Басты Жаңалықтар Қызылорда облысында соңғы жылдары 27 медициналық нысан бой көтерді

Қызылорда облысында соңғы жылдары 27 медициналық нысан бой көтерді

Қызылорда облысы, Арал ауданының Тоқабай ауылында тұрғындар сапалы медициналық қызметке қол жеткізді. Елді мекенде апатты жағдайдағы дәрігерлік амбулаторияның орнына жаңа ғимарат салынып, жергілікті жұрттың ұзақ жылдар бойы көтерген мәселесі шешімін тапты. 

Әділбек Серікұлы, тілші:

Бұрын дәрігерге қаралу үшін әсіресе қысқы мезгілде тұрғындар тізеден қар кешіп, елді мекен шетіндегі ескі ауруханаға жетудің өзі мұң еді. Қазір жергілікті халық үшін бұл қиын күндер артта қалды.

Осы кезге дейін сырқатына ем іздеген тұрғындар көбіне аудан орталығына қатынап, біраз әуреге түсетін. Солардың бірі, Жаңаталап Ермаханов. Ол жүрек-қан тамыры ауруымен жиі дәрігер көмегіне жүгінеді. Қазір барлық ем-домын ауылда алады.

Жанталап Ермаханов, ауыл тұрғыны:

Бұрын аудан орталығына баратын тұғынмын. Осы жерге келіп күндізгі емін қабылдап, жақсы сапалы қызмет көрсетеді. Мына аппараттары да жаңадан. Жақсы талапқа сай.

Қарақұм даласындағы Атаншы, Жіңішкеқұм, Мойнақ секілді шалғай ауылдар да осы Тоқабайдағы дәрігерлік амбулаторияға қарайды. Бұрын тұрғындар дәрігерге қаралуға өз ат-көлігімен келсе, қазір жаңа жедел-жәрдем автокөлігі жеткізеді. 

Жадыра Айтмағамбетова, ауыл тұрғыны:

Біз мысалы, ауырған кезде ем-домымызды ала алмайтын тұғынбыз бұрынғы ауруханада. Қазір мына жақа келіп ем-домымызды алып жатырмыз. Денсаулық өзімізге керек.

Жаңа амбулатория былтыр ұлттық жоба аясында салынды. Ғимаратта 12 төсек-орындық күндізгі стационар бар. Яғни, науқастар күнделікті ем-шараларын үзбей қабылдайды. Ең бастысы медициналық құрылғылар мен жабдықтар заман талбына сай жаңғыртылып, барлық жағдай жасалған. 

Мәдина Сермағамбетова, бас дәрігер:

Әр күн келген сайын біз жаңа бір үлкен қалаға келген сияқты боламыз осы жерде. Біздің жұмыс істеуімізге де, халыққа қызмет етуімізге де өте жақсы қолайлы жасалған ғимарат. Ауылдық жерге бұл өте жақсы көмек. Халық алғыстарын айтуда.

Мемлекет қолдауымен Сыр өңірінде соңғы жылдары 27 медициналық нысан бой көтеріп, ел игілігін көріп отыр. Соның басым бөлігі ауыл-аймақта ашылған.

Бөлісу