Басты Жаңалықтар Тұрғындар ауылдың дербес бюджеті болғанын қолдайды

Тұрғындар ауылдың дербес бюджеті болғанын қолдайды

«Ауылдың өз қаржысы өзінде болуы керек. Сонда ғана қаражатты қажетіне жұмсау арқылы ауылдардың ажары ашыла түседі». Жамбыл облысындағы бірнеше ауылдың тұрғындары осылай дейді. Яғни қаржылық дербестігі бар ауыл жоғарыға жалтақтамай, құжат жинаудан да құтылар еді. Ал ауылдардың өзі өз қаржысына толық ие болып, игеруге дайын ба? Данияр Әлімқұл біліп қайтты.

Бұл Сарысу ауданындағы бес ауылдың арасын жалғаған алып көпір. Жұрт апатты екенін айтады. Ал жергілікті жауаптылар құрылысына қажетті қаржы үшін жоғарыға жалтақтап отыр. Сондықтан бұқара осы тектес әлеуметтік нысандарды жөндеуді әр ауыл өзі атқарса дейді. Аудандық бюджетке қарап, ауыз ашып отыра берсек тозған өткел құлай ма деп қауіптенеді. 

Ғабит Бигулин, Досбол ауылының тұрғыны:

Жөндеуді көріп тұрсыз ғой, 3 жылға шыдай алмай жатыр. Арлы-берлі өтуге қорқамыз. Тоқтап көріп, барып өтеміз.

Ал бүгін түс қайта аймаққа қалың қар түсті. Жұрт бір жауғанда белуардан болатын Әулиеата қысының әлегін жақсы біледі. Мұндайда шалғай ауылдар қазынасындағы қаржысын жөндеуге жұмсай алса, оқыс жағдайлар салдарын оңай еңсерер едік дейді.     

Сәуле Әбдірайымова, Сарыкемер ауылының тұрғыны:

Ауылдың өз қаржысы өзінде болғаны дұрыс. Себебі ауылда өз жыртығын өзі жамай береді. Керек жеріне жұмсайды. Міне, жолымыз мысалы бір кетіп жатса, сол ақшамен жолды түзеп жатады.

Президент ауылдардағы әлеуметтік мәселелер әлі де шешілмей жатқандықтан салық пен төлемнің 25 түрін беруді тапсырды. Соның арқасында Байзақ ауданындағы 40 елді мекен бір жылда 1 млрд теңгеден астам салық түсімін түсірген. Жалпы бүгінде ауылдарға ақша бөлуді аудандық экономикалық және бюджеттік жоспарлау бөлімі Мәслихат  мақұлдауымен іске асырады. Ал олардың өз қаржысы өзінде болу үшін дайындықты қазірден пысықтау керек - дейді, бұл бөлімді басқаратындар.

Дулат Жақыпбеков, Байзақ аудандық экономикалық және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы:

Оларға толық дербестік беру үшін оларға осы процесті өздеріне алдағы уақытта жүктеу керек деп ойлаймын. Қазіргі таңда біраз проблема бар. Мысалы, кадр мәселесінде, олардың деңгейін кішкене арттыру қажет. Есепші, бухгалтер мамандардың тапшылығы бар. Сондықтан осы жағын кішкене стимулдау керек деп ойлаймын.

Ал Ұлттық Құрылтайда Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов ауылдардың қаржылық дербестігін жолға қоюды айта келе, аудандық білім бөлімдерін қаржыландыруды облыстық бюджеттен ауданға қайта беруді ұсынды.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мысалы, шалғай ауылдағы бір мектептің жылу желісі істен шықса мәселені шұғыл шешу қиын. Оған аудан әкімі бюджеттен қаражат бере алмайды. Ол үшін облыстық бюджетті нақтылау керек. Яғни 17 аудандық әкімдіктер сол аудандағы мектептерді жөндеуге, жаңа ғимараттарын салуға, спорт залдар салуға қаражат бөле алмайды.

Айта кетейік, елімізде 2018 жылы төртінші деңгейлі бюджет ретінде ауылдық деңгей қосылды. Бірақ бұл ауылдардың аяқтан тұруына жеткіліксіз. Сондықтан бүлінгенді бүтіндеп, жарамсызды жөндеуге жұмсайтын қаржы қолжетімді болу үшін Президент жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға көңіл бөліп отыр. Ал қазынаның кілті, қазанның қақпағы еместігін ескерсек, алда оны тиімді жұмсап, тыңғылықты игеру қатаң бақылауда болады.


Бөлісу