Басты Жаңалықтар Каспийдің суы неге тартылып барады?

Каспийдің суы неге тартылып барады?

Каспий теңізін зерттеу, экологиялық жағдайын бағалау және сақтау мақсатында Үкімет резервінен «Каспий теңізінің қазақстандық ғылыми-зерттеу институтына» 1,1 млрд теңге бөлінді.

Қаражат заманауи құрал-жабдықтар сатып алуға, гидробиологиялық зертханаларды жаңартуға және теңіз мониторингін күшейтуге жұмсалады, деп хабарлады Үкімет.

Иә, Каспий теңізіне орай алаң көңіл бар:

Теңіз таязданып барады. Жағалау кей жерде ондаған метрге кетіп қалды.
Бірінші кезекте өзендерден жеткілікті су келмеуіне байланысты.
Екіншіден, мұнаймен ластануы. Мұнай өндіру мен тасымалдаудан, басқа да өндірістен төгілген улы қалдықтардың кесірінен.
Үшіншісі содан шығады: ауыр металдар мен мұнай өнімдерінің көбеюінен бекіре балықтары, Каспий итбалығы мен құстардың қырылуы жиіледі.
Ал жаһандық жылынудан теңіз суының булануы күшейіп, айналаның шөлейттену процесі жылдамдай түсті.

Бес мемлекетке: бізге, Әзербайжанға, Түрікменстанға, Ресей мен Иранға тиесілі жауһарды бес мемлекет жеке-жеке, сосын бір жұдырық болғанда ғана сақтай аламыз.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Осыдан шамамен 5-6 жыл бұрын Каспий теңізінің жағалауы дәл осы жерге дейін жеткен. Ал қазір қаншалықты құрғағанын қараңыз.

Мына кадрлардың арасы жеті-ақ жыл. Александр есімді видеограф түсірген. 2018 жылы балалар шомылып жүр, ал 2025 жылы жағаны қамыс басқан, кебір тастар көрініп жатыр.

Әділбек Қозыбақов, «Ecojer»қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, эколог:

Бұл Дамбадан нақты көрініп тұр, осыдан жеті жыл бұрын бетонға дейін су болған. Ал қазір шамамен 2 метрдей су дың тартылған.

Дәулет Есмағамбетов, ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық мәдениет және саясат департаментінің басшысы:

Теңіздің Қазақстан территориясындағы судың деңгейі 2025 жылдың соңында Балтық жүйесі бойынша -29 метрге дейін түскен. Жалпы 20 жылдың ішінде 2,3 метрге түскен.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Каспий теңізі. Көсіліп жатқан көк теңіздің ауданы 370 мың шаршы шақырым. Көлемінің үлкендігінен  көпшілік оны теңіз деп атап кеткенімен, географиялық тұрғыдан ол – әлемдегі ең үлкен тұйық көл. Жағалай қонған бес ел несібесін осы судан көріп отыр. Қойнауы флора мен фаунаға бай, мұнай мен газдың да мол қоры бар. Ал теңіз жолы бүгінде халықаралық сауда қатынасының маңызды бағытына айналған.

Теңіздің 1800 шақырымы - Қазақстанға тиесілі. Оңтүстік бөлігінде Иран, Әзербайжан, Түркменстан елдері ал орталық және солтүстік бөлігінде Қазақстан мен Ресей орналасқан. Ең терең бөлігі – Иран жақта, 1000 метрден асады. Ал ең таяз жағы Солтүстік бөлік яғни, Қазақстан мен Ресейде, 20 метрге жетпейді. 

Қожамұрат Баубек, қоршаған ортаны қорғау бойынша сарапшы:

Мысалы, Қошақ шығанақтарында 40 км-ге дейін тартылған дейді. Сосын Атырау жақтың жағасында, балық аулаған жерлерде қазір тақыр жер боп тұр.

Асан Алапанов, балықшы:

«Комсомол шығанағы» деп аталатын жерлер бар ғой. Қазір олардың көбісі кеуіп кеткен. Шамамен 50–60 шақырымға дейінгі аумақ, қарасаңыз, түгелдей құрғап қалған. Одан кейін Сарташ, Қаражамбас жақтары бар, бізге рұқсат берілетін орындар. Әр жерде жағдай әртүрлі: кей жерлерде су бір километрге дейін шегініп кеткен, ал кейбір аумақтар мүлде құрғап, су мүлде жоқ болып қалған.

Мамандар мұның басты себебін ғаламдық жылынумен байланыстырады. Температураның көтерілуінен теңіз суының көбі буланып кетіп жатыр.

Мереке Абдрахметов, «Қазақ каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» АҚ Теңіз экспедициясының жасақ жетекшісі:

Ауаның температурасы Каспий аумағында 1 градусқа дейін көтерілген. Жауын-шашын 14 мм азайып кеткен. Бұл екі фактордың бірлескен әсері.

