Басты Жаңалықтар Сирек металдар стратегиялық маңызды ресурсқа айналды

Сирек металдар стратегиялық маңызды ресурсқа айналды

АҚШ-тың кейбір елдермен ара қатынасы сауда саясатын жаңа бағытқа бұруға ықпал етті. Мәселен, Вашингтон қазір Қазақстандағы кен орындарын барлауға қызығушылық танытып отыр. Әсіресе әлемдік нарықта стратегиялық маңызы артқан вольфрам қорын игеруді жоспарлаған. Жалпы, қазір өзге де шетелдік инвесторлар Қазақстандағы сирек металдарға қаржы құюға ниетті. Бүгінде елде пайдалы қазбаларды барлау және өндіруге қатысты 250 келісімшарт жасалған. Бағалы металдар нарығындағы Қазақстанның әлеуеті қандай? 

Бірнеше ай бұрын Президенттің АҚШ сапарында минералдар саласында маңызды келісімдер бекігенін еске салайық. Нақтырақ айтсақ, Батыс компаниялары Қазақстанда вольфрам кен орнын игеруге бейіл. «Тау-Кен Самұрық» компаниясы мен Cove Capital бірлесіп құны 1,1 млрд доллар болатын инвестициялық жобаны іске асырмақ.

Жалпы алғанда Солтүстік Қазақстанда 4, Орталық Қазақстанда 14 вольфрам кен орны бар. Шығыс Қазақстанда екі резервтік кен орны болса, оңтүстік өңірдегі қор 230,4 мың тоннаға бағаланады. Алматы облысында екі кен орны жұмыс істеп тұр.

Қазақстан Еуроодақтың экономикасына аса қажетті 34 шикізаттың 21-ін шығарады. Әйтсе де әлеуетіміз бұдан да жоғары. Сондықтан сенімді серіктестік орнатып, Қазақстанға қаржы құюға ынталы компаниялар көп.

Сирек металдар секторына инвестиция тарту аясында Kazakh Invest 8 жобаны әзірледі. Құны 1,7 млрд доллар. Олар негізінен никель, кобальт және молибден, вольфрам өндірісіне қатысты. Ал Ақбұлақ учаскесінде - 3,7 млн долларға жаңа жоба қолға алынған. «Жоғары Қайрақты» және «Солтүстік Қатпар»  аумағы да назардан тыс қалған жоқ.

Ұлттық компания ұсынған дерекке сүйенсек, бағалы металдар секторында барланған 37 кен орны бар. Олар Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау өңірінде. Сарапшылар сұраныс артқан қазіргі шақта мүмкіндікті қалт жіберуге болмайтынын айтады.

Сапарбай Жұбаев, экономист:

Қазір енді аккумуляторға сұраныс өте үлкен. Энергияны сақтап тұрудың басқа жолы табылатын болса, литийге сұраныс төмендеуі мүмкін. Сондықтан уақытында сұраныс үлкен ба, бүгін өндіру керек.

Шерхан Темір, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіп комитетінің бас сарапшысы:

2025 жылы бірқатар келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, галийді Жапонияға, титанды АҚШ-тың Boeing компаниясына, одан бөлек маргенец сульфатын Еуродақтағы елдерге жеткізу пысықталуда.

Саланы ілгерілету ісі геологиялық барлаудан басталды. Былтыр 20 жоба әзірленген. Үкімет бұған 240 млрд теңге бағыттамақ. Алдағы үш жылда жер қойнауына 50 мыңдық масштабта геологиялық зерттеу жасалады.

Дамир Аманғалиұлы, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология комитеті төрағасының орынбасары:

Бұған дейін 200 мыңдық болған. 50 мыңдық масштабтағы картаға түсіру ол жерасты байлықтарын нақтырақ көреміз. Қай жерге бұрғылау жұмыстарын жүргізуге бағыт-бағдар береді.  

Жиналған мәліметтің бәрі мемлекеттік балансқа беріліп, аукционға шығарылады. Ел аумағында сирек жер металдарының шамамен 200 кен орны бар.

Халипа Садиева, техника ғылымдарының кандидаты:

Зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 22 түрлі сирек кездесетін элеметтердің түрі шығып отыр. Осмий элементіне дейін шығып отыр. Ол өте қымбат элемент.

Кен орындарын игеру қарқын алса, Қазақстанның бұл нарықтағы салмағы арта түсері анық. Ал әзірге табиғи ресурстар секторына елдегі жалпы ішкі өнімнің шамамен 20%-ы тиесілі.


 


Бөлісу