Басты Жаңалықтар Мамандар сталкингке жазаны күшейтуді сұрап отыр

Мамандар сталкингке жазаны күшейтуді сұрап отыр

Сталкингке қатысты заңды және жазаны одан әрі күшейтіп, қатаңдату керек. Заңгерлер мен психологтар осындай пікір білдіріп жатыр. Шымкент қаласында Нұрай есімді қыздың сталкердің қолынан қаза табуы осы мәселенің күрделі әрі асқынып тұрғанын көрсетті. Бұл туралы Президент те Қызылорда өткен Құрылтайда айтып, істі қатаң қарау керектігін тапсырған. Содан кейін Полиция қызметкерлеріне қарсы қылмыстық іс қозғалды. Олар «салғырттық танытты» деген күдікке ілінді. 

Қазақстанда сталкинг жеке бап ретінде қарастырылмағандықтан, қылмыстың бұл түрін дәлелдеу де қиын еді. Бірақ, былтырдан бастап, қылмыстық жауапкершілік заң жүзінде бекітілді.

Саттар Рахметов, Заң ғылымдарының докторы:

Сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік Қылмыстық кодекстің 115-1-бабында көзделген. Бұл бап 2025 жылғы 16 шілдеде қабылданған заңның негізінде енгізілді, яғни салыстырмалы түрде жақында қабылданды. Бұл заң уақытында қабылданды. Бірақ әлі де жазаны күшейту керек. Себебі, көп жағдайда сталкерлер өз әрекеттерін дер кезінде тоқтатпаса, соңы адам өлтірумен аяқталады.

Мамандар заңды одан әрі күшейтіп, сталкингтің қадамдарын заң аясында жіліктей түсу керек дейді. Мысалға, Германия, Канада, АҚШ-тың кей штаттарында сталкинг ауыр қылмыс ретінде қаралып, аңдыған адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылады. Біздің елде жаза әзірге мұндай қатаң емес. Қылмыскер 90 күн абақтыға қамалады немесе қомақты айыппұл төлейді.

Индира Әшімхан, психолог:

Егерде қорқытса, яғни сенің өміріңе қауіп төндіру сөздерін айтса, мен сені өлтіремін, мен сені өртеп кетемін немесе балаларды ұрлап аламын, немесе мен сенің ата-анаңа туған туыстарыңа тиісемін, сенің жұмысыңа барып шу көтеремін деген әртүрлі қауіп төндірсе, бұл уже сталкингтің шекарадан шығып бара жатқанының белгісі.

Сталкингке жеңіл қарауға болмайды. Қудалау дер кезінде тоқтатылмаса, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан сталкингтің сипатын жасөсіпрімдер арасында түсіндіріп, алдын алу шараларын ширату керек дейді мамандар.


Бөлісу