Басты Жаңалықтар Жекеменшік мектептерді қаржыландыру қалай реттелмек?

Жекеменшік мектептерді қаржыландыру қалай реттелмек?

Жеке мектептердің көбеюі - білім сапасының төмендеуіне алып келді. Себебі, көбі нақты қажеттілікті ескермей, ретсіз ашылған. 80 пайызға жуығы жалға алынған ғимаратта жұмыс істейді. Кей директорлардың біліктілігі күмән тудырады. Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева осылай деді. Ұлттық Құрылтай V отырысында Президент те осы мәселеге назар аударды. Жекеменшік мектептерді қаржыландыру қалай реттелмек? Сапасын кім бақылайды?Ақниет Балтанова зерделеді.
Президент тапсырмасына сәйкес, жекеменшік мектептерге берілетін мемлекеттік тапсырыс тетіктері қайта қаралады. Яғни жан басына шаққандағы қаржыландыру енді нақты өңірлік қажеттілікке қарай бөлінеді.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша, жекеменшік мектептердің алып жатқан қаражаты бойынша көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Соның себебінен бұл мәселе көтеріліп отыр. Әртүрлі қаржылық махинациялар бар. Бір баланы мемлекеттік мектепте тіркеп, оны тағы жекеменшік мектепке тіркеп, екі жақтан қаржы алу деген сияқты.
Соңғы 8 жылда жекеменшік мектептердің саны 7 есе артып, 800-ге жуықтады. Бұл бюджетке үлкен салмақ. Мәселен, 2020 жылы 13 миллиард теңге жан басына шаққандағы қаржыландыруға бөлінсе, 2025 жылы 242 миллиард теңгеге жетті. «Бұл қаражатқа осы уақытқа дейін 35 жаңа мектеп салуға болар еді», - дейді Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева.
Аида Балаева, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
Бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты пайдалану үшін жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мараторий енгізілді. Мемлекеттік қаржыландыру енді тек өңірдегі нақты қажеттілігі бар жекеменшік мектептерге ғана бағытталады. Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жекеменшік мектептерге лицензиядан кейінгі бақылау жүргізетін болады. Бақылау аясында білім беру сапасының сақталуына, педагог кадрмен қамтамасыз етуіне және балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударамыз.
Кезінде жекеменшік мектептерді ашу орын тапшылығынан туындаған. Кейіннен көбі кәсіпке айналды. Осы ретте, депутаттар жеке мектептерді қаржыландыруға қатысты мынадай ұсыныс айтып отыр.
Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жан басына шаққандағы қаржыны менің ойымша, конкурсқа салу керек. Қай мектеп үздік, ол жекеменшік па, ол мемлекеттік па, ол өзі ұтып алуы қажет. Балалар сол мектепті өздері таңдап баруы қажет. Сол кезде бізде әділетті бәсекелестік туындайды.
Мәжілісмен ұсынысын жауапты министрлікке жолдаған. Бір анығы, енді жекеменшік мектептер тек үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім ошақтарының орнын басу қажет болғанда, сондай-ақ мемлекеттік мектептер тапшылығы бар өңірлерде ғана ашылады. Лицензиялар да осы талаптарға сәйкес беріледі. Ал бағасы шарықтаған элиталық білім ошақтары мүлдем қаржыландырылмайды.

Бөлісу