Абай облысында жаңа зауыттың құрылысы басталды
Абай облысының Ақтоғай кен орнында мыс балқыту зауытының құрылысы басталды. Салтанатты рәсімге Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір режимінде қатысып, сөз сөйледі. Нысанды тұтас ел экономикасының өркендеуіне тың серпін беретін аса маңызды жобаның бірі деп атады.
Тау-кен металлургиясы – мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызы зор сала. Президент былтырғы жолдауында бірқатар міндет қойған еді. Сондықтан жаңа зауыттың құрылысын осы бағытта істеліп жатқан белсенді жұмыстың нәтижесі деп айтуға болады.
Елімізде 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Қазақстанда жылына шамамен 160 миллион тонна кен өндіріледі. 3,5 миллион тоннаға жуық мыс концентраты шығарылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңа кәсіпорын жылына 300 мың катодты мыс шығарады. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге жетеді. Осы зауыт іске қосылған соң Қазақстан жоғары сапалы тазартылған мыс өндіретін жетекші елдердің ондығына кіре алады. Бұдан бөлек, аталған кәсіпорында алтын және күкірт қышқылы өндірілмек.
Кәсіпорында кен байытудан бастап одан дайын металл шығаруға дейінгі толық өндірістік цикл қарастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Озық шешімдер кәсіпорынның өнімділігін арттырып, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, апаттардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жақында өткен AI & Digital Bridge форумында мен Үкіметтің алдына нақты міндет қойдым. Зауыт салу барысында осы мәселені ескерген жөн.
Президент кәсіпорын акционерлерінің алдында өте маңызды міндеттер тұрғанына, әсіресе, жұмысшылардың заңды әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету қажет екенін айтты.
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
Жалпы құны 800 млрд теңгені құрайтын бұл көптен күткен жоба. Өңірдегі экономиканың дамуына елеулі үлес қосады. Ең бастысы кәсіпорын іске қосылғаннан кейін мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына жаңа мүмкіндіктер ашылады.
Жобаны KAZ Minerals тобы жүзеге асырады, ал қытайлық NFC компаниясы – инженерлік серіктес. Бастамаға шамамен 1,8 миллиард доллар инвестиция салынады.
Вэнь Ган, China Nonferrous Metal Mining Group директорлар кеңесінің төрағасы:
СNМС Қазақстанда 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, бірқатар ірі өнеркәсіптік жобаларды табысты жүзеге асырды. Біз өз тәжірибеміз бен технологиялық мүмкіндіктерімізді толық пайдаланып, құрылыстың сапалы, қауіпсіз және белгіленген мерзімінде аяқталуына бар күшімізді саламыз.
Зауыт алғашқы өнімін 2030 жылы шығара бастайды деп жоспарланған. Кәсіпорында мыстан бөлек, алтын, күміс және басқа да ілеспе өнімдер шығарылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы