Бүгін – Ұлттық басылым күні
Осыдан 113 жыл бұрын Алаш зиялылары құрған «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Содан бері отандық баспасөз ел тағдырына қатысты өзекті мәселелерді көтеріп, қоғамдық сананың қалыптасуына қызмет етіп келеді. Айтулы мерекемен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтап, баспа ісінің ел үшін маңызын атап өтті.
Баспа ісінің дамуы халықтың сауатын ашып, санасын серпілтті. Ақпарат алмасу мәдениетін күшейтіп, салалық журналистика қалыптастырды. Бүгінде баспа ісі қоғамдық өмірден бастап әскери салаға дейінгі барлық жаңалықты қамтиды. Солардың қатарында «Отан сақшысы» газеті де бар. Басылым әскери қызметтің тыныс-тіршілігін танытып, отансүйгіштікті насихаттайды.
Тамара Дәулетбаева, журналист:
Әңгімелер қысқаша патриоттық тұрғыдағы «Шекара адамы» деген айдарымыз бар. Сол айдарға лайықты кейіпкерлерімізді, болып жатқан ауқымды шараларды қамтимыз. Өзіміздің отан шебінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр солардың барлығын қамтуға тырысамыз.
Бүгінде елімізде 5 мыңға жуық бұқаралық ақпарат құралы қоғамдағы өзекті мәселелерді қалтқысыз көтеріп келеді. Соның 2,5 мыңнан астамы – мерзімді басылым. Бұл сала халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпал етіп отыр. Ардагер журналист Қали Сәрсенбай баспа ісі ұлттық сананы қалыптастыратын маңызды құрал екенін айтады.
Қали Сәрсенбай, Ардагер журналист:
Осы ұлтты ұйыстыруға, біріктіруге ұлттық мүдде тұрғысынан шешуде қазақ баспасөзі өзінің ежелгі, қастерлі міндетінен айныған емес. Нағыз ұлттық дәстүрдегі баспасөз – ол бүгінгі күннің нағыз барометрі. Соған қарап жүруге болады.
Осындай
жауапты міндетті арқалап жүрген ақпарат саласының мамандарын Мемлекет басшысы
да Ұлттық басылым күнімен құттықтады. Президент журналистердің Әділетті
Қазақстанды құруға және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға қосып келе жатқан елеулі үлесіне
назар аударды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы