Басты Жаңалықтар Конституциялық реформаның негізгі бағыт-бағдары айқындалды

Конституциялық реформаның негізгі бағыт-бағдары айқындалды

Конституциялық реформаның негізгі бағыт-бағдары айқындалып, жоба әзірленді. Осылай деген Президент бастаманың талқыланып жатқанына жарты жыл болғанын айтты. Сондықтан Ұлттық құрылтай отырысында Парламенттік реформа бойынша нақты пікір айтатынын жеткізді. Сонымен Ата заңның қанша бабына өзгеріс енуі мүмкін? Сенатты таратып, бір палаталы Парламент құрудың тиімділігі неде? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатады.

Президент бүгін Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының отырысында осылай деді. Жиында Парламентті трансформациялауға қатысты негізгі тәсілдер талқыланды. Бұған дейін Мемлекет басшысы заң шығару органына білікті әрі тәжірибелі мамандар, яғни өз ісінің майталмандары келуге тиіс деген. Нақтырақ айтқанда, біз нағыз кәсіби Парламентті жасақтауымыз керек екенін еске салған. Бүгінгі отырыста да заң шығарушы билік тармағын жүйелі түрде қайта форматтау қажет екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Нақтылай айтқанда, еліміздің сапалық тұрғыдан мүлдем жаңа саяси тұрпаты қалыптасып жатыр. Парламенттік реформаны жүзеге асыру үшін Конституцияның бірден бірнеше бөлімін қайта қарау қажет болады. Сондықтан Ата заңымызға осыған дейін енгізілген өзгерістерді ескерсек, Жұмыс тобы ұсынып отырған түзетулер жобасы Қазақстанның шын мәнінде жаңа Конституциясы туралы айтуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Президентке Жұмыс тобының атқарған қызметі туралы баяндап, Парламентті трансформациялауға қатысты ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің көлемі ауқымды екенін жеткізді.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Былтырдан бері жұмыс тобы бірнеше рет жиналды. Әр отырыстың қорытындысы бойынша Парламенттік реформаға қатысты нақты ұстанымдар әзірленді. Олардың барлығы жүйелі түрде жинақталып, жан-жақты сараланды. Жұмыс тобы тарапынан Парламенттің құрамына, құрылымына, өкілеттілігіне қатысты ұсынылып отырған өзгерістер өте ауқымды. Бұл өзгерістер еліміздің саяст жүйесін заман талабына сай өзгертуге жол ашады деп ойлаймыз.

Иә, Конституцияның шамамен 40 бабы қайта қаралады. Сондай-ақ 10 конституциялық заңға және 50 кодекске түзетулер енгізіледі. Реформаны талқылауға жарты жылға жуық уақыт кетті. Осы кезеңде бір палаталы Парламенттің депутаттар саны, өкілеттік мерзімдері, сайлау тәртібі, заң шығару тетіктері толық қаралды.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жұмыс барысында ашық әрі қызу талқылаулар көп болды. Әрбір ұсыныс жұмыс тобының хатшылығына алдын ала берілгеніне қарамастан, кейде 2,5 сағатқа дейін қызу талқыладық. Пікір де, позиция да әртүрлі болды. Жасыратыны жоқ, кейбір тұстарда заңгерлер мен саяси партиялар арасында теориялық көзқарастар мен практикалық ұстанымдар бойынша келіспеушіліктер де бар. Алайда бұл пікірталастар жұмысқа кедергі келтірген жоқ. Керісінше, ұсыныстардың салмағын арттырды. Әрбір шешімді тереңірек ой елегінен өткізуге мүмкіндік берді.

Азаматтардың да талап-тілектері ескерілген. Мәселен, e-Otinish мемлекеттік платформасы мен eGov сервисінің «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылғаннан бері 500-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Сарапшылар бір палаталы Парламентке көшу – ең алдымен бюрократияны азайтатынын айтады. Яғни заң шығару үдерісі жедел жүргізіледі. Қазіргідей Мәжіліс мақұлдап, Сенат сүзгіден өткізіп отыратын көпсатылы жүйе жойылады. Бұл – әлемде кең тараған басқару үлгісі. Мәселен, дүние жүзінде 188 ұлттық парламенттің шамамен 107-сі - бір палаталы. ТМД елдері ішінде де бір палаталы парламенттер бар. Грузия Парламенті мен Қырғыз Республикасының Жогорку Кеңеші бір ғана палата арқылы заң шығару қызметін атқарады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Әзірге белгілісі – Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутат бірдей тәртіппен, яғни партиялық тізіммен сайланады. Мемлекет басшысы бұл мәселеге қатысты нақты пікірін ертең Қызылордада өтетін Ұлттық құрылтай отырысында айтатынын жеткізді.


Бөлісу