Тағы бір фактор - теңізге құятын су көлемінің азаюы. Каспийдің суы ірілі ұсақты 130 өзен суымен толықса, соның ең ірісі, яғни 85 пайызы – Ресейден Еділ өзенінен келеді.

Қожамұрат Баубек, қоршаған ортаны қорғау бойынша сарапшы:

Мысалы, Ресей жақтан Еділ, Жайық өзендері су қоймалары салынып жатыр. Сол себептен қазір су көлемінің азаюына әсер етіп жатыр.

Әділбек Қозыбақов, «Еcojer»қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, эколог:

Еділ өзенінің суын шамадан тыс пайдалану бұл Каспий теңізіне түсетін судың мөлшеріне қатты әсер етіп жатыр. Теңізде мұнай өндіріп жатқан компаниялардың мұнайды сорған кезде босап қалған орынға теңіз суының құйылуы.

Иә, өндірістің артуы да су деңгейіне айтарлықтай ықпал етті. Елдегі 10 шақты компания мұнай өндіруге және өзге де өндірістік процестер үшін Каспийдің суын пайдаланады. Оған қала тіршілігіне қажетті суды қосыңыз.

Қожамұрат Баубек, қоршаған ортаны қорғау бойынша сарапшы:

Соңғы 30 жылда халық саны айтарлықтай өсті. Бұрын шамамен 300 мың адам болса, қазір 800 мыңға жетті. Тұщы судың 90 пайызы теңізден алынады. Халықты сумен қамтамасыз ету үшін Әзербайжан, Иран, Түрікменстан сияқты елдерде көптеген тұщыту зауыттары салынған. Бұл да теңізден алынатын су көлемінің айтарлықтай артуына әсер етіп отыр.

Әділбек Қозыбақов, эколог, «Еcojer» қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы:

Яғни, теңізде мұнай өндіріп жатқан компаниялардың қызметінде толық ашықтық бар деп айту қиын. Олардың жүргізіп жатқан мониторинг жұмыстарына тәуелсіз сарапшылар тартылып жатқан жоқ.

Мысалы, 2024 жылы Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты 1,5 млрд тоннаға жуық су қолданған. Ал өндірістік компаниялар 2 млн 202 мың тоннаға жуық суды пайдаланған. Бұл процестер теңіздің тартылуына ғана емес, ластануына да әсерін тигізеді.

Қожамұрат Баубек, қоршаған ортаны қорғау бойынша сарапшы: 

Әзербайжанда, Ресейде, Қазақстанда немесе Иранда болсын, мұнай бұрғылау кезінде апаттық жағдай орын алса, күкіртсутек пен мұнайдың бәрі Каспий теңізіне төгіледі. Бұл өз кезегінде бүкіл экожүйеге кері әсерін тигізеді. Соның салдарынан Каспий маңындағы бес мемлекет те зардап шегеді.

Әділбек Қозыбақов, «Еcojer»қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, эколог:

Каспий теңізінің жағасында орналасқан демалыс базалары, қонақүйлер болсын, бассейнінің қалдық суларын Каспийге ағызып жіберу фактілері тіркелген.

Теңіздің ластануы мен тартылуы – судағы тіршілік иелеріне де кесірін тигізіп жатыр. 10 жылдан бері отбасын балық аулап асырап отырған Хикаядин Бәйбіше соңғы жылдары балық түрлерінің азайып бара жатқанын уайымдайды.

Хикаядин Бәйбіше, балықшы:

Бір күнде ау салғанда жоқ дегенде 100-150 келі көксерке аулайтын едік. Қазір 20-30 келіге жетпейді.  Балықты іздеп кетеміз бір жерде тұрмайды.

Су айдынында сирек кездесетін бекіре тұқымдас балықтардың да популяциясы соңғы 40 жылда 90 пайызға азайған. Ал теңіз сүтқоректілері-  итбалықтардың саны өткен ғасырда млнға жуықтаса, қазір 300 мыңға жетер-жетпес.

Мереке Абдрахметов, «Қазақ каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» АҚ теңіз экспедициясының жасақ жетекшісі:

Теңіздің бекіре тектес балықтары өздерінің қоректену аймағынан, Каспий ит балығы мекендейтін орындарынан ауысуға мәжбүр болуда.  Каспий жағасының құстары өздерінің дәстүрлі ұяларынан және қоректену аудандарынан басқа аумақтарға, басқа жерлерге көшіп жатыр.

