Депутаттар Конституцияның жаңа жобасын талқылады
Бүгін Мәжілісте депутат Ермұрат Бапи Конституцияның жаңа жобасын талқылауды күн тәртібіне енгізуді ұсынды. Парламенттегі 6 партияның мүшелері Ата заң жайлы ойларын ортаға салып, пікір білдірді. Ернұр Медет тарқатады.
Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең алдымен елдегі конституциялық реформаны талқылау жөніндегі менің ұсынысымды мәжілістің спикері ретінде күн тәртібіне енгізген шешіміңіз үшін азаматтық алғыс айтамын. Расында осындай орасан өзгеріске қатысты мемлекеттік өкілеттік органның трибусында сөз айтпай, ресми ретте үндемей қалуымызға болмайтын еді. Бұл ертеңгі күні сізге де, бізге де сын боларлық мәселе деп білемін.
Жаңа Ата заңның кіріспесінде Ұлы Дала, байырғы қазақ жері, мемлекеттің унитарлы сипаты, аумақтық тұтастық жайлы нақты жазылған. «Бұл - Қазақстанның мемлекеттілігі 1991 жылдан емес, мыңжылдық тарихтан бастау алатынын заң жүзінде бекіту» - деген сөз деді депутат Еркін Әбіл.
Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы тұрғыдан «Ұлы дала» ұғымының Конституцияда көрініс табуы – тарихи сабақтастықты құқықтық деңгейде бекітудің нақты дәлелі. «Ұлы дала» ұғымы – эмоциялық немесе поэтикалық тіркес емес. Бұл – Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи кеңістігі, мәдени коды және жауапкершілік философиясын бейнелейтін нақты ұғым.
Сондай-ақ қазіргі басты құжаттың қазақша мәтінінде бірізділік жоқ,- деді депутат Мақсат Толықбай. Заң баптары шұбалаңқы әрі күрделі екені талайдан бері айтылып жүр.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Реформа жөніндегі комиссия мүшелері кімдер, олардың біліктілігі қандай?» деген пікірлер де аз айтылған жоқ. Мәселен, 1995 жылы жазылған қолданыстағы Конституцияны Ю.Басин, В.Ким, А.Котов, Мұхамеджанов бастаған небәрі 12 адам ғана жазып шыққан. Оның үшеуі – шетелдік сарапшылар еді. Ал бұл жолы Конституция жобасын 130-дан астам өз азаматтарымыз әзірледі. Мәтіннің тілі де жөнге кеп қалды.
Сонымен бірге жаңа Конституцияда білім, ғылым және инновация - елдің негізгі стратегиялық бағыты деп танылды. Енді мемлекет адам капиталы мен азаматтардың зияткерлік әлеуетін дамытуға басымдық бермек.
Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл шешім кездейсоқ емес. Технологиялық даму - экономиканы, еңбек нарығын, әлеуметтік процесстерді күн сайын өзгертіп жатқан қарқынды құбылмалы әлемде басты ресурс енді табиғи қазбалар емес, адамдар, олардық білімі, құзыреті мен зияткерлік әлеуеті болып табылады. Осы тұрғыда конституциялық денгейде адами капиталды дамыту бағытын бекіту, Қазақстан үшін алдыңғы әлемдік дамудың алдыңғы шегіне шығуға және дамыған мемлекеттер арасында лайықты орын алуға мумкіндік берері һақ.
Маңызды жаңалықтардың бірі - ұлттық заңдардың халықаралық шарттардан жоғары тұруы. Бұл норма Қазақстанның құқықтық егемендігін күшейтеді. Яғни халықаралық келісімдер ұлттық мүддеге сай келмесе, қайта қаралуы мүмкін. Мұндай тәжірибе АҚШ, Германия, Франция сияқты елдерде бұрыннан бар. Бұл - сыртқы ықпалға емес, елдің өз даму жолын өзі таңдауға мүмкіндік беретін шешім.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы