Бюджеттің тиімсіз игерілуіне не себеп?
Бейнелеп айтқанда, «тұрып жатқан кешеннің» іргетасына дейін ревизия жүргізбесе, ахуалдың оңалмайтынын бәрі біліп отыр. Президент осы жиында бюджет қаржысын игерудің қазіргі критерийінен бас тартуды ұсынды. «Мұны кім шығарып жүр? Жылдың соңында бюджетті игеру керек деген жарыс басталады. Басқаша айтсақ, бұл – қаржыны оңды-солды шашу деген сөз...» деп есептейді.
Бюджет қалай жоспарланып, қалай бөлінеді өзі? Біз орталықтың аймақтармен қарым-қатынасына тоқталамыз. Таразының бір басында жергілікті бюджеттің жағдайын біле тұра, көтере алмайтын жүкті артып қою, екінші басында – қазына қаржысын әйтеуір жұмсап үлгеру керек деп, таныс пен жақынға бөліп беру.
Раушан
Сайлауқызы, тілші:
Әуелі бюджет жобасы қалай әзірленеді деген сұраққа жауап берейік. Әр мемлекеттік орган өзіне қажетті жобаның жоспарын жасап, өтінімін береді. Содан соң, салық, мұнай және басқа да түсімдер есептеліп, кірістің болжамы жасалады да бюджеттік жоба әзірленеді. Ол екі деңгейде жүзеге асады. Алғашқысы - республикалық бюджет. Оны Үкімет әзірлеп, Парламент қарайды және бекітеді. Президент қол қойғаннан кейін күшіне енеді. Ал екіншісі - жергілікті бюджетті әкімдік дайындап, мәслихат бекітеді. Бекітілген соң ғана қаражат нақты бюджеттік жобаларға бөлінеді.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Бюджеттің екі түрі бар. Біріншісі жаңағы әлеуметтік тұрақты бюджет, айлықтарын, ақыларын төлейді. Ол төлене береді, жүре береді. Екіншісі даму бюджеті. Даму бюджеті мектеп салу, жол салу дегендер ол даму бюджеті.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Қаражаттың дұрыс игерілмеуі - осы даму бюджетіне қатысты. Мысалы, ауылдағы бір жолды жөндеу жобасы ұсынылды делік. Әуелі, ауыл әкімі жобалық-сметалық құжат әзірлеп, аудандық немесе облыстық әкімдікке жібереді. Оны қаржы басқармасы қарап, қажеттілігін тексереді. Әкімдік бір қарап, бекіту үшін мәслихатқа ұсынады. Олар мақұлдаса, қаражат бөлінеді. Бұдан әрі мемлекеттік сатып алу жүргізіліп, конкурс жарияланады, мердігер анықталып, ортақ келісімшарт жасалады. Келісімшарт қазынашылық жүйесінде тіркеледі. Жұмыс актісі жасалып,мердігердің шотына қаражат аударылады. Жобаның орындалу барысын ішкі аудит қадағалап, тексеріс жүргізеді. Осылайша бір ғана жол жөндеудің өзі 10 шақты кезеңнен өтеді.
Қаржы мамандарының айтуынша, қаражатты тиімді игере алмаудың бірінші себебі осы. Яғни, тексерістің көптігі, бюрократия.
Омархан Өксікбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы:
Біз қазір бюджет процесінде 4 бюджет деңгейін жасап тастадық. Республикалық бюджет, облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық. Сондықтан түпкі қаржының жететін жеріне дейін барғанша, республикадан қаңтарда шықса, ауылдағы бюджет сол ақшаны ең ерте дегенде наурыз айында алады.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Бізде енді бақылау жүйесі өте қатты күшейіп кеткен. Бір бақылаушы бар, оның үстінен де бақылаушы бар. Ол бақылаушы дұрыс бақылап жатыр ма деген сияқты. Осының барлығы бюрократиялық машинаның үлкеюіне алып келді.
Шолпан Әйтенова ,«Zertteu Research Institute» атқарушы директоры:
Қазақстанда 700 түрлі есеп беру формалары бар. Солар 317 жергілікті атқарушы органдар толтырып, республикалыққа жіберу керек. Өте көп есеп формалары бар - бұл біріншіден, өте үлкен жүктеме.
Осы кезеңдерден өткен соң мемлекет өзіне қажетті қызмет пен тауарларды конкурс арқылы сатып алады. Бұл да лезде жүзеге асатын процесс емес.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Біздегі барлық игерулер мемлекеттің сатып алу системасына байланысты. Құжаттардан шикілік шығады немесе бір компания екіншіге разы болмай дауласады, сосын жаңағы тендерді тоқтатады да, соларды қайта қарайды. Жылдың басында сатып алу тиісті тендерлер жылдың ортасына дейін созылады.
Омархан Өксікбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы:
Машина немесе тракторына бір сайман керек болады. Мысалы, оны Оралдан біреу ұтып алады. Ал енді Талдықорғанға оны жеткізгенше қандай баға болады. Оны ұтып алады да әкелмейді. Алуға тиімсіз. Ақыр аяғында 3-4 рет конкурс өткізеді. Сонымен ақша игерілмей қалады. Ақыр аяғында трактор да жөнделмей, жер жыртылмай немесе көше тазартылмай қалды. Міне, осындай дүниелер өте көп.