Данияр Әкімжанов, Республикалық «Балық шаруашылығы және аквомәдениет қауымдастығының» филиал басшысы: 

Қаракөз балығы азайды, сазан мүлдем жоқ. Көксерке балығы азайды. Олар миграциясын өзгертеді, бұрын осы жерлермен балық өтетін болса, олар деген маршрутаттарын өзгертеді де басқа жаққа қарай ауыстырып жібереді

Соңғы 20 жылда теңіз 2 метрге төмендеді. Егер Каспий теңіз деңгейінен 5 метрге дейін төмендейтін болса су айдының көп аумағы тартылып, құрғап кетеді. Бұлай жалғаса берсе, Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін деген қауіп бар. Ал теңіз түбіндегі тұздың зияны экологиялық апатқа апарады.

Әділбек Қозыбақов, «Еcojer»қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, эколог:

Каспий маңайындағы халық экологиялық босқындарға айналып, басқа өңірлерге көшуге мәжбүр болады. Сондықтан Қазақстан стратегиялық тұрғыда осындай сценарийге дайын болуы керек.

Қожамұрат Баубек, Қоршаған ортаны қорғау бойынша сарапшы:

Өндіріске халықтың тұрмысына қаншама су алып жатырмыз. Ал қайтып келетін су аз. Ертең Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін.

Каспий теңізінің халі мүшкіл деп дабыл қаққан Президент бұл мәселені халықаралық мінберлерде көтерді. Былтыр күздегі жолдауында да айтты. Тікелей тапсырма беріп, 6 ай бұрын ғана Ақтау қаласында арнайы ғылыми зерттеу институты құрылды. Жуырда үкімет резервінен 1,1 млрд теңге қаражат бөлінді.

Мереке Абдрахметов, «Қазақ каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» АҚ теңіз экспедициясының жасақ жетекшісі:

Біздің жоспар бойынша 1800 шақырым аумақ 35 учаскеге бөлінеді. Әр учаскенің арақашықтығы шамамен 50 шақырым болады. Сол учаскелерде арнайы экспедициялар ұйымдастырылып, зерттеу және бақылау жұмыстары жүргізіледі.

Мамандар зертханасы бар кемелерді жалға алатындарын айтты. Өйткені, құны тым қымбат. Бірақ, қол байлайтын тағы бір мәселе - елімізде ихтиолог, океанолог мамандар тапшы.

Қуаныш Берішпаев, «Қазақ каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Ақтаудағы мемлекеттік университетпен тығыз байланыстамыз. Бізге керекті мамандар бойынша оларға сұраныс бердік. 2026-2027 жылы керекті мамандықтардың магистратура бөлімін ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Әйтсе де Каспий теңізінің экожүйесін қорғауға қатысты тек Қазақстанның қамданғаны бұл мәселені шеше ала ма? 2003 жылы қабылданған Тегеран конвенциясының жайы қалай, өзі?

Әділбек Қозыбақов, «Еcojer»қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы, эколог:

Тегеран конвенциясына 20 жыл болғанымен, 4-5 хаттама шыққанымен бұл хаттар бойынша қарапайым халық атқарылған жұмыстың нәтижесін көріп отырған жоқ.

Қожамұрат Баубек, Қоршаған ортаны қорғау бойынша сарапшы:

Әр бес мемлекет бір платформада жұмыс жасауымыз керек. Ғылыми, саяси жағынан, экология жағынан. Қандай су қорғайтын қандай технология бар. Біз қазір суды алып жатырмыз. 20-30 жылдан кейін қалай әсер ететінін түсінбейміз.

Мереке Абдрахметов, «Қазақ каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» ақ теңіз экспедициясының жасақ жетекшісі:

Мәселені шешу үшін ең алдымен ғылыми зерттеулерді дамыту қажет. Әртүрлі болжамдар жасалып, нақты жобалар дайындалуы тиіс. Сонымен қатар ең негізгі міндеттердің бірі – қоршаған ортаны, экономиканы және инфрақұрылымды климаттың өзгеруіне бейімдеу.

Дәулет Есмағамбетов, ҚР экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық мәдениет және саясат департаментінің басшысы:

Президент өзінің Жолдауында тиісті мемлекетаралық бағдарламаны даярлау және оны Каспий маңындағы мемлекеттермен бірге талқылау бойынша тапсырма берген болатын. Біз бұл келіссөздерді бастап кеттік және де осы Сәуір айындағы жоспарланған экологиялық саммиттің аясында тиісті келіссөздер яғни оның келесі этапы жоспарланған болатын.

Табиғи құбылысқа төтеп беру мүмкін емес. Бірақ адами фактордың залалын азайтуға болады. Сондықтан Каспийдің ертеңі оны қазір қалай қорғайтынымызға байланысты. Айтпақшы, биыл айдынға аққулар келіпті, көптен жоламай кеткен деседі. Адамдар сепкен дәнге үймелеп жүр. Қамқорлық танытса теңіз де, ондағы тіршілік иелері де сезіне бастайды.


Бөлісу