Басты Жаңалықтар Конституцияның жаңа жобасы ашық талқылана береді

Конституцияның жаңа жобасы ашық талқылана береді

Ата заңның жаңа жобасы әрі қарай да қоғамда ашық талқылана береді. Конституциялық комиссияның кезекті жиынында бас құжаттың мәтініне талдау жасалғаны айтылды. Терминологиялық тұрғыдан жіберілген қателіктер мен аударма мәселесіне назар аударылып, жан-жақты жүйелі жұмыс жүргізілген. Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтсын.

Ата заңның жаңа жобасы әрі қарай да қоғамда ашық талқыланады. Бұл туралы бүгін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия төрағасы Эльвира Әзімова айтты. Комиссияға e-Өтініш платформасынан 4 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Оның басым бөлігі Конституция жобасының жекелеген баптарының редакциясын жетілдіруге бағытталған нақты әрі мазмұнды ұсыныстар.

Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық Сот төрағасы, Конституциялық комиссия төрағасы:

Қоғаммен жүргізіліп отырған бұл ашық диалог жалғасады. Комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасының ережелерін алдағы уақытта да нақты, мазмұнды және кәсіби деңгейде түсіндіруді жалғастырады.

Ал Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Конституция жобасындағы 18-бапты орыс тілінде нақтылай түсуді ұсынды. Осы баптың 2-тармағында «Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды» деп көрсетілген. Дегенмен, орыс тіліндегі аудармасында «мерзімнен артық ұстау» деген шешуші ұғым көрсетілмей қалған. Сол себепті кейбір мамандар «сот шешімінсіз күдіктіні ұстауға мүлдем болмайды» деп түсіну қаупі бар екенін айтуда.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары, Конституциялық комиссия мүшесі:

Мәтін мазмұнына қарасақ, расында да дәл солай. Кісі өлтіру, басқа да қоғамға қауіпті қылмыстар кідірісті көтермейтіні анық. Қылмысты тоқтату, күдіктіні дереу оқшаулау - құқық қорғау қызметінің ең негізгі міндеттерінің бірі. Тек осыдан кейін ғана сот оны күзетпен ұстау туралы шешімді қабылдайды. Бұл дүниежүзілік тәжірибе саналады. Конституцияның әрбір нормасы анық, түсінікті болуы керек. Сондықтан талқылаудағы осы норманы заң техникасы тұрғысынан қайта қарап, нақтылауды ұсынамын.

Конституция мәтінін түзету үшін талдау жасалып, жүйелі жұмыс жүргізілді 

Конституцияның жаңа мәтіні аударма емес. Ол тұңғыш рет мемлекеттік тілде қайта жазылып жатыр. Осылай деген мемлекеттік кеңесші, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин бұл - қазақ тілінің заң тіліне айналғанын, аясы кеңейіп, өркендегенін көрсеткенін жеткізді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:

Алдымен 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституциядан бір үзінді оқып берейін. Мысалы, қазіргі Ата заңның 13-бабының 1-тармағында былай деп жазылған: «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы». Осыдан не түсінуге болады? Оқыған адам да, тыңдаған адам да ештеңе түсінбейді. Бірнеше рет қайталап оқысаңыз да, түсініксіз. Мен қазіргі ескі Конституциядан бір ғана мысал келтіріп отырмын.

Конституция жобасының мемлекеттік тілдегі нұсқасы бойынша жан-жақты жүйелі жұмыс жүргізіліп, түзеуге журналистер мен тіл мамандары жұмылдырылған. Бірнеше ай бойы жүргізілген үздіксіз жұмыстың нәтижесінде Конституцияның мәтіні түсінікті әрі ұғынықты бола түсті. Калька және ескірген сөздер қайта жазылды.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:

1995 жылы қабылданған Конституцияда кездесетін өрескел қателер, әртүрлі құқықтық шешімдерге жетелейтін терминдер мен тіркестер анықталды. Мысалы, қазіргі Конституцияда «Мемлекеттік Гимн» деп жазылған. Мұны көпшілік «Мемлекеттік Әнұран» деп қолданады. Комиссия мүшелері Конституция жобасына «Мемлекеттік Әнұран» деп енгізуді ұсынды. «Әнұран» – тілімізге әбден енген сөз әрі мағынаны толық береді.

Теңге мәртебесін Конституцияда бекіту ұсынылды

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ата заңның жаңа жобасында барлық салаға назар аударылып отыр. Мәселен, бүгінгі отырыста «Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге» деп нақты бекіту бастамасы көтерілді. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, ұлттық валюта – мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі мен егемендігін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі.

Ең бастысы, төл валюта дербес ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік береді, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, ішкі нарықты қорғайды, әлемдік дағдарыстарға дер кезінде жауап беруге жол ашады.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:

Қазір теңге мәртебесі заңмен реттелген. ҚР Ұлттық банкі туралы заңға сәйкес, ұлттық валютамыз – теңге. Алайда әлемдік қаржы жүйесі өзгеріп жатқан жағдайда бұл мәселені Конституция деңгейінде нақтылау аса маңызды деп ойлаймын. Бұл халықаралық тәжірибеде бар дүние. Түркия, Грузия, Өзбекстан сияқты елдердің конституцияларында қаржы жүйесіне қатысты нормалар көрсетілген. Кейбір мемлекеттер ұлттық валютаның мәртебесін тікелей өз конституцияларында нақты көрсетіп отырғанын байқауға болады. Бұл олардың экономикалық еркіндігі мен қаржылық дербестігін ең жоғары құқықтық деңгейде бекіту ұмтылысын білдіреді.

«Қазақстан заңгерлер одағы» Конституция жобасын референдумға шығару ұсынысын қолдады

Заңгерлер, судьялар, нотариустар, сот орындаушылары және ғалымдар Ата заңның жаңа жобасын кеңінен талқылап, адам құқықтары мен бостандықтарын күшейту, цифрлық кеңістіктегі құқықтық кепілдіктер сынды бағыттарды ерекше атап өтті. Сондықтан «Қазақстан заңгерлер одағы» Конституция жобасын бүкілхалықтық референдумға шығару ұсынысын бірауыздан қолдап отыр.

Серік Ақылбай, «Қазақстан заңгерлер одағының» төрағасы, Конституциялық комиссия мүшесі:

Азаматтардан түскен орынды ұсыныстар да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Олардың едәуір бөлігі жұмыс топтарында талқыланып, жобаға енгізілді. Бұл – қоғам мен мемлекеттің ашық әрі сындарлы диалогының айқын көрінісі. Сондықтан мен жобаны бүкілхалықтық референдумға шығару жөніндегі комиссия мүшелерінің ұсыныстарын қолдаймын.

Осылайша, Конституциялық реформа аясындағы жұмыс ашық форматта жалғасып жатыр. Қоғамнан түскен ұсыныстар ескеріліп, Ата заңның жаңа жобасы мазмұндық әрі тілдік тұрғыдан жетілдіріліп жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл өзгерістер мемлекеттің құқықтық негізін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған. Ал Конституция жобасының түпкілікті тағдырын халық референдум арқылы шешеді.


Бөлісу