Ата-анаға қамқорлық жасау – конституциялық міндет
Жаңа Ата заң жобасы референдумға шығаруға дайын. Бүгін Конституциялық комиссияның кезекті отырысында саясаттану Марат Шибұтов осылай деді. Комиссияның 10-отырысында жаңа Конституцияда адам, азамат және шетелдіктердің құқығы нақты айқындалатыны айтылды. Құжаттан Құрылтайдың комитеттері мен комиссияларын құруға қатысты тармақ алынып тасталады. Жиында тағы қандай ұсыныстар көтерілді? Нұрсұлтан Тілектес жалғастырады.
Кәмелетке толған жұмысқа жарамды балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасауы жаңа Конституцияда бекітілмек. Мәжіліс депутаты Бақтығожа Ізмұхамбетов жаңа Ата заңға егде адамдарға қатысты осындай норма енгенін айтты.
Бақтығожа Ізмұхамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:
Аға буын үшін маңызды тармақ − кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалардың еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасау міндетін Конституцияда бекіту ұрпақтар сабақтастығы мен отбасылық ынтымақтастықты күшейтеді.
Волонтерлік қызмет конституциялық деңгейде бекітіледі
Отырыста волонтерлік қызмет те Конституцияда бекітілгені айтылды. Яғни волонтерлік енді – жай ғана «жақсы ниет» емес, мемлекет мойындаған қоғамдық құндылық болады.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Сот төрағасының орынбасары, Конституциялық комиссия мүшесі:
Қазақстанда волонтерлік қозғалыс белсенді дамып келеді. Ол туралы өткен отырыста әріптесіміз Вера Ким ханым жақсы айтқан болатын. Комиссия қарауына волонтерлік қызметті конституциялық деңгейде бекіту туралы ұсыныстар түсті. Волонтерлік қызмет туралы заңды және азаматтардың ақысыз, ерікті көмегінің мұқтаж адамдарға қажеттігін, қоршаған ортаны қорғаудағы маңызын ескере отырып, бұл ұсыныс қолдады.
Осыдан 5 жыл бұрын волонтерлер саны 50 мың болса, бүгінде 300 мыңға жеткен. Ұйым саны 4 есе өсіп, 800-ге жуықтаған. Биыл халықаралық еріктілер жылы деп жарияланғаны белгілі. Бастаманы Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-сессиясында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп, ұсыныс жаһандық ауқымда қолдау тапқан еді. Ал енді еріктілердің қызметі елімізде конституциялық деңгейде бекітіліп отыр. Алдағы уақытта волонтерлердің цифрлық паспорты жасалуы мүмкін.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Конституцияда меншіктің барлық түрін тең қорғауды бекіту ұсынылды. Оның айтуынша, қолданыстағы Конституцияда меншіктің тек екі түрі ғана көзделген – мемлекеттік және жекеменшік. Ал заманауи экономистер кемінде 5-6 түрлі меншік түрін бөліп көрсетеді. Олардың қатарына муниципалдық, кооперативтік меншіктер бар.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:
Осыған байланысты Ақжол демократиясы партиясы атынан жаңа Конституция жобасының сегізінші бабының бірінші тармағын келесі редакцияда баяндауды ұсынамын. Қазақстан Республикасында меншіктің барлық түрлері танылады. Оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады.
Саясаттанушы: Конституция жобасы референдумға шығаруға дайын
Конституциялық соттың һәм Конституциялық комиссияның төрағасы Эльмира Әзімова жаңа Ата заң жобасын техникалық және мазмұндық тұрғыдан пысықтау бойынша елеулі жұмыс атқарылғанын айтты. Сонымен қатар азаматтардан түсіп жатқан ұсыныстар шамамен 5 мыңға жеткен. Ал саясаттанушы Марат Шибұтов Конституция жобасы референдумға шығаруға дайын деді.
Марат Шибұтов, саясаттанушы, Конституциялық комиссия мүшесі:
Жаңа Конституцияға енгізілген әрбір тұжырым Конституциялық комиссияда жан-жақты талқылаудан өтті, ашық қоғамдық бағалаумен сүйемелденді. Бұл үдерістің күрделі, кейде ыңғайсыз болғанымен, адал әрі әділ түрде жүзеге асты. Қазір бізде түрлі сала сарапшыларының бірлескен еңбегі, әртүрлі көзқарас, тәжірибе мен дүниетаным нәтижесінде жасалған жоба бар. Сондықтан да, менің ойымша, Ата заң жобасы жалпыхалықтық дауыс беруге толық дайын.
Жиында жаңа Конституция жобасы мен қолданыстағы Ата заңдағы адам құқықтарына қатысты баптардағы айырмашылықтар, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы да баяндалды. Жалпы, Ата заңымыздың мәтіні 84 пайызға өзгерген. Дегенмен мұның бәрі әзірге ұсыныс. Талқылаулар әрі қарай жалғасады. Комиссияның келесі отырысы ертеңге жоспарланды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы