Басты Жаңалықтар Таразда 300-ден астам жыр-термені жатқа білетін талант тұрады

Таразда 300-ден астам жыр-термені жатқа білетін талант тұрады

Тараз қаласында ертедегі жыраулардың 300-ден аса жыр-дастанын жатқа білетін жігіт бар. 25 жастағы Бекарыс Көштаев тіпті «Алпамыс батыр» жырын 4 сағат тоқтамай айта алады. Бағзыдан жеткен бабалар сөзін домбыра үнімен көмейіне салған азамат жуырда ұстаздыққа бет бұрды. Бүгінде бір топ шәкірт тәрбиелеп отырған өнер иесімен Данияр Әлімқұл тілдесіп қайтты.
Осылай «Алпамыс батыр» жырын 4 сағат тоқтаусыз айтатын Бекарыс қолыма домбыраны 8-сыныпта кеш алдым дейді. Бірақ халқымыздың жырмен жазылған бай тарихын баяндауға кешікпепті. Иә, ертеректе ұлт тарихы өлеңмен өріліп, жырмен жеткен. Ал Бекарыс түркі жұртының төл әдебиетін Тоныкөктен тартып, Күлтегінмен келтіреді. Даланың дарабоз жыраулары Бұқар жырау, Қабандардың айтқандарын дәріптеп жүр. «Қобыландыны» қозғап, Жамбылдың «Сұраншы батыр», «Қыз Жібек» секілді іргелі дастандарын іркілмей жырлайды.
Бекарыс Көштаев, жырау:

17-18 ғасырдан бері қарайғы жырларды орындап, айтып жүреміз. Менің орындайтын мақамдарым Жетісу өңіріне тән мақамдар. Қазіргі таңда біз бөліп-жарып жатамыз ғой орындаушыларды. Мынау күйші, мынау әнші, мынау жыршы, мынау орындаушы деген секілді. Ал бұрынғы кезде мұның бәрі синкретті өнер, бір адамның бойынан табылатын болған. Сол заманның бір театры болып есептелген бір жыраудың өзі.
Оның орындауында эпикалық кезең, эпостық жырлардың кең арнасы толқын атып тұрады. Жорық жырларынан бөлек, тәлімді термелер де бар. Қазақ дарынды күйшісін дәулескер десе, жырауын даңғайыр деп әспеттейді. Астанадағы Еуразия Ұлттық университетін тәмәмдаған Бекарыс бір ай бұрын шәкірт тәрбиелеуге көшті. Бүгінде облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығында тегін үйірме ашып, балалардан бөлек, кәсіби мамандарың өзіне де жыр-дастандарды үйретеді.
Әсел Мұратқызы, 8-сынып оқушысы:
Біз осы жыр арқылы көбірек өнеге алып жүрміз. Осы жырдың арқасында ата-бабаларымыздың қандай халық болғанын, батыр халық болғанын көреміз. Жырды тек жатқа айтпаймыз, біз оны жүрегімізбен сезініп, насихаттаймыз.
Ахметжан Өзбеков, облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының директоры:
Соңғы бір 20-30 жылдың көлемінде баяғы бабалардан қалған мақамдардың көбісі тартылмай, баяғы бабалардың шерткен домбыра шертісі жоғалып бара жатыр. Мысалы, қазір Сүйінбай, Жамбылдың жырлаған «Саурық, «Сұраншы батыр» жырларын жырлап беретін адамдар аз біздің ортамызда. Бекарыс бауырымыз бірегейі.  Бабалардың жүрген жолын да, өнерін де жаңғыртып жүрген жігіт.
Жыр-дастанның сарынына сусаған Бекарыс бүгінде жыраулар жайлы ғылыми мақалалар жазып жатыр. Сондай-ақ ол өзінің ұжымымен бірге Қаратау мен Алатаудың арасында ізі қалған жыраулар туындысын түгендемек. Сөйтіп олардың жыр мақамдарын музыка тілінің мәтіні – нота нұсқада кітап қылып шығаруды жоспарлап отыр.

Бөлісу