Ащы күлкі туғызатыны - бір-бірін тексеріп отырса да, бөлінген қаражатты үптеп кететіндердің көп екені айтпаса да түсінікті жайт.
Омархан Өксікбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы:
Әрине, оның ішіндегі жаңағы бағытсыздық та бар, сыбайластық та шығып жатады. Ол мемлекеттік тапсырыстардан туындап жататын айдан анық дүние. Оның арғы жағында ұрлық-қорлық та бар.
Шолпан Әйтенова ,«Zertteu Research Institute» атқарушы директоры:
Бюджеттік жымқыру қалай анықталады? Шенеуніктер инфрақұрылым салуда 100 пайыз салынды деп акт толтыруы мүмкін. Ал негізінде тексеру жасағанда ол жұмыстар жасалмаған. 80 не 90 пайыз жасаған.
Ал жобаның орындалу барысын қадағалайтын мемлекеттік аудиттен кей шенеуніктер сескенеді де қаражатты оңды-солды жұмсай салады.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Аудиторлардың логикасы сондай, егер жоспарлап қойып істемесе, демек ол жоспарын орындай алмай отыр, дұрыс жұмыс істемейді деген балл қойып береді. Сол үшін дұрыс жұмыс істемей, артқа қалмас үшін барлығы ақшаны игеруге тез тырысады.
Ринат Зайыт, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бүгін игерілмесе мәселенің бәрі бітті деген сөз емес. Қайтарып алудың өзі де көп қиыншылық тудырады. Сен игермедің деген бәледен құтылу үшін премия таратады. Басқа бір керек емес дүниелерге жұмсалады. Жүйелі түрде жұмсалып жатқан нәрсе. Сондықтан мұны тыю үшін талаптарды өзгерту керек.
Кейде жобаның жоғары жақтан мақұлданып қаражаттың бөлінуі әкімнің авторитеті мен тамыр-таныстыққа да байланысты.
Омархан Өксікбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы:
Қай әкім пысық болады, қай әкім үкіметке өзінің сөзін өткізе алады, қайсы сөзшең болады, сол көбірек ракметақша алады.
Бірақ сол пысықай әкімдердің ұсынған жобасы шикі болады да қаражат тағы дұрыс игерілмей қалады.
Омархан Өксікбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы:
Ол құрылыс салатын болса, бұл жерде құрылыс алаңы, инфраструктуралық жағдайлардың бәрі дайын болу керек. Міне, осы жерде ертеңгісін ол келеді, қалыптастарады, біз саламыз, бірақ әлі де оның ана жақтағы дүниесі дайын емес. Ал мына жақтан ақшаны әйтеуір алдап-сулап немесе үгіттеп алып шығады ақшаны, сосын игерілмей жатады.
Ал ең басты проблемалардың бірі - маман тапшылығы және орталықтың өзге аймақтармен түсінісе алмауы.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Аймақтарда мамандар, мықты экономистер проблемасы бар. Тәжірибесі бар адамдарды Астана, үлкен қалаларға алып кетеді. Екіншісі, ортақ түсінік. Шенеуніктердің миы қатып қалған сияқты белгілі бір формацияда, оларға басқаша айту керек пе?.. Сол үшін аймақ түсінбейді, адамдар түсінбейді. Сондықтан қауіпсіз деп ойлап бюджетті баяғыдай жүргізе береді.
Жоғары аудиторлық палата 2023 жылы 489 млрд, 2024 жылы 475 млрд, 2025 жылдың тек бірінші тоқсанының өзінде 355 млрд теңге тиімсіз игерілгенін анықтады. Бұл үрдіс жыл сайын қайталанатын және үнемі айтыла беретін өзекті проблемалардың бірі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент тақырыпқа тағы да тоқталып, 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жалпы, бюджетті асығыс игеру дұрыс емес. Мұны кім шығарып жүр? Жылдың соңында бюджетті игеру керек деген жарыс басталады. Басқаша айтсақ, бұл қаржыны оңды-солды шашу деген сөз. Жұмыс тәртібін қайта қараңыздар.
Ал жұмыс тәртібін қалай реттеуге болады?Бюджет қаржысын тиімді игеру үшін қаржы мамандары тендерден мүлдем бас тарту керек деп есептейді.
Омархан Өксікбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы:
Біз биржа қызметін жасауымыз керек. Тауарлар биржасын жасауымыз керек. Сонда бүкіл республика бойынша ешкім ештеңе жасамай, өзінің өңірінде тиімді бағасымен алып, сол қызметті тендерсіз өткізе беруге болатын еді.
Айбар Олжай, экономикалық шолушы:
Цифрлық теңге қойып тастау керек, адамдарды баяғы психологиясынан арылту керек. Мемлекеттік бюджет ол баюдың жолы емес, ол үлкен жауапкершілік. Әр мемлекеттік тиынның артында сұранысы бар. Бірақ ол бюджет аралық қатынастарды цифрлыға қойып тастасақ, онда жемқорлықпен айналысу мүмкін болмай қалады.
Демек таразының бір басында жемқорлық, әкімшілік-әміршілдік жүйе, екінші басында мемлекетшілдік қасиет.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы