Үлгілі ауылындағы үлгілі әже жертөлесін музейге айналдырған
Жамбыл облысы Үлгілі ауылында үйінің үш бөлмесін музейге айналдырған әже тұрады. 65 жастағы кейуана осыдан 2 ғасыр бұрынғы көне заттарды көзінің қарашығындай сақтап келеді. Төрт ұрпаққа тиесілі 400-ден астам тұрмыстық заттардың өз тарихы бар. Жәдігерлерді жиып, жертөлесін музей қылған қарияның шаңырағында Данияр Әлімқұл болып қайтты.
Бұл - бір ғасыр бұрынғы қол диірмен. Ашаршылық жылдары астық тартып, жалпақ тасынан жарма алған. Мұнда ескі бесік, ертоқым, келі-келсап пен кереғаз да бар. Әлимаш әжей үшін 27 жасынан бері жинаған әрбір заты құнды. Бұған дейін барлығын сандықта сақтап, сарайдан сарайға көшіріп келген. Былтыр жертөлесін жайғап, бұрыш-бұрышта үюлі, түюлі тұрған заттардан музей ашқан.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Айталық, мынау осыдан 100 жыл бұрын ауыл адамдарын тасыған ағаш арбаның қосалқы бөлшегі, қос доңғалағы. Дәнді дақылды түйетін келі-келсап 1922 жылы пайдаланылған. Осылайша жертөледегі жәдігерлер өткен ғасырдың қолөнерінен хабар беріп, тұрмыстық салтынан тіл қатып тұр.
Көне заттардың көбі ата-бабадан қалған асыл мұра. Ал 19 ғасырдағы қамзол, кимешек пен ыдыс-аяқ жұбайының анасының заттары. Сондықтан ескі заттарға қарап, енемді сағынамын дейді. Өсиет сөздері, өнеге берген кездері есіме түседі деп естеліктерін оятып, сағынышын сөйлетті.
Әлимаш Теміржанова, Үлгілі ауылының тұрғыны:
Енемнен қалған тірлік өзіме қымбат. Осы күнге дейін, міне, жалғасып келе жатыр. Оқушыларға, жастарға көрсетіп, тәлім-тәрбие беріп келе жатырмын. Мінекей, енемнің енесінің күбісі бар. Ескі заттарға қарап отырып, өзім қазір жуып, қазір қойған сияқты әрбір дүнием. Қарасам, өзім кешегі күнде жүрген сияқтымын. Ана болғаннан кейін анамызды сағынамыз, енемізді сағынамыз, өткен күнді сағынамыз.
Ал аудан мен ауыл оқушылары ою ойып, өрнек тоқуды үйрену үшін Әлимаш әжейдің шаңырағына жиі келеді.
Нұрсезім Темірхан, 9-сынып оқушысы:
Қазақ қыздары қолөнерге жақын болуы керек. Қолөнерден кенде болмауы керек. Әлимаш апаның осы ауылда ашқан жертөлесі, апаның өзі, жалпы, бізге үлкен олжа. Оюдың жалпы негізі 60-тан астам түрі бар еді, осы жерде жүріп, бес-алтауын көрсетіп, көзімізді ашып жатыр.
Жексенкүл Исақова, көркем еңбек пәнінің мұғалімі:
Мектепте біз балаларымызға интерактивті тақталармен, яғни суреттермен көрсетеміз. Ал қазір осы жертөлеге келіп, қолмен ұстау бір ғанибет. Балаларымыз үлкен қуанышқа бөленіп, таңғалып, ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін көріп, тамашалауда.
Айта кетейік, Әлимаш әжей былтыр халықаралық «Қызғалдақ фестивалінде» 200 шаршы метр киіз басуға ат салысты. Сөйтіп Қазақстанның «Гиннес» рекордтар кітабына енді. Енді зейнеткер ел ішіне сауға айтып, көне заттарды көптеп жинамақ. Өйткені қолөнер қоқыс емес, мәдени мұра.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы