21 жастағы Нұрайдың өлімі: Жақындары ең ауыр жаза тағайындауды сұрап отыр
Шымкентте 21 жастағы Нұрайдың кісі қолынан қаза табуы қоғамның сталкингті әлі де қылмыс ретінде қарамайтынын көрсетеді. Ұсталған күдікті оның танысы болғаны, осы уақытқа дейін қыр соңынан қалмай жүргені айтылды.
Тіпті бір рет алып та қашқан. Кейін Нұрайдың ата-анасы мен туыстары қызды қайтарып алған.
Ал Нұрай көз жұмған сәттегі бейнежазбада көшеде келе жатқан оның артынан жігіттің қуып жетіп, қолынан ұстап алғаны көрінеді. Нұрай оны елемей, ары жүруге тырысады. Бірақ ер адам жолын бөгейді.
Әлгі Нұрайды ұрып-соғып, бірнеше рет пышақ сұққан. Оқиғадан соң күдікті қашып кеткен. Дегенмен оны полиция Шымкенттен 10 шақырымдай жерден ұстады. Үстінен адам өлтіру бабымен іс қозғалды.
Айта кету керек тағы бір мәселе – құқық қорғау органдарына да сұрақ көп. Өйткені марқұм қыз осыған дейін полицияға арыз жазған. Оны Нұрайдың жақындары айтты. Бірақ полиция шара қолданбады, – деп отыр.
Ақыры қаныпезер болып шыққан оның жоламауы үшін ешнәрсе жасалмаған. Бұған жай тұрмыстық мәселе немесе жеке қарым-қатынас деп қараған ба?
Ел 21 жастағы Нұрайдың өліміне қайғырып жатқанда, Шымкентте 17 жастағы өрімдей қызды алып қашқаны туралы ақпарат шықты. Оны бұрын-соңды көрмеген бірнеше ер адам көлікке күштеп мінгізіп, Сарыағаш ауданындағы бір ауылға апарған.
Видеожазбадан қызды көліктен қинап шығарып жатқанын көруге болады. Ол айқайлап, қарсылық көрсетеді. Бірақ ақ жаулықты егде жастағы әйелдер кәмелетке толмаған қызды үйге сүйреп кіргізеді. Басына орамал тағып, «жақсы жерге келдің» деген әңгіме айтып отыр...
Кейін видеоүндеу жасаған қыз: «Олар өз еркіммен келгенімді растайтын құжатқа қол қоюымды сұрады. Қол қоймасам, телефонымды алып қоямыз деп қорқытты... Зорлағаннан кейін өте жаман жағдайда болдым. Ешқайсысы қарамады да.
Айта кетейік, былтырдан бастап қыз алып қашу қылмыс саналады. Бұл бап ресми түрде «Некеге тұруға мәжбүрлеу» деп аталады. Заңға сәйкес, некеге мәжбүрлегені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді. Ал егер қылмыстың ауыр зардаптары болса – 10 жыл.
Иә, қанша айтылса да елде қыз алып қашу тыйылмай тұр. Прокуратура дерегінше, соңғы 5 жылда осындай 257 қылмыстық іс тіркелген. Ал біз басында айтқан сталкинг бойынша айыппұл салу немесе 50 тәулікке дейінгі қамау жазасы қарастырылған.
Құқық қорғаушылар сталкинг бойынша жазаны әлі де қатаңдатуды сұрап жүр. Мысалы, АҚШ пен Ұлыбританияда сталкинг үшін адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, Германия мен Канадада да бұл ауыр қылмыс қатарына қосылған. Қазақстанда сталкингпен күресу өте қиын.
Айтпақшы, әкесін ұрып-соғып қорлаған А. Садақбаев деген Түркістан облысының тұрғыны 5 жылға сотталды. Ақсақал қайтыс болған-ды. Әлгі сотта елден жылап-еңіреп кешірім сұрапты...
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы