Еліміздің басым бөлігінде күн күрт суытады
Астанада қолайсыз ауа райына байланысты 18 әуе рейсі кешіктірілді. Оның 8-і басқа қаладан ұшып келетін, қалғаны елордадан ұшып кететін рейстер. Халықаралық әуежайдың баспасөз өкілдері тоқтаусыз жауып жатқан қардың салдарынан әуе кемелеріне мұзға қарсы өңдеу жүргізу мүмкін болмай жатқанын хабарлады. Сонымен бірге жолаушыларға өз рейстері бойынша ақпаратты онлайн табло немесе әуе компаниялары арқылы анықтау керегін айтады. Сондай-ақ ел бойынша 6 аймақта республикалық маңызы бар жолдар жабылды. «Қазавтожол» өкілдерінің айтуынша, Астана қаласы мен Қарағанды, Абай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей аумағында жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізілсе, басқа аймақтарында барлық көлік түрі үшін жол жабық. Осыған дейін синоптиктер алдағы үш күнде республиканың басым бөлігінде күн райы бұзылатынын хабарлаған еді. Солтүстік пен орталықта -30 градусқа дейін аяз күшейеді дейді. Ал солтүстік, солтүстік-батыс, орталық, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде қар аралас жаңбыр жауады. Шығыс аймақтарда да жауын-шашын күтіледі. Елдің басым бөлігінде боран, көктайғақ, бұршақ және екпінді жел болуы ықтимал.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы