Басты Жаңалықтар Әлеуметтік маңызы бар дәрілерге қосылған құн салығы салынбайды

Әлеуметтік маңызы бар дәрілерге қосылған құн салығы салынбайды

Елімізде дәрі-дәрмекті импорттау жеңілдейді. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар дәрілерге қосылған құн салығы салынбайды. Бұл жөнінде вице-премьер - ұлттық Экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің үшінші отырысында айтылды. Онда дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қатысты жаңа Салық нормаларын құқықтық қолдану мәселесі қаралды. Бұған дейін кеденшілер елге кіретін барлық дәрі-дәрмектің «нақты не үшін қолданылатынын» растайтын құжаттарды талап етіп, жұмысты баяулатқан. Енді мұндай қатаң тексеріс тек Қазақстанда дәрі жасауға қажетті шикізаттарға ғана қолданылады. Әлеуметтік маңызы бар дәрілерге қосымша құн салығы салынбайды. Кейбір импорттаушылар заңды дұрыс түсінбегендіктен,сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар препараттарға 5% немесе 16% салық қосып келген.

Жәнібек Нұржанов, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

Кедендік тазартудан өту үшін алдымен Үкіметтің тиісті қаулысында көрсетілгендей, міндетті лицензияның болуы шарт. Тіркелген дәрілік зат реестрде болуы керек. Егер дәрілік зат тіркелмеген болса, онда Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсаты қажет. Ал егер субстанциялар мен балк-өнімдер импортталса, қосымша әкелу туралы қорытынды болуы шарт.
Бөлісу