Маңғыстаудағы «Қызылсай» табиғи паркін дронмен бақылайтын болды
Маңғыстау облысындағы «Қызылсай» өңірлік табиғи паркі дронмен бақыланатын болды. Жаңа технология парк аумағындағы қауіпсіздікті күшейту үшін енгізіліп отыр. Өйткені соңғы уақытта табиғаты көркем мекенге саяхаттап келушілер төңіректі жиі ластайтын болып жүр. Заманауи құрылғы арқылы мамандар табиғи аумақтағы жағдайды әуеден бақылап, заңсыз әрекеттердің алдын алады.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Қызылсай мемлекеттік өңірлік-табиғи паркінің аумағы 370 мың га, мұнда алабарыс, арқар, ителгі сияқты Қазақстанның қызыл кітабына енген сирек кездесетін аң-құстар мекендейді. Мемлекеттік инспекторлардың бақылайтын аумақтарының бірі-осы Бозжыра шатқалы. Мұнда олар туристердің қауіпсіздігін, аң-құстардың тыныштығын күзетеді.
Бозжыра шатқалына фото-бейнетіркегіш құрылғылар қойылған. Соның арқасында инспекторлар биыл көктемгі санақта 1500-ден астам Үстірт арқары мен 200-дей қарақұйрықты тіркеген. Ал былтыр азиялық қабыланның жем іздеген сәті камераға түсіп қалған.
«Қызылсай» паркінің құрамына «Тасорпа», «Манашы», «Жабайұшқан», «Адамтас» мемлекеттік табиғи орындары кіреді. Мұнда жабайы жануарлар мен құстарды үркітіп алмау үшін дрон арқылы бақылау жүргізіледі. Сондай-ақ туристерге табиғат аясында қоқыс қалдырмау және экологиялық талаптарды сақтау түсіндіріледі. Біз тілдескен Алекс Вайдес пен Изабелла Табаччи Маңғыстаудың көрікті жерлерін фотоға түсіру үшін арнайы келіпті.
Алекс Вайдес, турист /Италия/:
Ақтау әуежайына қона салысымен көлік жалдап, табиғаты таңғажайып осы мекенге жол тарттық. Әріптесім Изабелла екеуміз Еуропаның жетекші басылымдарында фототілші болып жұмыс істейміз. Қазақстанға саяхаттаудың қаншалықты қолайлы әрі, ең бастысы қауіпсіз екенін өз көзімізбен көріп, әлемге танытуды мақсат еттік.
Изабелла Табаччи, турист /Италия/:
Бізге Бозжыра маңындағы Боқты тауы туристер жиі баратын көрікті орындардың бірі екенін айтты. Енді, міне, осы ғажайып мекенді өз көзімізбен көріп, ерекше пішініне таңғалып тұрмыз. Таудың бейнесі Қазақстанның 1000 теңгелік банкнотында бейнеленгенін білгенде, тіптін таң қалдық.
Туристер әсіресе жаз мезгілінде, табиғат аясында бірнеше тәулік аялдайды. Мұндай жағдайда от жағылмауы үшін мемлекеттік инспекторлар турфирмалардың саяхатшыларды ыстық тамақпен, ауызсумен, шатырмен әрі биоәжетханамен қамтамасыз етуін қатаң қадағалайды.
Саламат Қанбаев, «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи парктің бөлім басшысы:
Былтыр 7 мың жарымға жуық турист келген болатын. Қазіргі таңда 2026 жылдың 9 айлық есеп көрсеткішінде 7 мыңнан асып, 8 мыңның жобасында келіп жатыр. Осы аумаққа келгенде табиғи ландшафтар дейміз ғой. Тау-тасты бүлдірмеуге, маршруттан тыс жерлерге жүрмеуге, от жақпауға, қоқыс тастамауға деген сияқты түсіндірме жұмыстары үнемі жүргізіліп отырады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың күзету режимін бұзу деректері де анықталған. Соңғы екі жылда аумаққа рұқсатсыз кіріп, табиғи ландшафтты бүлдіргені үшін 20-шақты саяхатшыға әкімшілік хаттама толтырылған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы