Оңтүстіктегі шаруалар көкөніс еге бастады
Еліміздің солтүстігі мен шығысында қыс қаһарына мініп тұрса, оңтүстікте ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу жұмыстары басталды. Түркістан облысының Мақтаарал ауданында диқандар қызылша, қырыққабат дақылдарын заманауи тамшылатып суару технологиясы арқылы егіп жатыр. Мамандар бұл әдіс су ресурстарын үнемдеуге, тыңайтқыштарды өсімдік түбіне дәл жеткізуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретінін айтады.
Мақтаарал ауылының тұрғыны Шағыр Күшербаевтың 27 гектар егістік жері бар. Ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі мол шаруа оған жыл сайын бақша, көкөніс және мал азығы дақылдарын егеді. Жер емген диқан бүгінге дейін 8 гектар алқапқа қызылша көшетін, заманауи тамшылатып суару технологиясы арқылы, пленканың астына егіп үлгерген.
Шағыр Күшербаев, тілші:
Бұл қызылшаны 4 жылдан бастап егіп жатырмыз. Бірінші жылдан бастап, тамшылатып суару жүйесі арқылы суарамыз. Дәрілерінде тамшылатып береміз. Үлкен ыдысқа араластырамыз фосфор, калий, азот деген тыңайтқыштарды. Ол да оңай. Адамға істетпейміз, техникада кірмейді. Сумен келеді. Сәуірдің 15-нен бастап піскендерін үзіп-үзіп, қымбат кезде. Ал кейін бағасы түсіп кеткен кезде жерді айдап екінші өнім егеміз.
Диқан енді 10 гектарға қырыққабат көшетін екпек. Оны да тамшылатып суаратынын айтады. Биыл аудан шаруалары 60 мың гектар егістік алқапты игермек. Оның ішінде 1500 гектарына ерте пісетін көкөніс дақылдарын су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы егу жоспарланып отыр. Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 919 мың гектар жерге егіледі.
Әлібек Плалов, Түркістан облыстық а/ш басқармасы басшысының орынбасары:
Биыл мақта егісінің алқабы 162 мың гектар болады. Сондай-ақ біз мынау жүгері дақылдарын 55 мың гектарға, одан бөлек, майлы дақылдар 85 мың гектарға егіледі. Жалпы биылғы жылы 42 мың гектарға көкөніс дақылдарын егу жоспарланса, қазіргі таңда оңтүстік аудандарда ерте пісетін көкөніс егу жұмыстары басталып кетті. Биылғы жылы 8 мың гектар алқапқа қырыққабат дақылы егілетін болады.
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту және өңір тұрғындарын сапалы отандық өніммен қамту мақсатында биыл облыстағы агроқұрылымдарға 35 млрд теңге жеңілдетілген несие берілмек. Бүгінге дейін жүздеген шаруа 5 млрд теңгедан астам қаражатты алып үлгерген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы