«Орта табыс тұзағынан» қалай шығамыз?
Неге халықтың табысы инфляцияны қуып жете алмай отыр? Жалақы бұрынғыдан жоғары. Күнделікті тұрмысқа жеткілікті. Алайда өмір сапасын жақсартуға, қалауыңызды орындауға қаржылық жағдай мүмкіндік бермейді. Экономикада мұны «Орта табыс тұзағы» деп атайды. Бұл туралы Түркістан газетіне берген сұхбатында Президент те айтқан еді. Ал осы тығырықтан шығудың жолы қандай? Ернұр Медет сарапшылардың пікірін тыңдап көрді.
Ернұр Медет, тілші:
Айына 450 мың теңге табыс табатын отбасыны елестетейік. Оның 50 пайызға жуығы азық-түлікке кетеді. Тағы шамамен 15 пайызы –коммуналдық төлемге жұмсалады. Оның сыртында несие, баланың оқуы, тағы басқа күтпеген шығындар бар. Бұл – жалғыз мысал емес. Ұлттық статистика дерегіне сәйкес, экономикалық белсенді халықтың 77 пайызы айына 400 мың теңгеден аз табыс табады. Сондықтан қаржылық қор жинау қиын. Экономистер мұны «орта табыс тұзағының» нақты көрінісі деп бағалайды.
Мақсат Халық, экономист:
Ол ең бірінші кезекте экономика бір бағытта боп қалса, шикізатқа тәуелді боп қалса, экономиканың күрделілігі болмаса яғни диверсификацияланған экономика болмаса кәсіпкерлік инновацияны өз кәсібін жүргізуде қолданбаса жаңа технологиялар болмаса онда еңбекақы төлем дәрежесі де өспей қалады. Бұл орташа табыс тұзағы осы деңгейді түсіндіреді.
Ернұр Медет, тілші:
Бұл дамушы елдерге тән диагноз. Еуропа мемлекеттерінің біршамасы осы деңгейден өтті. Мәселен, Германия ғылым мен инновацияға көңіл бөлді. Қаржы тек шикізат секторына емес, технологияға, өндірістік кластерлерге, шағын және орта бизнеске бағытталды. Ал шикізатқа тәуелділікті азайту тығырықтан шығудың төте жолы,- дейді шетелдік сарапшылар.
Нил Ватсон, саясаттанушы:
Келесі қадам экономиканы әртараптандыру. Сондай-ақ мемлекеттің оң имиджін қалыптастыру керек. Кез келген инвестор ережесі анық, заңы үстем елге ақша салады. Ал ғылым мен білімге құйылған қаржы экономиканы шикізатқа тәуелділіктен құтқаратыны анық. Заманауи технологияларды тиімді пайдалануда аса маңызды. Нәтижесінде өнімділік өсіп, орта таптың саны артады.
Мемлекет басшысы бұл мәселені шешу бойынша нақты міндет жүктегені мәлім. Президент тапсырмасына сәйкес, ұлттық экономика министрлігі 2029 жылға дейінгі жұмыс жоспарын бекітіп, ауқымды инвестициялық жобалар пулын жасақтаған.
Әлия Әбдірахманова, ҚР Ұлттық Экономика министрлігінің баспасөз хатшысы:
Жалпы құны 85 триллион теңгені құрайтын жобаның алдын ала пулы құрылды. Нақтырақ айтатын болсақ, агроөнеркәсіп кешеніндегі жобалар бұл сала сүт тауарлары фермаларын салу, ет өңдеу кәсіпорындары, ұсақ мал бордақылау алаңдары. Өнеркәсіп саласында ол тоқыма класстарын құру, тұрмыстық химия өндірісі, шитті мақтаны өңдеу бойынша иіру фабрикалары мен зауыттарын салу сияқты нысандар осы алдын алу жобаларына кірді.
Ернұр Медет, тілші:
Ең бастысы экономикалық ілгерілеуді жалпы ішкі өнім көрсеткішімен емес, халықтың шынайы табысымен өлшеу керек,- дейді мамандар. Мысалы жалақы 300 мыңнан - 380 мың теңгеге көбейді делік. Егер осы аралықта азық-түлік, дәрі-дәрмек немесе қызмет түрлері қымбаттаса, кіріс көбеймейтіні түсінікті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы