Басты Жаңалықтар Су консорциумын құру — күн тәртібінде

Су консорциумын құру — күн тәртібінде

Орталық Азияда су консорциумын құру - күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Қазақстанда сегіз су шаруашылығы бассейні бар. Соның жетеуі көрші елдермен ортақ. Сол себепті Президент құрылтайда айналамен өзара диалогты арттыру аса маңызды екенін айтты. Бүгінде Аралмен қатар Каспий, Балқаш және Ертіс секілді ірі су айдындарының тағдыры дипломатиялық байланыстарға тікелей тәуелді. Тақырыпты Ернұр Медет сабақтайды.

Қара суды саудалап саяси мақсатқа пайдалану үрдісі белең алғалы қашан. Ашығын айту керек, суға келгенде Қазақстан көршілеріне тәуелді. Мемлекеттік су ресурстарының 40 пайызы шеттен келеді. Ертіс, Сыр, Жайық, Іле, Шу, Талас секілді ірі-ірі трансшекаралық өзендердің ең төменгі сағасындағы ел саналамыз. Бастауы басқаларда жатыр. 

Қазақстан Орталық Азия елдерінің су консорциумын құрайық деп 95 жылдан бері тоқтамай айтып келе жатыр, бірақ ортақ мәміле әлі жоқ. Әркім күлшесіне қарай көбірек күл тартуға құштар, бір құлақ су болса да өз жеріне бұруға бейіл. Ал бірлескен ұйым болса, келісімге келу жолы да жеңілдер еді. Осы бір күрделі мәселе оң шешімін табу үшін күш салудамыз, - дейді жауаптылар.

Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:

Яғни қыс мезгілінде біз электр энергия оларға береміз, ал бірақ жаз мезгілінде олар сол көлемде суды береді. Енді ары қарай оны дамыту үшін біз қазір осы көршілес елдермен осы жаңағы су, энергетика концорциумын құру мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл мәселені тек дипломатиялық жолмен ғана шешу керек.

Дипломатия жемісін бере бастағандай. Қытай су бөлу жөніндегі келіссөзді тек Қазақстанмен жүргізіп отыр. Іле өзеніндегі су көлемі көпжылдық нормада сақталып, Балқашқа тұрақты түрде жетіп келеді. Соңғы 2 жылда Балқашқа 30 млрд м³ су жіберіліп, көл деңгейі тұрақталды. Ал Солтүстік Арал 3 жылда 6 км³ көбейген көрінеді. Ендігі жұмыс - саланы цифрландыру. Бұл Ұлттық су балансының картасын қалыптастырып, гидрогеологиялық мониторингті жүргізуге мүмкіндік бермек.

Данияр Шарип, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры:

Қараңыз, егер бізге су келетін болса, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан біз оны нақты компьютерден көре аламыз. Гидрометрлерде нүктелер мен өлшемдер бар, бірақ олар оны қолмен санайды. Сызады, рейкас салады кейін оны қағазға шығарады. Қағаз жүзінде есеп жасайды, содан кейін ғана береді. Біз оны автоцифровизация жасасақ, ертең біз оны компьютерден көре аламыз. Ол жаңағы деректердің тазалығы, ашықтығына көз жеткізуіміз керек. Қолмен енгізілгеннен кейін, кей кезде сәйкес келмейді.

Қысқасы, қара судың құны күн өткен сайын қымбаттап барады. Тіршілік нәрін тиімді пайдалану бүгінгі күннің басты мәселесі. Себебі су азайса, ең алдымен экология зардап шегеді, артынша экономика мен әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төнуі мүмкін.

Бөлісу