Басты Жаңалықтар Павлодарда коалиция мүшелері жастармен кездесті

Павлодарда коалиция мүшелері жастармен кездесті

Павлодарда жалпыұлттық коалиция мүшелері жастармен кездесті. Жүздесуде жаңа конституцияның жобасы елдің тұрақты дамуына кепіл болатын маңызды құжат екені айтылды. Ең бастысы Ата заңға енгізілген жаңа нормалардың жастар үшін мәні айрықша, жас буынның қоғамдық-саяси белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді дейді олар. 

Жазира Бөпелекова, «Amanat» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» ЖҚ мүшесі:

 Ең ұнайтын баптардың бірі бұл еріктілер жайлы бап. Өздеріңіз білетіндей биылғы жыл еріктілер жылы болып қабылданған болатын. Еріктілер Қазақстанның бірігетін күштері. Қарттарға көмектесу болсын, жағдайы төмен отбасыларға көмектесу болсын барлығы кіретін жағдаят деп ойлаймын. Маған осы еріктілер бабы, ерікті болу жаныма жақын.

Ал, аға буын  Референдум өткізу қоғамның түпкілікті мүдделерін қамтамасыз етуден туындап отырғанын айтады. Себебі, Жаңа Конституцияның жобасы барлық сала бойынша жаңашылдықты қамтиды. Цифрлық ортада азаматтардың қауіпсіздігі, шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейту, авторлық құқық, әділеттілік кепілдіктері, экологиялық жауапкершілік Конституциялық нормаға айналады.

Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл Конституцияның осы «Заң мен тәртіп» қағидасы болсын, «Әділетті Қазақстан» идеясы болсын бұл адамдардың құқығының терең қорғалуына бағытталған дүние. Осыны біз терең сезініп түсіне алуымыз керек.

Бөлісу