Партиялар жаңа Конституцияның жобасын талқылады
Парламент Мәжілісіндегі партиялық фракциялар Конституцияның жаңа жобасын талқылай бастады. Саяси ұйым өкілдері құжаттың ел дамуы мен қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Депутаттар жаңа Ата заң жобасының адам құқығын қорғауға, әділдік қағидаттарын нығайтуға және басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған деп отыр.
«AMANAT» партиясының фракциясы депутары Конституцияның жаңа жобасын талқылап, құжаттың мән-маңызына тоқталды. «Бұл - «Әделітті Қазақстанды» құрудағы ауқымды реформалардың жалғасы»,-деді Мәжіліс спикері, әрі партия төрағасы Ерлан Қошанов. Сондай-ақ, депутаттар Конституцияның жаңа жобасын халық арасында насихаттауға атсалыспақ.
Жаңа Конституция - мемлекет пен азаматтар арасындағы жаңартылған қоғамдық келісім. Respublica партиясы алғы сөзінен бастап түбегейлі өзгерген басты құжатты осылай бағалады. Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, Ата заңда адам құқығын қорғауға, білім мен ғылымға, сондай-ақ отбасы институттын күшейтуге баса мән берілген.
Қазақстан Халық партиясы да жаңа конституция жобасын талқылады. Фракция жетекшісі Магеррам Магеррамов жүзеге асып жатқан реформалар азаматтардың елді басқару үдерістеріне белсенді қатысуына жол ашатынын атап өтті. Жаңа құжат құрылтайдың өкілеттігін кеңейтіп, жоғары консультативтік орган – Халық кеңесін құруды көздейді, деді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы конституциялық реформаны қолдайды. Партия өкілдерінің айтуынша, жаңа Конституция жобасында адам өмірі, құқықтары мен бостандығы ең жоғары құндылық ретінде айқындалған. Бұл өзгерістер халықтың билікке деген сенімін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Ақ жол» демократиялық партиясы да Ата заңның жаң жобасын талқылады. Партия төрағасы Азат Перуашев Конституциялық комиссия жұмысына «Ақ жолдың» белсенді қатысып жатқанын атап өтті. Отырыста сөз бостандығы, жеке деректер мен банк құпиясын қорғау, сондай-ақ инновацияларға арналған арнайы аумақтардың маңызы жөнінде де пікірлер айтылды.
Конституциясының жаңа жобасын «Ауыл» партиясы да кеңінен
талқылап, маңызды құжатты ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігі
айтылды. Фракция депутаттары Ата Заң жобасын бірауыздан қолдап, оның құқықтық
мемлекетті нығайту және Қазақстанның одан әрі дамуы үшін маңызын атап өтті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы