2029 жылғы қысқы Азия ойындары Қазақстанда өтеді
Қазақстан 2029 жылы қысқы Азия ойындарын қабылдайды. Бұл туралы Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі хабарлады. Мәліметті Азия Олимпиадалық кеңесі ресми түрде растады. Сауд Арабиясында өтуі тиіс болған дода неге Алматыда ұйымдастырылғалы жатыр?
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Қазақстан осымен өз тарихында екінші мәрте қысқы Азия ойындарын қабылдағалы отыр. Азия Олимпиадалық кеңесі мен Қазақстан тарапы бейсенбі күні Италияның Милан қаласында Қабылдаушы қала жөніндегі келісімге қол қояды. Дүбірлі дода 2029 жылы Алматыда өтеді.
Азияның қысқы ойындарын өткізу құқығы 2022 жылы Сауд Арабиясының Неом қаласына берілген еді. Жобаға сәйкес, Неом — шөлдің ортасында салынатын, ұзындығы 170 шақырымға созылатын «сызықтық мегаполис» болуы тиіс. Онда 10 миллионға жуық адам тұрады деп жоспарланған, ал құрылысына 500 миллиард доллардан астам қаржы бөлінуі көзделген. Алайда, ауқымды құрылыс жобаларының кешігуіне байланысты Сауд Арабиясының Олимпиадалық комитеті мен Азия Олимпиадалық кеңесі дайындық жұмыстарын уақытша тоқтату жөнінде шешім қабылдады.
Еске салайық, еліміз Азияның қысқы ойындарын 2011 жылы Астана және Алматы қалаларында табысты өткізген. Ол кезде Қазақстан жоғары ұйымдастырушылық деңгейін көрсетіп, халықаралық спорт қауымдастығының оң бағасына ие болған еді. Сондықтан болса керек, зия Олимпиадалық кеңесінің таңдауы қайта бізге түсіп отыр.
Алматы қысқы спорт түрлерін өткізуге дайын. Мұнда 2011 жылғы Азиада және 2017 жылғы Универсиада жарыстары кезінде заманауи спорттық инфрақұрылым салынған. Мегаполис бұған дейін 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге де үміткер болған.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бүгінге дейін Қысқы Азия ойындары Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея және Қазақстанда 9 рет ұйымдастырылды. Соның жетеуіне қатысқан біздің Ұлттық құрама 200-ден астам медаль жеңген. Сарапшылардың айтуынша 2029 жылғы қысқы Азия ойындары Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырып, Алматының қысқы спорт орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындай түспек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы