Конькимен жүгіруден Әлем чемпионатының жүлдегерлері елге оралды
Конькимен жүгіруден Германияның Инцелль қаласында өткен Әлем чемпионатында жасөспірімдер құрамасы ел қоржынына 7 медаль салды. Бұл қысқы спорт түрлерінен ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтиже. Көк байрағымызды биікте желбіреткен жастарды қалың жанкүйер қошеметпен қарсы алды.
Қозы Көрпеш Жасаралұлы, тілші:
Түн белуарынан асса да, бүгінгі көңіл күй бұрынғыдан алабөтен. Себебі Әлем чемпионатында топ жарып, ел мерейін асырған жастар келе жатыр. Санаулы сәттен соң үздіктер мінген ұшақ Астана әуежайына қонады. Міне, сол сәтті жанкүйерлер де тағатсыздана күтіп тұр.
Жастар жарады! Қазақстан құрамасы жаһандық жарыста конькимен жүгіруден жеті медаль еншіледі. Соның алтауы - алтын. Біреуі - күміс. Әйелдер құрамасы командалық спринтте топ оқ бойы озық шықты. Соның бірі Кристина Шумекова кіші көпсайыста жеңіске жеткен тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде тарихқа енді.
Кристина Шумекова, Конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасында бес дүркін Әлем чемпионы:
Байрақты бәсеке алдында көп ойландым, қалай жүгіремін, не істеу керек деп. Медаль алатыныма сенімді болдым. Әлем чемпионатында алғаш рет жүлдегер атандым. Шынымда айтсам, жарыстан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Жеңіс тұғырында тұрып, көк туымыздың көтерілгенін көру ғажап сезім.
Ал, ерлер арасында Вадим Чебардаков жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл жас спортшының әлемдік додадағы алғашқы жетістігі.
Вадим Чебардаков, Конькимен жүгіруден жасөспірімдер арасында әлем чемпионы:
Мен үшін бұл күтпеген жеңіс болды. Маусым бойы масс-стартта жолым болмады. Әлем біріншілігінде финалға шыққанымның өзі мен үшін жетістік болатын. Дегенмен шешуші кезеңде жылдам болып, көп ұпай жинадым. Құттықтап жатқан жайкүйерлерге алғыс айтамын!
Осылайша, өрендеріміз қысқы спорт түрлерін жаңа тарихтың бетін ашты. Ендігі меже - ересектер арасында атой салып, ел абыройын асқақтату.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы