір қызығы, бұл жарысқа кәсіби спортшылармен қатар роботтар да қатысып, өзара сайысқа түскен. Дәстүр мен технология тоғысқан ерекше шара жайын толығырақ тілшіміз Нұрдәулет Сыздық айтып берсін.

Жүйрік жылқы тақымдаған Жетісу облысының жампоздары теңге іліп, аударыспақ ойнады. Командалық көкпардан бақ сынап, ұлттық спорттан үздік аймақтар анықталды. Жалпы жарысқа 10 аймақтан, 200-ге жуық спортшы келген. Олардың арасында көкпаршы Әсет Мұратханұлы да бар.

Әсет Мұратханұлы көкпаршы:

Дайындалғанымызға 3-4 ай болды. Нәтиже көрсетеміз деп дайындықпен келдік. Бұл спортта жеңімпаз болу үшін ең алдымен дайындық керек. Көкпар – ең қиын спорттың бірі. Бұл – жүректі жігіттердің ойыны.

Ұлттық ойын түрлері тек спортшылар ғана емес, роботтар арасында да өрбіді. Ақылды құрылғылар асық атып, арқан тартысты. Бұл роботтарды Талдықорғандағы оқушылар құрастырып, көрмеге арнайы алып келген.

Нұрислам Рақымбек, оқушы:

Бұл жердегі роботтар арнайы сенсорлар мен камераларды қолданып, асықтың орналасуын анықтап, дәл есептеп, қажетті күшпен атады. Бұл ойын қазақ халқының дәстүрі мен технологияны біріктіретін ерекше жоба.

Жетісу облысында Наурызнаманың онкүндігі кең көлемде аталып өтілуде. Өңір бойынша 160-қа жуық спорттық іс-шара ұйымдастырылған. Оған 2 мыңнан астам адам қатысты. Мамандардың айтуынша, аймақта қазақ халқының төл ойындарына қызығушылық күн санап артып келеді.

Еркебұлан Дуанаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

Былтырғы жылдан бастап бізде облыста ұлттық ат спорты түрлерінен жеке меншік клуб ашылып, сол клубтың спортшылары жақсы өнер көрсетуде. Қазақстан чемпионаттарында, жарыстарында. Бұл біздің ұлттық құндылығымызды жоғалтпауға және ұлттық спорт түрлерін дамытуға мән береміз.

Нұрдәулет Сыздық, тілші:

Ұлттық спорт – ұлт рухының айнасы. Аймақ халқының сөзінше, Талдықорғанда өткен дүбірлі дода дәстүрімізді дәріптеп, жастарға ұлттық құндылықты сіңіруге негіз болмақ.


Бөлісу