Конституциялық реформа: Ата Заң мәтінінің 84%-ы өзгереді
Ата заң мәтінінің 84 пайызына өзгеріс енгізіледі. Түзетулер азаматтардан, саяси партиялардан, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардан түскен ұсыныстар негізінде дайындалған. Ең бастысы мемлекеттің біртұтастығы және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма еш өзгеріссіз қалады. Бұл туралы бүгін Конституциялық реформа комиссиясының төртінші отырысында айтылды. Елдің негізгі тірегі саналатын маңызды құжатта қай мәселеге басымдық беріледі? Ернұр Медет баяндайды.
Бүгін Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов көпшілікке Ата заңға түзетулердің жиынтық жобасын таныстырды. Ұсынылған Конституциялық реформада 11 бөлім және 104 бап бар. Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Жалпы заңдағы мәтінінің 84%-ы өзгереді.
Бақыт Нұрмұханов, Конституциялық Сот төрағасының орынбасары:
Осылайша, өзгерістер мен толықтырулар негізгі заңның барлық бөлімін қамтиды деп айтуға болады. Құрметті сарапшылар, конституция бөлімдерінің атауларын өзгерту немесе баптардың мазмұнын нақтылау жай ғана редакциялық түзету емес. Бұл тұжырымдамалық ұстанымдарды өзгертетін, құқықтық нақтылықты күшейтетін және негізгі заңның сапасын арттыратын маңызды әрі терең ойластырылған қадам. Нәтижесінде өзгермелі өмірде түрленіп жатқан қоғамдық қатынастарға сай келетін құқықтық нормалар белгіленбек.
Конституцияның преамбуласы тұтас жаңартылады
Басты құжаттың кіріспесі тұтас жаңартылады. Онда мемлекеттің басты мақсаты, даму бағыты, тарихы мен ұлттық құндылықтары айшықталмақ. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені, ең жоғары құндылық – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені нақты бекітіледі. Сондай-ақ мемлекет пен діннің өзара қатынасы, қоғамдық бағдар және ел дамуының стратегиялық бағыты жаңаша тұжырымдалады.
Бақыт Нұрмұханов, Конституциялық Сот төрағасының орынбасары:
Бұл ережелер жиі қайта қарауға жатпайды және ұзақмерзімді перспективада өзектілігін сақтайды. Аталған базалық қағидаттан қоғам мен мемлекеттің даму векторын айқындап, конституцияның барлық нормаларын түсіндіруге шешуші ықпал етеді. Әлемдік тәжірибеде конституциялық құрылыстың негіздері бөлімінде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігін, аумақтық тұтастығын және өзге де аса маңызды қағидаттарын бекітетін іргелі ережелер көрініс табады. Жобада бұл бөлімде еліміздің құқықтық мәртебесі мен жалпы келбеті анықталды.
Отбасы және неке ұғымы конституциялық деңгейде күшейтіледі
Сондай-ақ елімізде неке мен отбасы құндылықтарын қорғау Конституциялық деңгейде күшейтіледі. Және адамның жеке басына қол сұқпаушылық, негізгі құқықтары мен бостандықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігі бұрынғыдан да нығая түспек. Сонымен бірге адамның өмір сүру құқығы абсолюттік құндылық ретінде бекітіледі. «Миранда қағидасы» енгізіліп, жаһандық технология заманында цифрлық деректердің қорғалуы қатаңдатылады. Тағы бір елеулі өзгеріс: «Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» деп аталатын бөлім жаңартылып, сот тәуелсіздігі мен әділ сот қағидаттары күшейтіледі.
Бақыт Нұрмұханов, Конституциялық Сот төрағасының орынбасары:
Негізгі құқықтар бостандықтар мен міндеттер бөлімінің жаңа атауы, онда көзделген ережелердің мәнін барынша толық көрсетеді. Ұсынылып отырған жаңашылдықтар адам құқықтарының іске асырылуы мен қорғалу кепілдіктерін күшейтеді. Халықаралық жалпы танылған ұстанымдарды ескере отырып, олардың мазмұнын толықтырады. Сондай-ақ озық конституциялық тәжірибеге сүйене отырып, жеке тұлға міндеттерінің өзегін нақтылайды. Өмір сүру құқығының абсолюттігі адамға бағдарлану, оның жеке басына тиіспеу, миранда ережелері бекітілді. Цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау, тұлғаның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, әлеуметтік құқықтар күшейтілді.
