Үздік ақын-жазушылар марапатталды
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Президенттік арнаулы әдеби сыйлығының иегерлері мен «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Жүзден жүйрек атанғандар арнайы дипломнан бөлек, шығармашылығын дамыту үшін қаржылай қолдауға да ие болды.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Президенттік арнаулы әдеби сыйлығы 4 қаламгерге бұйырды. Олар «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» аталымдары бойынша таңдалды. Байқауға 49 жас қаламгер өтінім берген. «Проза» номинациясын 15 жылдан бері қалам тербеп жүрген Арман Әлменбеттің «Тергеуші» романы иеленді. «Үш жыл жазылған шығармада шалғай ауылдарда болған қылмыстарды ашқан тергеушінің тағдыры суреттеледі», - дейді автор.
Арман Әлменбет, жазушы, баспагер:
Бұл сыйлықтың ұнаған жері авторлық құқық алынбайды, кітап қылып шығарып бермейді өзің шығарасың. Әрі қарай марапаттайды, қаржылай қолдау көрсетеді, насихатын жасайды. Бұл шынымен мемлекеттің шығармашылық адамына жасайтын қолдауының ең озық үлгісі шығар деп ойлаймын.
Төртінші жыл қатарынан өткізілген «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы үздіктері 7 номинация бойынша табысталды. Байқаудың басты ерекшелігі - жас шектеуі жоқ. Биыл 180 өтінім келіп түскен. «Үздік әдеби аударма» аталымын Әсем Ережеқызы жеңіп алды. Ол Қырғызстан Халық жазушысы Сұлтан Раевтан аударған «Күн қармаған бала» повесін қазақ тіліне тәржімалаған.
Әсем Ережеқызы, аудармашы:
Жалпы аударма, аудару оңай деп айтпас едім. Кеңес үкіметі кезіндегі халықтың өмірі, сол кездегі коммунистік жүйе, бюрократтық мінез-құлық жақсы көрініс тапқан. Шығарма тілі бай, өте көркем.
Шарада Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақын-жазушыларға мемлекет тарапынан қолдау күшейгенін жеткізді. Мәселен, былтыр 119 кітап басылып шығып, еліміздің кітапханаларына таратылған. Сондай-ақ Аида Балаева Конституцияның жаңа жобасында зияткерлік меншік құқығын қорғау мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғанын айтты.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі:
Конституция жобасында мәдениетке берілген басымдық – сөз өнеріне, шығармашылық еркіндікке, ұлттық ой-сананың жаңаруына бағытталған маңызды шешім деп білемін. Сондай-ақ жаңа Конституцияда білім мен ғылымға, мәдениет пен инновациялық дамуға айрықша басымдық берілуі – мемлекетіміздің стратегиялық ұстанымын айқын көрсетеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған сыйлықтар қазақ әдебиетін дамытуға, жаңа есімдерді танытуға жол ашып келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы