Басты Жаңалықтар Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті

Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті

Бүгін Елордада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Бұған дейін қазан айында арнайы құрылған жұмыс тобы жарты жыл парламенттік реформаны әзірлеу үшін жан-жақты жұмыс істеді. Конституциялық комиссияның жұмысы соның заңды жалғасы. Мемлекетті басқару ісін түбегейлі өзгерту мәселесі жабық кабинеттерде емес, ашық талқылануы тиіс. Сондықтан да комиссияның алғашқы отырысы тікелей эфирде көрсетілді. Бірінші жиынның өзінде жұмыс тобының мүшелерінен бөлек, ел азаматтарынан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскен. Рет-ретімен тілшіміз айтсын.
«Конституциялық комиссияның алдында айрықша миссия тұр». Себебі Ата заңға өзгерістер енгізу – үлкен жауапкершілік. Жаңа құжат жан-жақты зерделеніп, мұқият әзірленуі тиіс. Комиссия мүшелері барлық ұсынысты талқылап, жаңа реформаның үлгісін ұсынғанымен, түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда қабылданады.
Бір палаталы Құрылтай пропорционалды сайлау жүйесі арқылы жұмыс істесе – қоғам алдындағы жауапкершілік күшейеді. Сондықтан жарты жыл бойы парламенттік реформаны әзірлеген жұмыс тобы осы шешімге тоқтаған. Сондай-ақ, жиында заң жобасын 3 оқылымда қарастыру форматы ұсынылды.
Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі - Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:

Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны айқындалады. Ал үшінші оқылым заң жобасының заңнамалық тұрғыдан дұрыстығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, заң шығару үдерісінің үздіксіз болуын қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Парламентте екінші палатаның болмауы бұған кедергі келтірмеуге тиіс. Сондықтан, Парламент болмаған кезде заң шығару функциясы мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы – Президентке жүктеледі.
Президент Ұлттық құрылтай отырысында «Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керегін» ескертті. Сондықтан олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайланады. Ал әйелдерге, жастарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған партиялық квота сақталады.
Ал Қазақстанның Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын орындауды жалғастырады. Оның мәртебесі Конституцияда бекітілуі тиіс. Сонда Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін мемлекеттің жоғары консультативтік органына айналады.
Мемлекет басшысы Халық Кеңесі заң шығаруға бастамашылық ету құқығына ие болуы қажеттігін атап өтті. « Сондықтан бұл Конституцияда бекітілуі тиіс», - дейді Президенттің көмекшісі Ержан Жиенбаев.
Ержан Жиенбаев, ҚР Президентінің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі:
Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастырлатындығын қамту керек. Халық Кеңесінің құрылу, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері бөлек конституциялық заңмен айқындалатын болады. Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады. Осылайша, Халық Кеңесі Қазақстан Халқы Ассамблеясы және Ұлттық құрылтай тәрізді тұрақты жұмыс істейтін орган болмайды.
Конституциялық реформаның аясында Ата Заңның преамбуласын жаңғырту, оның мазмұнын заман талабына сай қайта өзектендіру мәселесін Парламент Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ көтерді. Депутаттың пікірінше, «Әділетті Қазақстан» идеясы мен оның өзегі саналатын «Заң мен тәртіп» қағидатын заң деңгейінде бекіту мемлекет пен қоғам дамуының жаңа философиясын айқындайды.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бүгін біз Конституция туралы айтқанда тек билік пен құқықтық нормаларды ғана емес, ұлттың болашақ алдындағы жауапкершілігін де ойлауымыз керек. Сондықтан табиғатты аялау, экологиямызды сақтау идеясы Конституцияда қоғам мен мемлекеттің ортақ құндылығы ретінде көрініс табуға тиіс. Мәдениет, Әділетті Қазақстанның Конституциялық негізі мемлекеттілік – тек заңдар мен институттар арқылы ғана емес, ұлттық рух пен мәдениет арқылы орнығады. Сондықтан мәдениеттің және рухани құндылықтардың рөлі Конституцияда айқын көрініс табуға тиіс. Дәл осы мәдени негіз халықты біртұтас ұлтқа айналдырып, қоғамдық бірлікті нығайтады.
Конституциялық комиссия мүшелері өзге де бірқатар батыл ұсыныстарын айтты. Мәселен, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Конституцияда адвокатураның мәртебесін бекітуді, соттың санкциясыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынды. Кінәсіздік презумпциясы және өзін кінәлауға тыйым нормаларын бекітуді көтергендер да бар. Бірі - реформаның маңызды бағыты – шығармашылық еркіндік, сөз бостандығы болуы тиіс деп санайды. Жеке деректердің қорғалуы да назардан тыс қалмады. Конституцияда отбасы мен неке ұғымын күшейту керек деген де ұсыныс айтылды.
Айта кету керек, бүгінгі жиында айтылған бастамалардың бәрі әзірге тек ұсыныс, ал түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда көпшіліктің дауыс беруімен қабылданады. Бүгін Конституциялық комиссияның тек алғашқы отырысы өтті. Алда талай талқылаулар болмақ. Комиссия мүшелері әр жиында ашықтық қағидатын сақтауға, әрбір азаматтан келген ұсынысты жіті қарауға ниетті.

Бөлісу