Бір палаталы Парламент моделі енгізіледі
Бір палаталы Парламент моделі енгізіледі. Сол арқылы азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңеймек. Бақыт Нұрмұхановтың сөзінше, конституциялық новеллалар мемлекет миссиясын, оның функцияларының мазмұнын, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтар арасындағы өзара қарым-қатынас қағидаттарын жаңа қырынан түсінуге мүмкіндік береді. Азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен тартуға жол ашады.
Бақыт Нұрмұханов, Конституциялық Сот төрағасының орынбасары:
Бір палаталы Парламент моделіне көшу аясында Құрылтай деген бөлімге ауқымды түзетулердің жобасы дайындалды. Бөлімнен қос палаталы Парламентке және бұл жүйедегі оны қызметіне байланысты ережелер алынып тасталды. Заң шығару органының өкілеттіктеріне терең талдау жүргізілді. Құрылтайдың сессияларына және оның қызметін ұйымдастыруға қатысты баптардың барлығы дерлік жаңарды. Заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің қатары артты. Құрылтай заң қабылдау арқылы реттелетін аса маңызды қоғамдық қатынастардың тізбесі кеңейді.
Конституцияда Халық кеңесінің мәртебесі бекітіледі
Жаңа Конституция жобасында Қазақстан Халық кеңесіне ерекше мәртебе берілген. Азаматтар арасынан қалыптасатын бұл орган халықтың мүддесін білдіріп, заң шығару бастамасы құқығына ие болады.
Бақыт Нұрмұханов, Конституциялық Сот төрағасының орынбасары:
Осы орайда бұл бөлімнің де бірнеше бабы нақтыланып отыр. Конституцияға Қазақстан Халық кеңесіне қатысты мәселелерді реттейтін жеке бөлім енгізу ұсынылады. Құрамына ел азаматтары кіретін бұл жоғары консультативті орган Қазақстан Халқының мүддесін білдіреді. Оның Құрылтайға заң жобаларын енгізу, Республикалық референдум тағайындау туралы ұсынысқа бастама жасау өкілеттіктері белгіленді.
Конституцияда мемлекеттің біртұтастығы туралы норма өзгеріссіз қалады
Мемлекеттің біртұтастығы сакталады. Қазақстан аумағының бөлінбейтіндігі және қол сұғылмаушылығы туралы нормалар еш өзгеріссіз қалады. Ал елдің әкімшілік-аумақтық құрылымы тек конституциялық заңмен анықталады.
Бақыт Нұрмұханов, Конституциялық Сот төрағасының орынбасары:
Осындай тәртіппен, жедел қарқынмен дамитын қала арнайы құқықтық режимі де белгіленуі мүмкін. Ол экономиканы тиімді ілгерілету мақсатында жүзеге асырылмақ. Және Астана Халықаралық қаржы орталығы мен Алатау қаласын дамытумен байланысты. Бұл нормаларды Конституцияның басқа негізгі баптарымен тығыз байланыста қарау керек. Атап айтқанда, республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы тек Конституциялық заңмен белгіленді деп бекітілмек. Қазақстан – біртұтас мемлекет. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмауы мен бөлінбеуі деген нормалар өзгеріссіз қалуда.
Сіз бен біздің хақымыз бен құқымызды таразы басында тең ұстайтын құжаттағы өзгерістер - Ата Заң мазмұнының жаңаруына ғана емес, мемлекеттің болашақ бағдарына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сарапшылар бұл реформаны Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртатын тарихи қадам деп бағалап отыр. Констиуциялық комиссияның келесі отырысы ертең өтеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы