Қазақстан-Қытай инвестициялық форумы
Қаралы хабарға байланысты Алматыда Президенттің қатысуымен өткен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы бір минут үнсіздікпен басталды. Марқұмдардың рухына тағзымнан соң тараптар екіжақты байланыстың келешегіне тоқталды. Қазақстан мен Қытай енді жекелеген жобалармен шектелмей, тұтас өндірістік жүйе құруға ниетті. Қазір қос ел жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Автокөлік өндірісі, металлургия, мұнай-газ химиясы, ауыл шаруашылығы мен цифрландыру негізгі бағыттардың қатарында. Жаңа келісімдер Қазақстан экономикасына не береді? Алматыдан Шерхан Жамбылұлының материалы.
Қазақ-қытай инвестициялық форумы бір минут үнсіздікпен басталды. Жиылғандар Каспий теңізінде қапияда опат болған жас әскерилер рухына тағзым етті.
Иә бұл форум ертерек жоспарланып, Алматыға ірі компаниялардың жетекшілері бірнеше күн бұрын жиналған. Шілде айында Президенттің Шанхайға сапары табысты өтіп, тараптар 15 миллиард долларға жаңа жобаларды бекітті. Бұған әрине елдер арасындағы сенімді серіктестік пен мемлекеттер басшылары арасындағы достық қарым-қатынастың ықпалы зор. Енді екі елдің бизнес алыптары әріптесік көкжиегін арттыру үшін Алматыда арнайы бас қосты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр екі елдің тауар айналымы рекордтық межеге жетіп, 50 миллиард долларға жуықтады. Үкіметтеріміз бұл көрсеткішті 100 миллиард долларға дейін жеткізу үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Инвестиция саласындағы ынтымақтастығымыз да тұрақты дамып келеді. Қытай Қазақстан экономикасына 29 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Осылайша, еліміздің аса ірі инвесторларының біріне айналды. Қазір Қазақстанда Қытайдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын табысты жұмыс істеуде.
Қазақстанда өндіріс ашуға ниет танытқан компаниялар өнімі арнайы көрмеде таныстырылды. Мәселен, енді гуманоид роботтар Қазақстанда шығарылады. Бұл UBTECH компаниясының Қытайдан тыс алғашқы өндірісі.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Иә, футурустикалық кинолардағы таңғажайып көріністер енді алыс болашақта емес бүгінгі өмірімізге дендеп еніп отыр. Мәселен, мына роботтар ауыр, қара жұмысты атқарады. Ал адамның бейнесінен айнымайтын мына құлтемірлер қонақ үй, дүкен секілді мекемелерде қызмет көрсетеді. Өндіріс келер жылы басталмақ.
Ерлан Нәбиев, компания директоры:
Бұл технология Қазақстанда әлі болған жоқ. Бұл тек қана қазір Қытайда бар. UBTECH бірінші компания әлемде осындай робот шығарған. Ультрабионика роботтар.
Бұл роботтарды ел нарығына ғана емес көршілес елдерге де сату жоспарланып отыр. Сонымен қатар енді Қазақстанда танымал Li маркасының көліктері шығарылмақ. Қостанайдағы Allur зауытында жылына 12 мыңға дейін көлік құрастырылады. Бұдан бөлек Алматыда OMODA және JAECOO көліктерін құрастыру қолға алынбақ.
Бекнұр Несіпбаев, «Astana Motors» компаниясының бас директоры:
Еуропада біз Chery брендін Чехия мен Словакияда саламыз. Ал Great Wall Motor брендін Польша республикасында сатамыз. Қытайда құрастырылған көліктер, бірақ дистрибюторлық келісімшартты еуропалық компанияға емес қазақстандық компанияға берген.
Медицина саласында да бірлескен жобалар бар. Елімізде қатерлі ісікке қарсы инновациялық дәрілер өндірілмек. BeOne компаниясының препараттары әлемнің 40-қа жуық елінде тексерістен сәтті өткен. Қазір елімізде 250 мыңға жуық адам жаман ауруға шалдыққан.
