Басты Жаңалықтар Үкіметтің кейбір өкілеттіліктерін алып тастау ұсынылды

Үкіметтің кейбір өкілеттіліктерін алып тастау ұсынылды

Конституцияға өзгерістер мемлекет әрекеттерінің болжамдылығы мен дәйектілігін арттырады. Осылай деген Әділет министрі Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның екінші отырысында Үкіметтің кейбір өкілеттіктерін алып тастауды ұсынды. Яғни Үкімет енді мемлекеттік бағдарламаларды бекітпеуі және мемлекеттік комитеттердің жұмысын тікелей басқара алмауы мүмкін. Сондай-ақ олардың шешімдерінің күшін тоқтату өкілеттігі алынып тастауы ықтимал.

Ерлан Сәрсембаев, Әділет министрі:
Констиуцияның 5-бөліміндегі Үкіметтің функцияларын айқындайтын тиісті бапта мемлекеттік бағдарламаларды бекітуге, сондай-ақ мемлекеттік комитеттерге қатысты өкілеттіктерді, атап айтқанда олардың қызметіне басшылық жасау және актілердің қолданылуын жою немесе тоқтата тұру өкілеттіктерін алып тастау ұсынылады.
Сондай-ақ отырыста Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева қазіргі Конституцияның адами капитал жөніндегі 1-бабын толықтыруды, әрбір азаматтың әлеуетін ашуға жағдай жасауды ұсынды. Онда «адами капиталды, білім беруді, ғылымды, инновацияларды және мәдениетті мемлекет қызметінің стратегиялық негізі деп таниды» деп бекіту көзделген. Оған қоса Конституцияның преамбуласын, яғни алғы сөзін қайта жазуға қатысты мынадай ұсыныс айтты.
Снежанна Имашева, Мәжіліс депутаты:
Конституцияның преамбуласы – жай ғана кіріспе емес, Ата заңның идеалық-моральдық өзегі. Ол – Конституцияның қабылдану мақсатын айқындап, елдің тарихи болмысын және ұлттық келбетін танытады. Мемлекеттің бағыт-бағдарын бекітеді әрі Конституцияның рухын түсінуге жол ашады. Сондықтан преамбула халқымыздың ғасырлар бойғы тарихи жолын қамтып, еркіндік, әділдік, теңдік, бірлік және жауапкершілік сынды іргелі құндылықтарға сүйенуі тиіс.


Бөлісу