Басты Жаңалықтар «Ұлттық цифрлық мұра» қоры әзірленбек

«Ұлттық цифрлық мұра» қоры әзірленбек

«Ұлттық цифрлық мұра» қоры жасақталмақ. Онда ұлт руханиятының алтын қазығына айналған ұлы тұлғалардың мұрасы жинақталады. Кешегі Құрылтайда президент Абайдың «қара сөзін» жаһан жұртына танытуды тапсырған. Қандай қарекет жасалып жатыр? Қозы Көрпеш Жасаралұлы айтады.

Абайдың «Қара сөздері» қанша заман өтсе де, құндылығын  жоғалтқан жоқ. Керісінше, керуен көшкен сайын ондағы ойлар өмірдің өзегіне айналып отыр. Күллі қазақтың бағдаршамы болған мәдени мұра енді адамзаттың ортақ игілігіне айналуы қажет. Кешегі құрылтайда мемлекет басшысы осы мәселеге назар аударды.

Жандос Әубәкір, «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры:

Абай мұрасы, Абайдың қара сөздері әлемдік рухани байлық ретінде осы тізімге енетін болса, абайтанушылар да, абаймен танысушылар да көбейе берер еді. Сонымен қатар бұл біздің ел үшін, әлем үшін де үлкен жетістік болар еді.

Рас, ұлтқа ұстын болған ұлы тұлғалардың мол мұрасы мерейтой кезінде ғана дәріптеліп жүр. Болашаққа бағдар болған рухани қазынамызды қадірлеу ең алдымен өзімізге қажет. Шығыстың шамшырағы Әл-Фараби мен тұтас түркінің темірқазығы Қожа Ахмет Ясауи ілімі біздің баға жетпес байлығымыз.

Досай Кенжетай, Философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:

Ясауитану дегеніміз өзіміздің негізімізді, ұлттық құндылықтарымыздың негізін, қала берді практикалық тұрғыдан қарайтын болсақ, дәстүрлі діни танымымыздың негізін табу деген сөз. Сондықтан бұлар белгілі бір науқанмен ғана емес, осы саладағы ғылыми процеске айналуы қажет.

Бүгінде ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізімінде Қожа Ахмет Ясауи мен оның шәкірті Бақырғанидың қолжазбалары, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының аудиовизуалдық құжаттары және Арал теңізі архив қорларының құжаттары, сондай-ақ «Хандар шежіресі» бірегей қолжазбасы бар. Енді олардың қатарына Абайдың қара сөздерін қосу үшін тиісті құжаттар сараптамалық бағалауға жолданбақ. Сондай-ақ осындай мәдени қазыналарымыз цифрландырылмақ.


Бөлісу