Басты Жаңалықтар «Көкшетау – Петропавл» тасжолы кеңейтіледі

«Көкшетау – Петропавл» тасжолы кеңейтіледі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда солтүстік өңірдегі маңызды бағыттардың бірі – «Көкшетау – Петропавл» тасжолын кеңейтуді тапсырды. Стратегиялық маңызы бар күре жолдың бүгінгі жағдайы мен болашағы туралы әріптесім Бибінұр Әмірханқызы тарқатады.

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

Көкшетау мен Петропавлды жалғайтын бұл күре жол 2012 жылы салынған. Ұзындығы 200 шақырым. «Астана – Петропавл – Ресей шекарасы» үлкен автодәлізінің ажырамас бөлігі. Күніне бұл бағытпен 8 мыңға жуық жеңіл және ауыр жүк көлігі өтеді. Алайда қазіргі жолдың өткізу қабілеті жыл сайын артып жатқан көлік қозғалысына төтеп бере алмай отыр.

Республикалық маңызы бар жолда көлік ағыны шынымен өте жоғары. Осыдан 14 жыл бұрын салынған тар жолда көлік апаты да жиі тіркеледі. Сондықтан жолды кеңейту – жол-көлік оқиғаларын барынша азайтады, дейді көлік жүргізушілер.

«Көкшетау – Петропавл» бағытындағы жолды кеңейту ел ішіндегі және көршілес мемлекеттер арасындағы сауда мен логистиканы жақсартады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл әсіресе солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте Көкшетау – Петропавл тасжолын кеңейту ісіне кірісу керек.

Бүгінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының екінші деңгейлі қос жолақты жолды кеңейту бойынша өз жоспарлары дайын. Биыл жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге кіріспек.

Хамзат Сұлтанов, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалының директоры:

Кеңейту барысында 1-санатты жолға ауыстырамыз, 4 жолақты болады. Ең бірінші мақсат-  бүкіл транзиттік көліктер осы тасжолмен өтіп, әрі қарай батыс пен шығысты қосатын тасжолдың бірі болады.

«Көкшетау – Петропавл» бағытындағы жолды кеңейту – транзиттік әлеуетті күшейтіп, халықаралық жүк тасымалынан түсетін кірісті еселеп арттырады. Сөйтіп бұл жоба – солтүстік өңірдің экономикалық тынысын ашатын маңызды қадам болмақ. «ҚазАвтоЖол» құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастаймыз деп жоспарлап отыр.

Бөлісу