Басты Жаңалықтар Субсидия: Жүйенің тиімсіз тұстары қандай?

Субсидия: Жүйенің тиімсіз тұстары қандай?

Көкшетауда жалған құжатпен агросубсидия алғандарға сот үкімі шықты. А.В. Маслов пен А.С. Ефимкина дегендер 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Екеуі 2 жыл бойы сүт және оның терең өңделген өнімдерін арзандатуға арналған субсидияларды заңсыз алып келген.

«Рассвет» шаруа қожалығында сүт өндіруге жеткілікті мал басы болмаған. Соған қарамастан, электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде «МолПродЖаркаин» компаниясына 3 млн келіден астам шикі сүт жеткізілгені туралы жалған құжаттар рәсімделген», – дейді Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.

Мемлекетке келтірілген залал 152 млн теңге. Тергеу барысында 6 жер учаскесіне, 4 пәтерге, 11 автокөлікке, мобильді ғимарат пен өндірістік нысанға тыйым салынды (арест қойылды).

Осылай істеген Маслов пен Ефимкина ғана ма? Бюджеттен ауыл шаруашылығы салаларына көп, өте көп субсидия бөлінеді. Бірақ мұрты майланған шаруа көп емес. Күні-түні далада жүріп, онсыз да тотыққан жүздерін уайым мен күйініштен әбден әжім басқан. Сонда субсидиялар қалай ұрланып жатыр? Айла-тәсілдері қандай?

Мысалы, Масловтың жеткілікті малы болмағанын анықтау қиын болды ма? Иә, келісіп, біреудің малын айдап әкеліп, фото-видеоға түсіріп, жалған есеп берген шығар. Бірақ оны шешім шығаратындардың білмей қалуы мүмкін бе?

Қазір түркістандық диқандардың егін салатын уақыты. Бірақ олар мемлекеттен берілуі керек қаражатты әлі күтіп жүр.

Әбдімүтәліп Оразбаев, шаруа:
Ертерек халыққа берсе. Осы халық уақытылы амафос беріп, осы халық диқаншылықтан жақсы өнім алса деген ниетпен жүрміз.

Абдулла Мейірбеков, шаруа:
Үкіметтің жәрдемақысын алсақ, біз сол зауыттарға тәуелді болмас едік. Сол ақшаны алып, жұмыстарымызды жүргізіп, шаруалар өз кәсібін дөңгелетер еді. 

Жалпы субсидияның талаптарына сай келмей шет қалған шаруаларды былай қойғанның өзінде құжатын тапсырып тиесілі ақшаны күтіп отырғандар көп.

Арайлым Әлімбекова, ҚР АШМ Стратегиялық талдау және жоспарлау департаменті директорының орынбасары:

Мемлекеттің шаруалар алдындағы берешегі бүгінге күнде 341 млрд теңгедей қаражатты құрайды. Бұл қаражат бюджеттің бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен төленетін болады.

Қарызды былай қойғанда, соңғы сегіз жылда ауыл шаруашылығына берілетін субсидия көлемі екі жарым есе өскен.

Арайлым Әлімбекова, ҚР АШМ Стратегиялық талдау және жоспарлау департаменті директорының орынбасары:
Ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған субсидиялар 2017 жылғы 260 млрд теңгеден 2025 жылы 622 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Бұл 2,5 есе өсім болды. Жалпы алғанда саланы субсидияландыруға 3,6 трлн теңге бағытталды. 2017 жылдан 2025 жылға дейін.

Ендеше неліктен субсидияны уақытында ала алмай, түрлі қаржылық ұйымдарға алақан жайған шаруа көп? Сонда анау айтқан миллиардтар қайда кетіп жатыр?

Жоғары аудиторлық палата 2025 жылдың қорытындысы бойынша мынадай есеп берген: шаруашылық ретінде тіркелмеген 2,5 мыңнан астам ұйым жалпы соммасы 5 млрд теңге субсидияны иемденген. Бұны бір деңіз.Тағы 3 мыңға жуық субъекті қаржының есебін көрсететін цифрлық базасы жоқ болса да 5,4 млрд теңге субсидия алған. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы субсидиясына байланысты 96 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Махамбет Тайғаренов, Шаруа қожалығының жетекшісі:
Тұрақтылық жоқ. Бір министр қабылдап жатса, келесі келген басшы оны алып тастап, жаңа бағдарлама шығарады. Мысалы, бордақылау жағынан бір кезде 500 басқа субсидия деп, жақсы программа шығып жатқан. Артынша 5 мың бас жасап қойды. Біз уже субсидиядан айырылдық. 5 мың басты екінің бірі ұстай алмайды.