Мердан Мухаммед, компания өкілі:
Бұл препараттар қазір Қазақстан нарығында бар кейбір дәрілермен салыстырғанда жекелеген клиникалық көрсеткіштер бойынша тиімдірек. Оның ішінде қан ауруларын емдеуге қолданылатын инновациялық дәрілер бар. Дәрілерді тек Қазақстан нарығына емес, Орталық Азия елдеріне де шығару жоспарда бар.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Бұл дәрі-дәрмектердің негізгі молекуласы патентпен қорғалады. Осы молекуланы Қытай компаниясы өздері тапқан. 2034 жылға дейін патенттері бар. Біз жылдың аяғына дейін негізгі екі преапаратты тіркеуден өткіземіз.
Сонымен қатар Алматы облысында ірі мультимодальды логистикалық хаб салынбақ. Яғни еліміз арқылы Орталық Азия мен Еуропа нарығына тасымалданатын Қытай тауары еселенбек.
Ху Руйки, YTO Express Co. Ltd компаниясының вице-президенті:
Бұл – біздің Орталық Азиядағы негізгі логистикалық жобаларымыздың бірі. Бірінші кезеңге шамамен 240 миллион доллар инвестиция саламыз. Жоба аумағында мультимодальды көлік орталығы, сұрыптау кешені, қоймалар және электронды сауда инфрақұрылымы салынады. Бұл хаб Қытайдан Қазақстанға және одан әрі Орталық Азия мен Еуропаға жүк тасымалдауға мүмкіндік береді.
Иә Қытай қазір әлемдік өндірістің көшбасшысы. Алып экономика, үлкен нарық. Теңізге тіке жолы жоқ Қазақстан үшін шығыстағы көршіміз телегей мұхитпен парапар. Президент әріптестіктің басым бағытының бірі көлік-логистика екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Халықаралық серіктестермен бірге темір жол қуатын арттырып, автомобиль магистральдары мен теңіз порттарын кеңейтуді, жүк тасымалы авиациясын және шекара маңы инфрақұрылымын дамытуды қолға алдық. Ляньюньганнан Ақтауға дейін Қытай жағалауын Каспиймен байланыстыратын логистикалық тораптар желісі қалыптасты. Көп ұзамай Ченду қаласындағы қазақ-қытай терминалы осы логистикалық тізбектің маңызды буынына айналады. Аталған шаһарда Қазақстанның Бас консулдығын ашуды жоспарлап отырмыз. Азия мен Еуропа арасындағы заманауи көлік байланысын түзетін Орта дәлізді өркендетуді айрықша міндет деп санаймыз.
Форум аясында Жамбыл облысы Шу ауданында жүгеріні терең өңдеу бойынша өнеркәсіп құрылысы басталды. Үлкен зауыт. Құны 1,5 млрд доллар. Мың жарым адам жұмыспен қамтылады. Жылына 500 мың тоннаға дейін жүгері өңделеді.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Бұл өте жоғары передел шығаратын зауыт. Жалғыз кликовина крахмал емес, бұл жерде аминокслоттар бар. Сондықтан оған әлемде сұраныс көп.
Бұдан бөлек Қазақстан мен Қытай компаниялары бірқатар жаңа жобаны іске асыруға келісті. Абай облысында алюминий мен құрылыс заттарын шығарытын зауыт салынса, Түркістанда тыңайтқыш зауыты ашылды. Ал Алматыда әлемдік деңгейдегі жаңа қонақ үй мен бизнес кешені бой көтермек. Жалпы 10 келісімге қол қойылды. Енді екі елдің бизнес өкілдері жиі кездесіп, шаруаны пысықтап отырмақ. Президент инвестициялық диалогты жыл сайын қыркүйек өткізуді ұсынды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы