Басты Жаңалықтар Отандық дрондар шығарыла бастайды

Отандық дрондар шығарыла бастайды

Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ғалымдары биыл дрондар шығарамыз деп отыр. Пилотсыз ұшу аппараттарын ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларында және төтенше жағдай кезінде қолдану көзделуде. Бүгін Президент оқу орнының ғылыми әлеуетімен танысты. Қазір университетте жаңадан ашылған Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы жұмыс істеп тұр. Қыруар қаражат тартып, жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған орталықтың ерекшелігі неде? Мемлекет басшысысының Алматыға сапары жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

JS, Matrix төтенше жағдай кезінде, ауыл шаруашылығы және геологиялық барлау салаларында кеңінен қолданылатын мынадай дрондар енді өзімізде шығарыла бастайды. Бүгінд Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің қабырғасында сутденттер пилотсыз аппараттың қыр-сырын меңгеріп жатыр.

Яғни аппарттың материалдарды, бағдарламасы, ішіндегі чиптері мен басқару жүйесі толық отандық болады. Бұл инновациялық жобаны іске асыруға Farabi Hub орталығы мүмкіндік береді. Оның базасында креативті индустрия, жасанды интеллект пен стартап жобалары іске асырылады. Осы арқылы 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 миллион доллардан аса инвестиция тартылды.

Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ректоры:

Осы хабтың өзі 9 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Бұның ішінде дүниенің ірі компанияларымен бірге орталықтар ашып жұмыс істеудеміз. Ол Қытайдың «Эриксон», «Хуйбо» компаниялары.

Отандық ғалымдар кванттық компьютер жасап жатыр

Орталықта ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорацияларының, сондай-ақ басқа да шетелдік жетекші ғылыми ұйымдардың зерттеу алаңдары орналасқан. Бұдан бөлек, мұнда ҚазҰУ-дің ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейді. Бұндай хабтар жас ғалымдарға тың бағыттарды игеру мен өз жобаларын жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. Мәселен, бұл Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығы. Қазір қос елдің ғалымдары бірлесіп әл-Фараби ұлттық университеті қабырғасында алғашқы кванттық компьютерді жасап жатыр.

Медеу Әбіш, Қазақстан-Сингапур кванттық технологиялар орталығының директоры:

Енді кванттық технологияларға келетін болсақ, ол ақпараттық қауіпсіздікте, байланыста. Өте нәзік сезімтал сенсорлардың түрлерін шығаруда өте күшті бізге қолғабыс болады. Ал енді сол осы материалдарды, сенсорларды немесе жаңа компьютерлерді алатын болсақ, оларды мысалы, медицинада қолдануға болады. Медицинада біз сенсордың көмегімен клеткада болып жатқан өзгерістерді, бір клетканың ішіндегі өзгерістерді ерте қалыпты жағдайлардан алдын ала байқай аламыз. Сондықтан көп емделмейтін аурулардың алдын алуға болады.

Президентке төрт ірі жоба таныстырылды

Президентке университет жалпы құны 1 миллиард 250 миллион теңгені құрайтын төрт ірі жобаны жүзеге асырып жатқаны жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарының ғалымдары NKSAT спутнигін жасап жатыр. Ол Жердің тартылыс аумағы мен радиация деңгейін өлшеуге, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қашықтан зондтау және оны қолдану технологиясы» зертханасының да қызметі таныстырылды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Сондықтан біз қазіргі таңда үлкен трансформацияны бастап жатырмыз. Министрлік университеттерімізді классикалық университеттерден енді зерттеуші форматқа көшіріп жатыр. Бір 16 университетте осындай технопарк, хаб, инжиниринг орталықтар ашылып жатыр. Мысалы, Шығыс Қазақстан техникалық университеті негізінде үлкен технопарк ашылды. Қазіргі таңда сол «Үлбі», біздің «Титан-магний» комбинаттарымен жұмыс істеп жатыр. Үлкен керемет бір өнім шықты биыл – ол титаннан жасалған медициналық бұйымдар.

Президент: Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту маңызды

Қасым-Жомарт Тоқаевқа университет базасында орналасқан суперкомпьютер кластері көрсетілді. Оны құруға 23 миллион доллар инвестиция тартылған. Жаңадан қабылданған Конституцида адами капиталға, ғылым, білім, инновацияға басымдықты беріліп отыр. Бұл біздің саламызға берілген үлкен серпіліс,  жауапкершілік деп қабылдадық дейді, ғалымдар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз еліміз өсіп-өркендесін десек, ең алдымен цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуына баса мән беруіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі ең маңызды мақсатымның бірі. Жалпы, соңғы уақытта бұл салада ауқымды шаруа атқарылды, әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Кейінгі бес жылда ғылым саласына салынған инвестиция көлемі алты еседен асты. Елімізде зерттеу университеттері көбеюде, олардың нақты өндіріспен байланысы нығайып жатыр. Үкіметтің мәліметі бойынша, қазір 200-ден аса коммерциялық жоба қолға алынды.

Президенттің айтуынша, бүгінгі жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанды ғылым мен технологияға бағыттап дамыту үшін нақты қадамдар жасауымыз керек. Бұған дейін біз заң, филология, дипломатия сияқты гуманитарлық салаларға басымдық беріп кеттік. Ендігі кезекте қоғамның көзқарасын өзгертіп, жастарды ғылым мен техникаға бет бұрғызуымыз керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда 420-дан астам ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Онда 27 мыңнан аса ғалым мен ғылыми қызметкер еңбек етіп жүр. Бұл – өте үлкен академиялық корпус. Әсіресе, ғылыми ортаның жасарып келе жатқаны қуантады. Отандық ғалымдардың жартысына жуығы 40 жасқа толмаған. Ұрпақтар сабақтастығы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан әлемде ғылымның заман талабына сай болуына мүмкіндік береді. Мен қазақ ғылымының келешегіне үмітпен қараймын.

Жиын соңында Президент елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.


Бөлісу