Осы тұсқа келгенде кәсібі шағын және орта шаруалардың ойы бір жерден шығады. Субсидия талаптарында басымдық шаруашылығы ірі фермерлерге беріледі.

Марлен Баймағамбетов, Шаруа қожалығының иесі:

Сіз жас ауыл тұрғынысыз. Қожалық ашқыңыз келеді. Соңғы жер беру талаптары: Сенде 300 бас қой болуы керек, 100-ден астам ірі қара мал болуы керек. Сенде қайдан болады? Яғни бұл үлкен шаруашылықтарға ыңғайлы жасалып тұр да.  

Яғни, «бар гәп субсидия ережесін талқылаудан басталады» дейді  шаруалар. Дәлірегі – талқыламаудан.

Марлен Баймағамбетов, Шаруа қожалығының иесі:

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережелері, жобалары «Атамекенде» иә болмаса аудандарда, ауылдарда көпшілікпен талқыланбайды. Көпшіліктің пікірлері ескерілмейді. Ол жерде өздері агрокеңес деген жасаған 1000 бас, 10 000 бас ұстайтындар жиналған. Олар өзінің мүддесін қорғап, өзінің шаруасын өткізеді.

Еркінғали Батырғалиев, Агротехникалық университеттің сынау орталығының зертхана меңгерушісі:

Қазақстанда ақпараттық жүйелер бар. СӘЖ дейді. Аталған жүйелерде де олар жалпы ақпаратты жинайды. Бірақ оларда өңдеу жоқ. Иә, мысалы мал басын шығарады. Бірақ оған иә ветеринарлық саланың болмаса азықты жоспарлау салалары енгізілмеген.

Субсидияның есебіне келгенде де солай. Шағын шаруаларға берілген қаражаттың сұрауы қатты. Ал ірі кәсіпкерлерге...

Марлен Баймағамбетов, Шаруа қожалығының иесі:

Ереже солай жазылған. Ереже солай өтіп тұр. Кіші шаруашылық мал алып, мал жоғалып қалып шығын болса оны қайтартады.  Ал үлкен жобалар миллиардтаған ақшалар оларда анализ жоқ. Ол қаншалықты жұмыс істеп жатыр, қайда кетіп жатыр? Егер банкрот болса неге қайтарылмайды деген сол ақша. Неге ол қайтарылмайды? Ол мемлекеттің ақшасы ғой.

Мақсат Балғазин, «Ақтөбе фермерлер орталығы» қауымдастығының төрағасы:

Алаяқтардың жұмысы. Малы жоқ алаяқтар субсидия алып отырған. Бірақ менің өзімнің пікірім бұл билік өкілдерінсіз істелінбейтін нәрсе. Неге десеңіз ол мал тексерілуі керек. Ол малға ветеринар баруы керек. Қанын алуы керек, ол мал болмаса оған субсидия беріліп жатса ол келісілген.

Соңғы жылдары мемлекет пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудан жеңілдетілген несиеге көшіп жатыр. Былтыр шаруалар 1 триллион теңге жеңілдетілген несие алды деген ақпарат бар. Бірақ оны кім алды деген де сұрақ бар...

Мақсат Балғазин, «Ақтөбе фермерлер орталығы» қауымдастығының төрағасы:

Жеңілдетілген несиеге жаңа ереже қабылдады сонда сүтті тауар фирмаларға 400 бастан жоғары, мына етті бағытты зауыттар 5 мың бастан жоғары дейді. Неге 1 пайызбен несие алады тек ірілер? Қазір кіші шаруашылық өзіне қора, жабдық салатын болса оған субсидия жоқ. Ал 5 мың басқа салатын болса оған мемлекеттен өте жоғары субсидиялар бар.

Шаруаға деп бөлінген миллиардтардың әлдекімдердің қалтасына кетуі ол тек жемқорлық мәселесі емес. Егер субсидия әрі қарай да даму емес, даудың құралы бола берсе еңбектің де құны жоғалады. Соңғы екі жылда 24 мың шаруа қожалығы жабылып қалғаны жақсы статистика емес.





Бөлісу