Басты Жаңалықтар Жылы қысқа үйренген жұрт қатал қысқа дайын болмай шықты

Жылы қысқа үйренген жұрт қатал қысқа дайын болмай шықты

Елімізде жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі бір жолға қойылмаған. Бұлардың бәрін басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ деген Президент Үкіметке биыл жасақталған «Мал шаруашылығын дамыту жоспары» арқылы осы олқылықтарды жоюды тапсырды. Дәл осы мәселе Атырау облысы Исатай ауданының шаруаларын алаңдатады. Өйткені биылғы қыс шалғайдағы шаруа қожалықтары үшін қиынға соққан. Жейтін шөптің жоқтығынан 100-ге тарта жылқы қырылып қалған. Ал жемнің бағасы шарықтап тұр. Жергілікті билік мәселені қалай шешпек? Шаруалар не дейді? 

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Қаңтар айының ортасында екі күн қатарынан жауған нөсер жауынның соңы қарға ұласқан. Кейін аяз тұрып, айналаның барлығы дәл осылай қатып қалған. Түзде жайылатын жылқы малы салдарынан тебіндей алмай көтерем болып, аштықтан өліп жатыр. Көріп тұрсыздар, бұл жерде жейтін қылтанақ шөп жоқ.

Қамысқала ауылдық округінің тұрғыны Бауыржан Ищанов соңғы жиырма жылдықта мұндай қыс көрмегенін айтады. Шаруалар жылы ауа райына әбден үйреніп қалған. Жыл басталғалы 4 бас жылқысынан айырылған ол қазір малдарын қорасында ұстап бағып отыр.

Бауыржан Ищанов, Қамысқала ауылдық округінің тұрғыны:

2006-да көрдік, содан кейін қыс көрген жоқпыз. Көп адам оған дайын болмады. Негізі мал азығын әлгі қыстың қамын жазда, жаздың қамын қыста ойла дейді ғой. Кішкене бір ойланбай қалдық, жасыратыны жоқ.

Жалпы, Исатай өңірі шөлейтті, жаңбыр көп жаумайтын әрі экологиялық аймаққа жатады. Салдарынан маусым кезінде жем-шөп жинау қиынға соғады. Мәселен, өткен жылы мал азығын дайындау тек 87 пайызға орындалған.

Рафиғат Тәжіденова, Қамысқала ауылдық округінің әкімі:

Шабындық жерді пайдалану біздерге өте қиын. Мысалы, бізде Қамысқала ауылдық округінде 70 шаруа қожалығы болса, соның 9-ында ғана шабындық жер бар. Ал тоғыз қожалық бүкіл ауылдағы жеке шаруашылыққа да, не болмаса әріптестеріне де мал азығымен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ.

Сырттан әкелінетін жем-шөп бағасы шарықтап тұр. Бір орам шөптің құны 10 мыңнан 15 мың теңгеге дейін саудаланады. Ал жемнің бір қабы 3600 теңге шамасында. Тым қымбат. Мәселені шешу мақсатында әкімдік жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен көршілес БҚО-нан 39 тонна тартылған бидай жемін өз бағасымен қамысқалалық шаруаларға үлестіріп берді. Енді бұл науқан Тұщықұдық, Аққыстау ауылдарында жалғаспақ.

Нұрым Мусин, Исатай ауданының әкімі:

Ангар салу жоспарымыз бар, үнемделген қаржыдан. Сосын мына Қостанай, СҚО-дан күз айларында қолжетімді бағадағы жем-шөптерді осы ангарға жинап алып, қыс қатты қысқан уақытта тұрғындарға қолжетімді бағада жеткіземіз.

Қазір ауданда мал шығынын нақтылау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар шаруаларға қыстық жем-шөп қорын ерте қамдаудың маңызын түсіндіріп, алдын алу шараларын күшейту қажет екенін айтады. Табиғат тосын мінез танытса, дайындықтың мығым болуы – басты талап.

Бөлісу